Халықаралық конференциялар

Астанада Жоғары бiлiм беру көшбасшыларының III Еуразиялық форумы өтіп жатыр

13.08.2014

9885

Астана қаласында Назарбаев Университетiнiң қабырғасында Еуразиялық аймақтың бiлiм беру саласы бойынша ауқымды оқиғаларының бiрi болып табылатын жыл сайынғы Жоғары бiлiм беру көшбасшыларының III Еуразиялық форумы (EHELF) өтіп жатыр, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
Биыл «Табысты университеттi құру жолдары» атты форумның басты тақырыбын талқылау аясында «Табысты университет болу ненi бiлдiредi?», «Қалай табысты университет болуға болады: жаңа университет құру немесе ескi университеттi түрлендiру?», «Табысты университет студенттердiң көзiмен», «Табысты университет ұстаздардың көзiмен» және «Табысты зерттеу университеттерi» деп аталатын панельдiк сессиялар жұмыс iстейдi. Назарбаев Университетiнiң пiкiрталас алаңдарында Қазақстанның жетекшi ЖОО ректорлары, Кембридж, Торонто, Хартфорд, Фукуа атындағы Бизнес мектептерi мен Дьюк университетiнiң ғалымдары бас қосады.

Сонымен қатар, шараға ҚР вице-премьерi Гүлшара Әбдiқалықова, ҚР Бiлiм және ғылым министрi Аслан Сәрiнжiпов, Назарбаев Университетiнiң президентi Шигео Катсу, Беларусь Республикасының Бiлiм министрi Сергей Маскевич қатысады деп күтiлуде.

EHELF – мәндi баяндамалар ұсыну, жоғары бiлiмнiң өзектi мәселелерi бойынша пiкiрталас жүргізу және бiлiм беру жүйесiнiң жаһандық трендтерiн анықтайтын танымал алаң. Форумның шетелдiк қонақтары панельдiк сессия барысында университтердiң бизнес-табыс тәжiрибелерiмен бөлiседi. Биыл форум қатысушыларының арасында қазақстандық студенттер қатар шетелдiк студенттер де қатысуда. Олардың арасында Еуропалық студенттер одағының басшысы, бүкiл Еуропа студенттерiнiң мүддесiн қорғаушы, iрi парламенттiк пiкiрсайыстардың тұрақты қатысушысы Рок Приможич те бар.

Айта кетейiк, Жоғары бiлiм беру көшбасшыларының III Еуразиялық форумы аясында «Қазақстан Республикасында 2015-2020 жылдарға арналған бiлiм берудi реформалаудың стратегиялық бағыттарын жүзеге асыру» Жол картасының нәтижелерi ұсынылады.

Ербол САРМУРЗИН

Дереккөзі: bnews.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар