Әлемдегі ғылым

Қазақстандық мұнайды тасымалдау технологияларын жетілдіру бойынша әзірлемелер

13.09.2023

908



М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, химия ғылымдарының докторы, профессор К.С. Надировтың жетекшілігімен тұтқырлығы жоғары парафинді мұнайдың төгілу температурасын төмендету үшін депрессорлық мақсатта тиімді химиялық реагенттерді алу технологияларын әзірлеуде.  

Құбыр арқылы тасымалдау көмірсутектерді межелі жерге жеткізудің ең тиімді әдісі болып қала береді. Қазақстанда мұнайды тасымалдауды оның құрамына елдегі барлық құбыр кәсіпорындары кіретін «ҚазТрансОйл» Ұлттық компаниясы» АҚ жүзеге асырады. Сонымен қатар, Қазақстан кен орындарындағы мұнайдың басым бөлігі тұтқырлығы жоғары және парафинді болып табылады. Сондықтан оларды құбырлар арқылы тасымалдау бірқатар қиындықтар туғызуда. 

Мұнайды құбырмен тасымалдау кезінде парафиндердің кристалдануынан және мұнайдың тұтқырлығының жоғарылауы күрделі мәселелерді туғызады. Мысалы, құбырдағы қысым жоғарылайды, сорғы жабдықтарына жұмсалатын энергия шығыны мен олардың тозуы тағы бар. Сонымен қатар, құбырдың өткізу қабілеті төмендейді. Суық климаттық аймақтарда құбырлардың ішкі қабырғаларында тікелей парафиндік шөгінділердің болуынан мұнайды тасымалдау одан да күрделене түседі, яғни мұнай құбырының көлденең қимасы тарылып, соның салдарынан өнімділік төмендейді. Қазіргі уақытта Оңтүстік Торғай ойпаты кен орындарында өндірілетін мұнайдың басым бөлігі 12 - 18% парафинді құрайды. Құрамында парафинді қосылыстардың көп болуына байланысты бұл майлар салыстырмалы түрде тез қатып қалады, ол құбырлар арқылы тасымалдауды қиындатады. Осы мәселені шешу мақсатында қазір мұнай құбыры трассасының бойында белгілі бір қашықтыққа мұнай жылыту пункттері орнатылуда. Экологиялық және экономикалық себептерге байланысты мұнай өңдеу кезінде жылыту әдістерін қолданудың тиімсіз екенін айта кету керек. 
М. Әуезов атындағы ОҚУ ғылыми тобы жүзеге асырған жоба парафиндік мұнайды тасымалдауға арналған депрессорлық мақсатта жаңа композициялық реагенттер алу технологиясын жасауға бағытталған. Жобаның негізгі идеясы – мақта майын, полиолефиндерді және алифатты спирттерді өңдеудің жанама өнімдері негізінде парафинді майдың қату температурасын төмендету үшін тиімді және қолжетімді химиялық реагенттерді алу. 

Қазақстанның Қашаған сияқты ірі мұнай кен орындары толық жобалық қуатқа жеткенде реагенттерге деген қажеттілік айтарлықтай арта түспек.  Жоспар бойынша күніне шамамен бір жарым миллион баррель мұнай өндіріледі деп күтіледі.  
Жобаның нәтижелері парафиндік мұнайды жинау және тасымалдау бойынша кәсіпорындардың мұнай құбырларына қолданылатын болады. Болашақта бұл мұнай-газ өнеркәсібін және мұнай-химия өндірісін дамытуға, жаңа отандық депрессорлық реагенттерінің шағын өндірісін іске қосуға және Шымкент қаласы, Түркістан облысы сияқты халық тығыз орналасқан өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді, деп отыр ғалымдар. 

«« | »»
Соңғы жаңалықтар