Өзектi

Ғылым мен бизнесті жалғастыратын көпір сүбелі істерге даңғыл жол ашады

04.11.2014

7009

2008 жылы Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік банк арасында технологияны коммерцияландыру жобаларын жүзеге асыруға байланысты қаржылық қарыз туралы келісім жасалған болатын. Кезінде ол Қазақстан ғылымы үшін зор мәнге ие болған оқиға еді. Өйткені, осының арқасында еліміздегі ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық зерттемелердің сұраныс тудыратын сегменттерін қалпына келтіру, күшейту және жаңғырту үшін үлкен мүмкіндіктер туды. Ал былтырдан бастап Білім және ғылым министрлігінің жанынан «Технологияны коммерцияландыру орталығы» ЖШС құрылып, онда қазақстандық ғалымдар мен өнертапқыштарға қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған гранттық бағдарламалар жүзеге асып келеді.

Қазіргі таңда «Технологияны коммерцияландыру орталығы» ЖШС гранттық бағдарламалары озық танылған технологиялар үшін барынша қолжетімді болып отыр. Мәселен, орталықтың бас директоры Дамир Егізбаевтың айтуынша, жылына екі рет өт­кізілетін конкурсқа Қазақстан Республикасындағы кез келген ғалым немесе өнертапқыш қатыса алады. Тіпті, конкурсқа қатысушының ғылыми дәрежесінің болуы, өнертапқыштың жас ерекшелігі де міндетті емес. «Біздің гранттық бағдарламаларымыз дайын ғылыми зерттемелерді алып, оған қаржылық қолдау көрсету арқылы технологияны нарыққа шығару болып табылады. Соның ішінде біздің гранттық бағдарламаның басқалардан негізгі айырмашылығы техноло­гияны нарыққа нақты әрі анық бағдарлауында», дейді серік­тестіктің бас директоры Дамир Егізбаев.

Тоқтала кететін жайт, бағдар­лама бойынша гранттың екі түрі ұсынылып жүр. Бұлар – тұ­жырымдамаға негізделген гранттар, ол бойынша өтінім беруші ғылыми зерттеменің нарықта сұранысқа ие екенін растайтын құжаттамаларды қоса ұсынады. Айталық, «Технологияны коммерцияландыру орталығы» ЖШС бауырдың созылмалы ауруларын емдеуге арналған препарат өндірісімен байланысты жобаны қолдады. Ал жобаны өндіріспен ұштастыру үшін мемлекеттік органдардың техникалық құжат­тамаларды бекіткені қажет. Осы үшін орталық құжаттар топтамасын ресімдеуге 22 млн. теңгеге дейін қаражат бөледі.

Гранттың екінші түрі «Өнер­кәсіптік үлгі құру» деп аталады. Мәселен, мұнай резервуарларын парафиннен тазарту жөніндегі жаңа зерттемелер және оның зертханалық макеті бар дедік. Ал оны қолдануға болатындығын мұнай компанияларына дәлелдеу үшін дайын немесе сериялы үлгілерін құру керек, ал сосын онда жұмыстың толық режімі жасалуы тиіс, содан соң барып оны ықтимал сатып алушыларға именбей көрсетуіңізге жол ашық. Кейіннен ондай үрдістен өткен жобаларды алаңдамай еш қорықпастан өндіріске де батыл енгізуге болады. Міне, гранттың екінші бағыты дәл осы төңіректегі мәселелерді қамтамасыз етуге бағытталған.

Осы арада мынаған назар аударған абзал, кейінгі кезде гранттық бағдарламаға қазақ­стандық ізденушілердің қызы­ғушылығы арта түскен. Мысал келтірсек, «Технологияны коммерцияландыру орталығына» бағдарламаның бірінші кезеңінде жалпы сомасы 20 млрд. теңгені құрайтын 526 өтініш түссе, соның ішінде 710 млн. теңгені құрайтын 16 жоба қолдау тапқан. «Әлбетте, бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Сарапшыларымыз келіп түскен өтініш-өтінімдерді қарап шығып, солардың 88-ін қолдауға болатынын айтады. Ал олардың жалпы сомасы 3,8 млрд. теңгені құрайды. Осының өзі сұраныстың жоғары екенін аңғартса керек», дейді Дамир Егізбаев.

Конкурсқа қатысушылардың ұдайы еске ұстайтын басты мәселесі – олар өздерінің жобалары атқаратын негізгі іске айналатынын ерте бастан түсінулері керек. Айталық, конкурстан өтіп, грант иеленіп жатқан жоба авторларына міндетті түрде жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құру қа­жеттігі туындайды. Өйткені, бұл шара негізінен жобаға қаты­су­шының өз жобасы үшін толық жауапкершілікпен жұмысқа кірісуі үшін жасалады, яғни ол барынша тәуелсіз болуы үшін қажет. Ешкім де, тіпті институт директоры да оның ғылыми жобасына араласып, кедергі келтіре алмайтындай болуы шарт.

«Қазақстандағы басты грант­тық бағдарламаларды зерттей келе, біз отандық ғалымдарға өнімнің коммерциялық дамуы тұрғысынан көмек керек екенін түсінгендей болдық. Сондықтан да, біз грант иегерлеріне технологияны коммерцияландыру жөніндегі менеджер қызметін қоса ұсынамыз, ал олар өз кезегінде жобаны толығымен ілгерілетіп, технологияны сатуға да көмек береді. Бұл біздің бағдарламаның және бір басты ерекшелігі. Сонымен қатар, біздің менеджерлеріміз маркетинг пен сауда саласындағы нағыз тәжірибелі, тісқаққан мамандар: АҚШ-тың Техас университетінде IC2 институтында оқып шыққан, Қазақстанда тәжірибеден де өтті», дейді «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС бас директоры Дамир Егізбаев.

Қысқасы, отандық ғалымдар мен өнертапқыштарға және бір құлаққағыс. Егер керемет идеяларыңыз, теңдессіз зерт­темелеріңіз болса қапы қалма­ңыз. Технологияны коммер­ция­ландыруға өтінім беру де қиын шаруа емес www.cest.kz интернет-сайтынан өтінімді толтырып жолдайсыз. Өтінім де қарапайым төрт нысанды қамтиды: жалпы сипаттама, атқарушылар командасы, қаржылық жоспар мен сатып алу жоспары. Ешқандай да растайтын құжаттар, мөрлер мен нотариалды расталған құжаттар талап етілмейді. Ал ондай құжаттар өтінім беруші грантқа қолы жетіп жатса ғана сұралады.

«Технологияны коммерцияландыру орталығы» ЖШС-нің гранттық бағдарламалары ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі төрт бағытына басымдық береді. Үкімет айқындаған бұл бағыттар мыналар: біріншіден, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық таза өнімдер. Екінші – энергетика және машина жасау. Үшінші – ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар. Төртінші бағыт – «Өмір туралы ғылым» деп аталады, онда негізінен биотехнологиялар, медицина мен ауыл шаруашылығы секілді салалар қамтылып отыр. Міне, өзіңіз де байқап отырған боларсыз, ізденіп ілгері басамын десеңіз, жол ашық. Ісіңізге сәттілік тілейміз.

Марат АҚҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Дереккөзі: egemen.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар