Қазақстан ғылымы

Алматыда ғалымдар жаңа құйрықты жұлдызды зерттеп жатыр

04.12.2025

10

Отандық астро-физиктер әлем ғалымдарымен бірге аспандағы бейтаныс құйрықты жұлдызды бақылап отыр. Үш Ай АТЛАС (3I/ATLAS) кометасы бірнеше ай бұрын анықталған. Күн жүйесіне жақын ұшқан жұлдыздың шығу тегі, бағыты анықталып, құрылымы зерттеліп жатыр.  

Бейнежазбада 3I/ATLAS атты құйрықты жұлдыздың қозғалысы таспаланған. 200-ден аса кадрдан құралған бейнежазба таң ата түсірілген. Бұл комета Чилиге орнатылған ATLAS жүйесімен анықталыпты. Құйрықты жұлдыз әлем ғалымдарының жіті бақылауында. Себебі 3I/ATLAS басқаларға қарағанда өзгеше. Нақтырақ айтсақ, өте жарық, жылдам қозғалады және түсі де бірнеше рет өзгерген.  

Надежда Вайдман, Фесенков атындағы астрофизика институтының кіші ғылыми қызметкері: 

– Бұл аспан денесі бізге бөтен жұлдыздық жүйеден келді. Сондықтан ғалымдардың назарын аударып отыр. Оның табиғаты да ерекше және ғалымдарға өзге жұлдыздық жүйелердің ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді. Өйткені ол біздің күн жүйемізде қалыптаспаған.  
Ғалымдарымыздың айтуынша, құйрықты жұлдыздың көмірқышқыл газы нормадан сегіз есе жоғары. Кометаның қазіргі қозғалысы Солтүстік Тянь-Шань тауындағы АЗТ-20 телескопымен бақыланып отыр.  

Максим Кругов, Фесенков атындағы астрофизика институтының аға ғылыми қызметкері: 

– Кометаны бақылау наурызға дейін немесе одан да ұзап кетуі мүмкін. Ең бастысы — жарығының өзгеруіне қараймыз. Себебі оның жарығы күшейіп келеді. Біз осы комета арқылы өзге ғаламшар жүйесінің қалыптасуын зерттей аламыз.  

Құйрықты жұлдыз күн жүйесін көлденең кесіп өтіп барады. Бірнеше айдан кейін біздің ғаламшар жүйесінен шығып кетеді екен. Ғалымдар осы уақытты тиімді пайдаланып, өзге ғарыш денесін зерттеп жатыр.

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/kogam/743089-almatyda-galymdar-zana-kujrykty-zuldyzdy-zertteude
Фото: Bgr.com

«« | »»
Соңғы жаңалықтар