Әлемдегі ғылым

Өсімдіктер мен жануарлардың халықаралық «гендік банкі» құрылады

19.12.2022

1037


Қазіргі таңдағы халықаралық жағдайға байланысты Қазақстан өсімдіктер мен жануарлар гендерінің репозиторийін құруды қолға алмақшы. Оған Сирияның генетикалық коллекциясының және Украинадағы өсімдік гендерінің ұлттық банкінің жойылып кетуі себеп болып отыр. Бұл шешім үстіміздегі жылдың қазан айында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының V Бас Ассамблеясында қабылданған.

Алтын бидай мен ұн экспорты бойынша еліміздің әлемдегі он мемлекеттің қатарында екені белгілі. Оның үстіне Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мүшесі ретінде Қазақстан мұқтаж елдерге астық жеткізіп, гуманитарлық көмек көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанынан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы (IOFS) ашылған болатын. Қазіргі таңда бұл ұйым азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бойынша бірнеше бағдарламамен жұмыс істейді.

Арнайы жобалар мен инвестицияларды қолдау үшін қаржылық ынтымақтастықты дамыту қолға алынған. Бұл бағытта 2021 жылы Халықаралық ислам тамақ өнеркәсібі қауымдастығымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуеті зор.

Құжат Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы құрамындағы 57 елдің нарығына исламдық қаржыландыруды, инвестициялық қорларды, шариғат құрылымдауын, сукук листингін және басқа да исламдық инвестициялық құралдарды тарту арқылы Қазақстан Республикасында агроазық-түлік жобаларын сапалы және тұрақты дамытуды қолдауды көздейді, деп жазады https://apk-news.kz. (https://apk-news.kz/news/item-1202?_utl_t=fb&fbclid=IwAR1-0Sr7w2zC-nRWgsvsGvhR1YwLmwTUsX4z32lKriiZwPYoHOS4cEY3T94).

Бүгінде еліміздегі Ботаника және фитоинтродукция институтында ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді коллекциялық тұқымдар сақталуда. Осы институтта Тұқым шаруашылығы және өсімдіктерді қорғау зертханасы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 2013 жылы ашылған болатын.
Осы жерде ұзақ мерзімді коллекциялық тұқымдар тоңазытқышта -18⁰С температурада, қысқа мерзімді коллекциялары 0⁰ С-тан +4⁰С-қа дейінгі температурада сақталады.

Былтырғы жылдан бастап коллекция табиғи флора топтамасына және интродукцияланған түрлер коллекциясына бөлініп қарастырылады. Интродукцияланған түрлерге ботаникалық бақ аумағында және жалпы Қазақстан жерінде өсетін ағаштар және өсімдіктер жатады. Тұқым қорында 4438 үлгі және өсімдіктің 970 түрі бар.



«« | »»
Соңғы жаңалықтар