Жер қойнауын пайдаланушылардың жарналары есебінен қаржыландырылатын жобаларға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу туралы келісімге қол қойылды
Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қаржысын ҒЗТКЖ-ға пайдалану мәселесінің талқыланып келгеніне біраз уақыт болғаны белгілі. Бұл мәселе тұрғысында түрлі көзқарастар мен талқылаулар да болды, ешқандай шешім қабылданбады. Дегенмен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің белсенді жұмысының арқасында 2023 жылдан бастап Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушы компаниялар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға аударатын қаражатты тиімді пайдаланудың нақты механизмі жұмыс істей бастады.
Өйткені, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар жыл сайын жер қойнауын өндіруге жұмсалған шығындардың 1 % мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға міндетті. Өткен жылдың қорытындылары бойынша қор деректері біздің еліміздегі ғылымның дамуына оң әсер етуі керек.
Егер бұрын жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-инновациялық қызметі ғылым саласындағы жалпы саясаттан тыс жүзеге асырылса және көбінесе рационализаторлық ұсыныстарды қолдап келсе, енді жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан аударымдар шеңберінде қаржыландырылатын барлық жобалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өтеді.
Бұған Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ бірлескен күш-жігерінің арқасында қол жеткізілді.
Осы бағыттағы жұмыстың нәтижесінде ҰМҒТСО АҚ мен «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы» жеке филиалы арасында жер қойнауын пайдаланушылардың жарналары есебінен қаржыландырылатын жобаларға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу туралы келісімге қол қойылды.
Бұл шаралар ашықтықты арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, ҒЗТКЖ тиімділігін арттыруға, Қазақстан Республикасында бірыңғай ғылыми-инновациялық және технологиялық саясатты қалыптастыруға мүмкіндік бермек.