Айтулы шара

11.10.2016 ЕҰУ магистранты «Science Slam – Қазақстан, 2016» жобасының жеңімпазы атанды

Өткен аптада ҚР Тұңғыш Президенті қоры екінші мәрте ғылыми-танымдық «Science Slam» шоуын өткізді. Аталмыш шараның мақсаты – отандық ғылымды қолдау және жас ғалымдар мен олардың зерттеулерін қоғам назарына ұсыну.
Science Slam – ғылымды дәріптеуге және жас ғалымдарды қолдауға бағытталған халықаралық жоба. Жоба алғаш рет 2006 жылы Германияда жүзеге асырылған. Онға жуық елдерде танымалдылыққа ие болған бұл жоба Қазақстанға да келіп отыр.
Жобаны өзіндік ғылыми шоу десек те болады: оның барысында жас ғалымдар бейресми жағдайда өздерінің әзірлемелері мен зерттеулерін таныстырады. Слэмерлердің (сөз сөйлеуші) сөз сөйлеуі 10 минуттан аспауы тиіс және барлық аудиторияға түсінікті болуы қажет. Басты ереже: ғалым тек өзінің ғана ғылыми зерттеуін таныстыруы қажет.
Биылғы жылы ақтық мәреге Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан алты қатысушы шықты. «Science Slam – Қазақстан» жобасының 2016 жылғы жеңімпазы ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Сәулет» мамандығының 2 курс магистранты Әсел Пазылбекова танылды. Жас зерттеуші «Концептуалды жобалау үрдісіне арналған трансформацияланатын жұмыс моделі» тақырыбында жобасын таныстырған болатын.
Ғылыми жобасы және табысты өнер көрсете білгені үшін Әсел Пазылбекова «Жобаларды басқару» тренигіне сертификат және қарсыласын жеңгеннің белгісін көрсететін бокс қолғабын ұтып алды. «Science Slam – Қазақстан, 2016» жобасының жеңімпазын лайықты жеңісімен құттықтаймыз. Әселге әрқашан қатарының алды болуға, қазақстандық ғылымның өркендеуі жолында жақсы нәтижелер көрсетуіне тілекшіміз!

Дереккөзі: enu.kz

2175
Қатысушылар
Қатысу