Әлемдегі ғылым

Басты міндет – ғалымдардың кадрлық және ғылыми әлеуетін нығайту

01.11.2022

1006

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Отандық ғылымды қолдау туралы: гранттық жобалар мен бөлінетін қаражатты арттыру» тақырыбында баспасөз мәслихаты болып өтті.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Зәки және Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Думан Орынбеков журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ғылым комитетінің төрағасы ғылымды дамытуға кадрлық әлеует, қаржыландыру көлемі, ғылымның нақты сектормен байланысы және ғылымды әкімшілендіру сапасының әсер ететінін алға тартты.

– Қазіргі таңда елімізде 22 мыңнан астам кадр бар. Оның 36 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Бір миллион халыққа 172 ғалымнан келеді. Бұл көрсеткіш 1990 жылмен салыстырғанда екі есе азайған. 2021 ЖІӨ-ге шаққанда ғылымды қаржыландыру көлемі 0,17 пайызды құрайды. Әлемдік тәжірибе бойынша ғылымды қаржыландыру ЖІӨ-нің 1 пайызынан асқан кезде ғана нәтижелілігін береді. Дамыған елдерде бұл көлемнің 3/2-сі жеке инвестициялардан қалыптасады. Мемлекет көбінесе іргелі зерттеулерді қаржыландырады. Бізде барлық жауапкершілік республикалық бюджетке тиесілі, – деді Дархан Жұмақанұлы.

Ғылым комитетінің төрағасы негізгі міндеттерге тоқталды. Олар:

1. Ғалымдар санын көбейту.
2. Ғылыми экожүйені нығайту.
3. Ғылымның экономикаға қосатын үлесін арттыру.
4. Ғылымды басқаруды жетілдіру.

Дархан Жұмақанұлы ғылымды қаржыландыру жүйесінің өзгергенін, соңғы үш жылда оның 70 пайызға өскенін айтты. Бұған дейін гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстары үш жылда бір рет өткізілген болса, қазір жыл сайын өткізіледі. Гранттардың жас ғалымдарға, коллаборацияға, қысқа мерзімді және жеке гранттар сияқты жаңа түрлері енгізілді. Нысаналы қаржыландыру нақты ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге бөлінеді. 2017-2018 жылдар ұлттық ғылыми кеңестер үшін үлкен сын болды. Олардың шешімдері жасырын, жабық түрде қабылданатын. Қазіргі таңда жетекші ғалымдар ғылымиметриялық негізінде таңдалып, кеңес құрамдары 80%-ға жаңартылды. Кеңес отырыстары онлайн форматында ашық дауыс беру арқылы жүргізіледі. Қаржыландыру немесе одан бас тартуды ғалымдар өздері қабылдайды. Ұлттық ғылыми кеңестердің негізділігі мен объективтілігін арттыруға аппеляциялық комиссия құрылды.
Министрліктің басты міндеті ғалымдардың кадрлық және ғылыми әлеуетін нығайту болып табылады, дейді Ғылым комитетінің төрағасы.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар