Әлемдегі ғылым

Интеллектуалды әлеует ғасыры

07.12.2021

2361

Сурет media.foxford.ru сайтынан алынды.

Заман талабына сай ғылым мен техника қарқынды дамып, қоғамдық сана өзгерді. Жаңа терминдер, жаңа құндылықтар пайда болды. Ең бастысы, білім мен ғылымның орны айқындалды. Қазіргі таңда мемлекеттің экономикалық дамуын, әлеуметтік жетілуін халқының интеллектуалдық капиталы көрсетеді. Бұны түсіне білген ел интеллектуалды әлеуетін арттыруға кірісті.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Экономика институты осы мәселеге қатысты ғылыми жобасын жүргізуде.
2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурста ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Экономика институты екі жоба бойынша грантты жеңіп алды. Соның бірі – «Қазақстан Республикасы аймақтарының зияткерлік әлеуеті: бағалау және даму перспективалары» ғылыми жобасы.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасындағы аймақтар бойынша зияткерлік деңгейін бағалау және оның даму перспективаларын анықтау.

Қазіргі таңда әлемдік нарықтағы жаңа экономикалық даму, ақпараттық революция, инновациялық, интеллектуалдық экономика сияқты жаңа трендтерге сүйене отырып, еліміздің экономикасын көтеру алға қойылған. Сондықтан бұл өзекті мәселе, дейді жоба жетекшісі PhD докторы Дана Қанғалақова.
Елбасының «Интеллектуалды ұлт – 2020» жобасында ел ертеңі интеллектуалды ұрпақ қолында делінген. Көздегені – білімді дамыту, ғылыми әлеуетті арттыру. Мемлекеттік бағдарламалар, жыл сайынғы Президентіміздің халыққа Жолдауында еліміздегі білім және ғылым саласын дамыту, инновация және өндірісті жетілдіру мәселелері алға қойылған. Ол үшін жеке тұлғаның білімін арттыру, зияткерлігін дамыту қажет деп отыр маман.
Зияткерлік әлеует термині елімізде, тіпті әлемде болмағанымен, оның салдары ретінде интеллектуалды ресурстар, интеллектуалды адами ресурстар сияқты қосалқы дамушы факторлар қолданылады. Адамның зияткерлік әлеуетін дамыта отырып, экономиканы көтеру арқылы оның тұрмыс-жағдайын жақсартуға мүмкіндік бар. Бұл ретте жергілікті халықтың білім деңгейін арттыру үшін мемлекет тарапынан да қолдау қажет болады.

2021 жылы бұл ғылыми жобаның екінші кезеңі аяқталған. Бірінші кезеңде интеллектуалдық теориялық аспектілер, яғни интеллектуалды әлеуеттің қалыптасу принциптері, ережелері, ұйымдастыру шарттары сияқты аспектілер зерттелген. Авторлық анықтама берілген.

Дана Мұратбекқызы Қанғалақова, Экономикалық теория және институционалдық зерттеулер бөлімі жетекшісінің орынбасары, жетекші ғылыми қызметкер, PhD докторы:
– Біздің көзқарасымыз бойынша, интеллектуалды әлеует дегеніміз, адам өзіне тумасынан берілген қабілетін болашақта ғылым, инновация, мәдениет салаларында қолданып, жетістіктерге қол жеткізе алуы. Яғни, интеллектуалды әлеует адам өмірге келген күннен басталуы тиіс. Біз оны төрт түрлі компоненттерге бөліп қарастырамыз. Олар: инновация, білім, ғылым және мәдениет.
Шетелдік зерттеулерде интеллектуалды әлеуетті тек білім мен ғылым ретінде қарастырады. Ресейлік экономист ғалымдар оған қосалқы факторларды қосады. Біз болсақ, осының барлығына мәдениетті қосып отырмыз. Неге десеңіз, интеллектуалды ұлт болу үшін адам өзін жан-жақты дамыту керек. Жоғарыда айтып кеткен компоненттер бойынан табылатын адам өз елінің экономикасын дамытуға үлесін қоса алатын тұлға ретінде саналады.

Ғылыми жобаның бірінші жылында интеллектуалдық әлеуетті дамытуға септесетін төрт компонент бойынша Қазақстан аймақтарына зерттеулер жүргізілген. Аймақтар осы көрсеткіштер бойынша математикалық, көпфакторлы, индекстеу арқылы бағаланып, олардың авторлық методикасы берілген. 2021 жылы жүргізілген бағалау нәтижесі республикалық аймақтардың даму деңгейінің әртүрлілігін көрсеткен.
Бұған қоса интеллектуалды әлеуетті дамытуға атсалысатын институционалдық факторлар да қарастырылған. ҚР «Қазақстан-2050» Стратегиясы, білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» жаңа мемлекеттік бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қарастырылып, оларға контент талдау жүргізілді.
Келесі жылы бірінші және екінші жылдарда анықталған проблемаларды, аймақтардың интеллектуалды әлеуетінің дамуын тежеп тұрған факторларды жоюға арналған бағдарламалар болмаса даму сценарийлері сияқты ұсыныстарды беру жоспарлануда. Экономика институты осы жоба арқылы еліміздің интеллектуалды дамуына өз үлесін қосуға атсалыспақ.

Дайындаған: Толқын Садырова.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар