Қаныш Имантайұлы Сәтбаев

Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик.

Туған жері

Қаныш Имантайұлы 1899 жылдың 12 сәуірінде қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы) Имантай бидің отбасында дүниеге келді. Азан шақырып қойған аты – Ғабдул-Ғани. Анасы Әлима «Ғаниым, Ғанышым» деп атаған екен. Кейін облыстық мектепке барғанда журналға есімі Қаныш болып жазылып кеткен.
Сауатын ауыл молдасынан ашқан ғалым Павлодардағы орыс-қазақ училищесін, Семей мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1918 жылы Алаш қалашағында ашылған, ауылдық қазақ мектептері үшін мұғалім болудан бастайды. Мектепте оқу ісінің меңгерушісі, өзімен сыныптас болған Жүсіпбек Аймауытовпен бірге қызметтес болған. Кейін Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін бітірген.

Ғылым жолы

Сәтбаевтың геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол. Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған. Ғұлама ғалым Ұлытау өңіріндегі басты-басты тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштерді зерттеді. Жезқазған – Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған.Онда Ұлытау өңірі ежелгі металлургия орталығы болуымен қатар қазақ этносының саяси орталығы екендігі де толық дәлелденген. Қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындаған. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген.


Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін бітіріп келгеннен кейінгі Қаныш Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеалогиясын зерттеуге арналған. Оның геологиядан басқа ғылымдардан да; мәдениет саласында да; тарихтан да қалдырған ізі сайрап жатыр.Екінші дүниежүзілік соғысаяқталуға тақанғанда, жағдайдың аса қиын ауырлығына қарамастан, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласуы ұлыларға тән көрегендіктің белгісі еді. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масштабтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ ол минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеп, олардың кендерінің стратиграфиясы, тектоникасы, құрылысы,металлогениясы,неохимиясыжәне шығу тегі туралы маңызды ғылыми қорытындылар жасады, ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізді.

Көптеген тәжірибелі мамандар қатыстырыла отырып, Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен бірнеше жылдар бойы жүргізілген тынымсыз еңбектің нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалды. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың біраз жаңа кендері ашылды. Біраз кендерге бүтіндей жаңа өндірістік баға берілді.Ол Қарағандыда металлургиялық завод салуда, Қостанай, Алтай темір және марганец,Қаратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді, Қазақстан ғалымдарының зор армиясының ақылшысы, тәрбиешісі болды. Ол геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі толып жатқан комиссиялардың, комитеттердің мүшесі, басшыларының бірі; бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты; СОКП съездерінің делегаты, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің президиумының мүшесі. Ол төрт ретЛенин орденімен, Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардыңиегері болған. Оның есімі институттар мен кен-металлургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген. Сондай-ақ, Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады. Оған арналған бірнеше мұражайлар бар.

Атқарған қызметі

  • 1920-1941 жылдары – Баянауылда халық судьясы, «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақтай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарған.
  • 1941-1952 жылдары – КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан ғылым академиясының президенті болған.
  • 1952 жылы – әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен төмендетіліп, Қазақ КСР Геология институтының директоры болып тағайындалған.
  • 1955 жылы – Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарған.

1947 жылы – Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап беріпті.