Айтулы шара

27.01.2015 ПМУ-да қазақстандық математик-ғалымның дәрісханасы ашылды

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде математика саласында аты кеңге танымал ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Ғалым Ахметовтың атындағы дәрісхана ашылды, деп хабарлады аталған жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Дәрісхананың салтанатты ашылу рәсіміне математик-ғалымдар, қоғамдастық өкілдері және Ғалым Ахметовтың туысқандары қатысты.

С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серік Өмірбаев ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Ғалым Ахметовтың ғылыми еңбектері докторанттар, магистранттар және студенттер үшін таптырмас білім көзі екенін атап өтті. «Мына дәрісханада ғалымның ізбасарлары әлі де ғылыми жаңалықтар мен тың еңбектерді дүниеге әкеледі деп үміттенемін», - деді Серік Мәуленұлы.

«Ғалым Бейсенұлының еңбек ғұмырнамасы - Павлодар облысының және Қазақстан Республикасының білім беру ісі тарихының бір бөлшегі іспеттес. Оның Павлодар өңіріне белгілі ғалым және математик ретіндегі қалыптасуы Павлодар индустриалдық институтының қалыптасуымен және дамуымен тікелей байланысты. Оның жоғары математика бойынша дәрістік курстарын онмыңдаған студенттер тыңдады. Оның есімі елімізден тыс шетелдерде де танымал. Ол математикалық ғылым мен білім беру ісінің дамуына зор үлес қосты», - деді ҚР ІІМ құрметті қызметкері Боранбай Сқақов.

Ғалым Бейсенұлы С.Торайғыров атындағы ПМУ математика және информатика кафедрасында профессор болып 50 жыл қызмет етті.

Оқу дәрісханасының ашылуы Ғалым Ахметовтың өмірі мен еңбектеріне арналған стендінің таныстырылымымен басталды. Онда ғалымның студенттік өмірі, ғылыми және педагогикалық еңбегі, оның ғылыми мектебі мен өмірінен алынған фотосуреттер қойылған.

Сондай-ақ, ғалым еңбектері мен өміріне бағышталған «Формула жизни» кітабының тұсауы кесілді. Бұл кітапта Ғалым Ахметовтың адамдығы мен ғалымдығын, ұстаздығы мен даралығын паш еткен туыстары, достары, шәкірттері мен әріптестерінің естеліктері берілген. Профессордың қызы философия ғылымдарының кандидаты, С.Торайғыров атындағы ПМУ философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Гауһар Ахметованың айтуынша, физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенттеріне Ғалым Ахметовтың атындағы атаулы шәкіртақы тағайындалды.

Ғ.Б. Ахметовтың 80-нен аса ғылыми еңбектері, 1 монографиясы, қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген жоғары математиканың жалпы және арнайы курстары бойынша 20 оқу құралдары мен әдістемелері бар.

Ғалым Бейсенұлы ғылыми-педагогикалық жұмыстарды белсенді атқарып, ел ғылымының дамуына атсалысқаны үшін «Еңбек ардагері» (1987 ж.), бірнеше ҚР БҒМ грамоталарымен марапатталған, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2007-2010 ж.ж.), С.Торайғыров атындағы ПМУ «Құрметті кафедра меңгерушісі» (2011 ж.) атақтарына ие болған.

Ғалым Ахметов математика бойынша әртүрлі деңгейдегі олимпиадалардың төрағасы, әділқазылар мүшесі болды, мектеп оқушыларының, магистрлік диссертациялық ғылыми жұмыстарына жетекшлік етті, көптеген еңбектерге пікірлер жазды.

Дереккөзі: inform.kz

2602
Қатысушылар
Қатысу