Мәулен Балақайұлы Балақаев

Қазақ тілтанушысы, көрнекті ғалым, 
филология ғылымдарының докторы, профессор. 
Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, 
Қазақ КСР-інің еңбек сіңерген ғылыми қайраткері. 

Мәулен Балақайұлы Балақаев 1907 жылғы қазанның 7-сінде Түркістанның маңындағы Шаға ауылында туған.  1995 жылғы қарашаның 15-інде Түркістан қаласында қайтыс болды. 
Ғалымның зерттеген ғылыми еңбектері қазақ тілі ғылымының грамматика, емле, терминология, тіл мәдениеті, стилистика тәрізді өзекті мәселелеріне арналған. М. Балақайұлы орта мектептерге, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға белсене ат салысты. 

Қазақ педагогикалық институтын бітірген (1933). Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер-ғалым. Алматы журналистика институтының кафедра меңгерушісі (1937–41), Шет тілдері институтының директоры (1941–42). Қазақ КСР-і Мин. Кеңесінде кеңесші-референт (1943–1945), Мемлекеттік терминология комиссиясының ғалым-хатшысы (1946–63), ҚазМУ-да кафедра меңгерушісі (1952–75), ұзақ жылдар бойы Қазақстан Ғылым Академиясында (1945–59, 1975–87) бөлім меңгерушісі, ғылым кеңесші (1987–95) болды. 

Балақайұлы 150-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 20-ға жуық кітаптар мен моногр. зерттеулердің авторы. Балақайұлытың «Жай сөйлем синтаксисі» деген доктор диссертациясы тіл білімі тарихындағы жаңалық ретінде жоғары бағаланды; әсіресе, «Қазіргі қазақ тілі» оқулығы – синтаксистің салаларын ғылым тұрғыда жүйелеп, оның құрылымдық қызметін терең зерттеген еңбек. Балақайұлы «Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің негізгі типтері» деген монографиясында синтаксистің дербес саласы ретінде сөз тіркесін алғаш зерттеді. Еңбектерінің бірқатары қазақ әдеби тілінің дамуы мен көркем әдебиет тілін зерттеу мәселелеріне арналған. «Қазақ әдеби тілі және оның нормалары» деген монографиясы үшін Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлық лауреаты (1986) атағы берілді.