Өзектi

Тамыз конференциясы аясында БҒМ Ғылым комитетінің секциялық отырысы өтті

20.08.2020

2965

18.08.2020 ж. Нұр-Сұлтан қ. Тамыз конференциясы аясында өткен БҒМ Ғылым комитетінің секциялық отырысында әлемнің оннан астам елінен бес жүзден астам қазақстандық ғалымдар мен шетелдік сарапшылар қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіп-қатерлер жағдайында ғылымның даму үрдістерін талқылады.

Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева отырысты ашу барысында кәсіби диалогтың маңыздылығын, ғылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру барысында қоғамдастық үшін қабылданатын барлық шешімдердің ашықтығын атап өтті. Ол қазіргі уақытта ғылымның жүйелік мәселелерін шешу, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бойынша Комитет қабылдаған қаржылық, институционалдық, құқықтық сипаттағы шаралар туралы баяндады.

Ғылым комитеті төрағасының орынбасары, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Кеңесов ғылымометриялық зерттеулердің нәтижелері бойынша қазақстандық ғылымның жағдайы мен даму болашағына назар аударды. Оның пікірінше, қазақстандық ғылым белсенді дамып келеді, бұған жетекші халықаралық журналдардағы отандық жарияланымдар санының тез өсуі дәлел. Осыған қарамастан, әсіресе ғылымның жекелеген салаларында салыстырмалы әлемдік орташа көрсеткіштерден артта қалу әлі де үлкен. Қазақстандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру саясатын және ғылыми жарияланымдарға қойылатын талаптарды жалғастыру қажет. Сонымен қатар, басқару шешімдерін қабылдау барысында ғылымометриялық зерттеулердің нәтижелерін қолдану өте маңызды.

Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры Әлия Қожабекованың баяндамасы шет елдердегі ғылыми қоғамдардың құрылуы мен даму тарихына, олардың қазіргі ғылымның дамуындағы рөліне, сондай-ақ Қазақстандағы ғылыми қоғамдардың ағымдағы жай-күйіне қысқаша шолу жасауға арналды. Мемлекет ғылым реформасы аясында ғылыми қоғамдардың дамуын ынталандырудың маңыздылығы атап өтілді.

Ұлттық биотехнология орталығының Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, ҚР БҒМ жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің экс-төрағасы Мақсат Жабағиннің баяндамасында оның Кеңес жұмысының бірінші жылында әзірленген негізгі ұсыныстар ұсынылды. Осы уақыт ішінде ЖҒК қазақстандық ғылымның ең өзекті мәселелері бойынша ұсыныстарды талқылау және әзірлеу үшін өнімді алаңға айналды. Ұсыныстардың бір бөлігі Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тауып, қабылданған нормативтік актілер мен шешімдерде жүзеге асырылды.

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Ғылыми кадрларды аттестаттау басқармасының бастығы Қарлығаш Сәкенова отандық ғылыми басылымдарға қойылған жаңа талаптарды ұсынды. Оған сәйкес, әрбір журналда мақалаларды беру мен рецензиялаудың электрондық жүйесі болуы тиіс. Редакциялық алқаға, рецензенттерге, рецензиялау барысына, сондай-ақ мақалалардың мазмұны мен сапасына қойылатын талаптар күшейтілді. Отандық ғылыми журналдарды дамыту ғылыми зерттеулердің сапасы мен қажеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Clarivate Analytics компаниясының өкілі Валентин Богоровтың ұсынысында негізгі сандық және сапалық көрсеткіштерді ескере отырып, Web of Science деректері бойынша Қазақстанның жарияланым белсенділігінің серпіні ұсынылды. Ғылыми зерттеулердің өнімділігі мен тиімділігін арттырудың негізгі бағыттары және осы жұмыста Clarivate құралдарының рөлі қарастырылды.

Орталық Азия/ТМД бойынша ғылыми қызметтер орталығының негізін қалаушы Әлия Оспанова өз баяндамасында коронавирус пандемиясы қоғамдағы ғылымның мәртебесін көтеруге кең мүмкіндіктер ашқанын атап өтті. Сонымен қатар, мұндай күрделі мәселелерді шешу үшін ғылымның жоғары деңгейін сақтау маңызды. Қазақстандық ғалымдарға беделді журналдардағы жарияланымдарға және халықаралық ғылыми қоғамдастыққа кірігуге көп көңіл бөлу маңызды.

«Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Арын Орсариев ғылым мен бизнес ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығы және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру бойынша Қордың қызметі туралы мәлімдеді. Қордың екінші бағыты – стартап-жобаларды бизнес акселерациялау және жеке инвестицияларды тарту, ол үшін жеке бағдарлама әзірленді.

Әлия Сембаева өзі басшысы болып табылатын, Ұлыбританиядағы қазақстандық PhD қауымдастығының мақсаты туралы баяндады. Ол ғылымның бизнеспен табысты ынтымақтастығының нақты мысалдарын көрсетіп, Қазақстандағы ғылым, бизнес және мемлекеттің өзара іс-қимылы бойынша бірқатар британдық тәжірибені бейімдеуді ұсынды. Ол ғылымның индустрия және бизнеспен ынтымақтастығындағы ғылымға деген сенім атмосферасының жоғары рөлін атап өтті.

Орталық Азия университетінің (Бішкек, Қырғызстан) Жоғары даму мектебінің Мемлекеттік басқару және саясат институтының ғылыми қызметкері Мәдина Жүнісова Орталық Азияның шалғай аймақтарында адами капиталды дамыту бойынша өз зерттеулерін ұсынды.

Барлық спикерлер секция қатысушыларының көптеген сұрақтарына жауап берді.

Төрт сағаттан астам уақытқа созылған отырысты қорытындылай келе, Ғылым комитетінің төрғасы Жанна Құрманғалиева бұл алаңның тұрақты болатынын мәлімдеді. Әр айдың 12-і күні Ғылым комитеті ғылымды жаңғыртудың қандай да бір аспектісіне арналған секциялық отырыс өткізеді. Мәселен, 12 қыркүйекте өтетін таяу отырыс Ғылым туралы заңнамаға, оны іске асыру тәжірибесімен негізделген өзгерістер мен толықтыруларды талқылауға арналады. Ол ғылыми зерттеулердің сапасы мен нәтижелілігін арттыру, ұлттық ғылыми кеңестермен қаржыландыруға жобалар мен бағдарламаларды сараптау және іріктеу рәсімдерінің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті, ғылыми ұйымдарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар, ғалымдардың өз идеяларын іске асыруы үшін бюрократиялық кедергілерді жоюға бағытталған нормативтік актілердің жобалары және қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жұмыстың көптеген басқа бағыттары туралы айтты. ҒК төрағасы ғылымды басқару саласында терең талдамалық зерттеулер жүргізу және ғылымометриялық деректерді кеңінен пайдалану қажеттігіне, жаңа құндылық ортасын қалыптастыру мәселелеріне баса назар аударды.

Ғылым комитеті өткізетін конкурстардың мәнмәтінінде Жанна Құрманғалиева «өтінімдер жалпы және барлық компоненттерде бекітілген конкурстық құжаттамаға қатаң сәйкес келуі тиіс» деп атап өтті. Ол сондай-ақ 29 маусымда жарияланған 2021-2023 жылдарға арналған жас ғалымдардың жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсына өтінімдерді қабылдау 27 тамызға дейін ұзартылатынын хабарлады.

Конференцияға қатысушылар мен қонақтар өткен іс-шараның жоғары мазмұндылығын атап өтіп, ғылым саласындағы маңызды мәселелер бойынша үздіксіз диалог бастамасын қолдады.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің баспасөз қызметі

https://www.gov.kz/memleket/entities/sc/press/news/details/provedeno-sekcionnoe-zasedanie-komiteta-nauki-mon-v-ramkah-avgustovskoy-konferencii?lang=kk&fbclid=IwAR1VblBNJucZZW17L7xEhVubsV9Qt4UUjFdlM9kG3sp5GDPPEzIjvIzEB_g

«« | »»
Соңғы жаңалықтар