Оңтүстік Аустралия университетінің зерттеушілері жылқылармен жүргізілетін терапия психоэмоционалдық қиындықтары бар балаларға айтарлықтай көмектесе алатынын анықтады. Жылқылармен байланыс сенімге жол ашады, тыныштандырады және психологиялық зақым алған бүлдіршіндер үшін сауығып кетуге ықпал етеді. Зерттеу Journal of Social Work Practice (JSWP) журналында жарияланған.
Эквинотерапия (ағылш. equine-assisted intervention, EAI) деп аталатын әдіс білікті мамандар мен тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен жүргізіледі. Жаңа зерттеуге 10 әлеуметтік қызметкер мен психолог қатысқан.
Зерттеу авторы Моргин Стейсидің айтуынша, көптеген балалар терапевтің қабылдауында болғанда өзін жайсыз сезінеді. Алайда олар табиғат аясында жылқылармен жүрсе, бәрі өзгереді.
«Олар өздерін қауіпсіз сезіне бастайды, бойын еркін ұстайды және диалогқа дайын болады», – деді Стейси.
Зерттеу көрсеткендей, жылқылар адамның эмоцияларына өте сезімтал келеді. Олар баланың жай-күйін түсініп, соған реакция білдіре алады. Осылайша жылқылар балаға табиғи әрі жайлы орта сыйлап, сенім мен эмоционалдық қауіпсіздікті қалыптастыруға көмектеседі. Мамандардың бірі бұл сәтті «жылқының көзіне түсу» деп сипаттап, оны терапияның ең маңызды сәті деп атады. Сессиялар көбінесе таза ауада, табиғат аясында өтеді. Практикада сенсорлық әдістер қолданылады: жалаңаяқ жүру, жануарлардың іздерін бақылау, жылқының жанында үнсіз тұру. Мұның бәрі зейінді дамытуға, мазасыздықты азайтуға және эмоциялық тұрақтылықты қалыптастыруға көмектеседі.
Бұл әдіс, әсіресе, қамқоршылық жүйесіндегі және психологиялық тұрғыдан қиын кезеңдерді бастан кешкен балалар үшін өте тиімді, деп атап өтті жобаның аға зерттеушісі доктор Фатин Шаббар.
«Басқа тәсілдер нәтиже бермегенде көптеген балалар алғаш рет осындай сессияларда ашыла бастайды», – дейді ол.
Зерттеушілер жануарлармен жүргізілетін терапияны толыққанды емдеу тәжірибесі ретінде мойындауға, оның этикалық стандарттарын әзірлеуге және бұл әдістің мұқтаж балаларға көбірек қолжетімді болуын қамтамасыз етуге шақырады.
Дереккөз: https://www.gazeta.ru/science/news/2025/06/30/26163464.shtml?updated
Фото: depositphotos.com