Әл-Фараби 1150 жыл

ҚазҰУ-де «Қайырымды қоғам» челленджіне старт берілді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері «ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОҒАМ» челленджін іске қосып, үлкен флеш-моб өткізді. ЮНЕСКО қамқоршылығымен 1150 жылдығын бүкіл әлем тойлап жатқан ұлы ойшыл әл-Фараби ескерткішінің алдында әр факультеттен жиыны 5 мыңнан астам студент жиналды.
Бұл теңдесі жоқ жоба ғұлама әл-Фарабидің адамзат үшін ең басты деп санаған құндылықтары: мейірімділік, парасаттылық, адалдық және әділдік туралы еске салу үшін елдегі игі істер эстафетасын іске қосты.
Челленджге кез келген адам қатыса алады. Ол үшін әлеуметтік желілерде қайырымды іс-әрекеттер, қайырымды және ізгі істер туралы пост, фотосуреттер немесе видеоролик жариялау жеткілікті. Челлендждің ұйымдастырушылары эстафетаны жалғастыруды және оны #AlFarabiQQ хэштегімен сүйемелдеуді ұсынады.
«Әл-Фараби «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдында игілікті мақсат қоя білуінде... адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында», – деген болатын. Әрбір адамның жақсылық жасауға, өзін және айналасындағыларды бақытты етуге бар күш-жігері жетеді. Егер біз әрқайсымыз өз-өзімізді жетілдіруге және жақсы іс-әрекеттер жасауға ұмтылсақ, баршамыз бірге Қазақстанды қуатты ұлт пен жауапты адамдардан тұратын - табысты, қайырымды елге айналдырамыз», - дейді флеш-мобқа қатысқан екінші курс студенті Хасан Нұрсат.
Жоба жастар арасында волонтерлік қозғалысты дамытуға, әлеуметтік ынтымақтастықты нығайтуға және тек жаһандық ғана емес, сонымен қатар жергілікті қоғамдастық мәселелерін де шешу бойынша бастамашылық топтарды ұйымдастыруға, нақты адамдарға көмек көрсетуге бағытталған. Челлендж медиакеңістікте оң көзқарас көрсетуге және бір-біріне мейірімділік пен жанашырлық таныта отырып, қиын қыстау жағдайға тап болған адамдардың өміріне бей-жай қарамай, бір-біріне көмектесу арқылы, нақты іс-әрекеттер жасаудың маңызды екенін еске түсіруге мүмкіндік береді.


11280

ӘЛ-ФАРАБИ ІЛІМДЕРІНІҢ ПЕДАГОГИКАДАҒЫ РӨЛІ

Отырардың оғланы Әбу-Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби жайлы кіріспе сөздің өзін том-том кітап етіп жазуға болады. Шығысқа ғана емес, күллі адамзат баласына ортақ ғұламаның қалам тербемеген тақырыбы кем де кем. Бүгінгі жазбаға тұздық болғалы отырған педагогикадағы әл-Фараби ілімінің рөлі талайдан бері зерттеліп жүр. Соның өзінде ойшыл ілімінің мазмұнды мәні, құпиясы толық ашылмады.
Түрлі басқосу мен жиындарда фарабитанушылардың: «Әл-Фараби ілімі әлі талай ұрпаққа азық болады» дегені сөзімізге дәлел. Қазақ баласы үшін ғана емес, адамзатқа ортақ айтылған сөз. Әбсаттар Дербісәлі «Қазақ даласының жұлдыздары» (Алматы, 1995) еңбегінде: «Француз ғалымы Рудольф Эрланже 1930-1935 жылдары әл-Фарабидің аса үлкен, әрі терең мағыналы «Әуездің үлкен кітабы» атты трактатын француз тіліне аударған. Мұның өзі Әл-Фараби мұрасын іздестіру, аудару, бастыру, зерттеуде шетел ғалымдарының да айтарлықтай еңбек сіңіріп отырғанының айғағы болса керек» деп жазады. Бұл жоғарыдағы ойды қуаттап тұр.
Хош, сөз басында әл-Фараби мен педагогика ілімі бір ұғым екенін айтқымыз келеді. Бір жағы оның әлемдегі «екінші ұстаз» деген атағы болса, екіншіден әртүрлі саланы зерттеген еңбекқорлығы педагогика шеңберіне сыйып тұр. Аристотелден бұрын әл-Фараби туғанда, бәлкім, алғашқы ұстаз ретінде танылар ма еді?!
Ғұлама, ойшылдың басқадан ерекшелігі әрі артықшылығы – ғылымнан табиғат ғылымын жоғары бағалаған. Тіпті, педагогикадан да. Ғылымның шығу тегі туралы трактатында «табиғат туралы ғылым бай және педагогикалық ғылымдардан гөрі кең көлемде» дейді. Бұл пәлсапаның мәні тым тереңде жатыр. Оның педагогикамен салыстырыла айтылып отырғанынан біраз жайды аңғаруға болады. Табиғат ғылымы 18 мың ғаламды жаратқан Жаратушымен байланысты болса, педагогика адамзат баласының асыл құндылығы. Екеуара сабақтастық бар. Сондықтан, ойшыл педагогиканың табалдырығын аттап, шыңына шығу үшін әуелі табиғат ғылымының мәнін жете түсінуді ұсынады. Тіптен, осы табиғатта педагогика элементтерінің барын астарлы түрде жеткізеді. «Еңбек ету, сапалы болу, адамгершілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет» деген әл-Фараби әр ғылымның бастауы еңбек, сапа, адамгершілік, ақылдылықта десе, ол табиғаттан тумаса, ой арқылы не тағы басқалай, яғни туғандай болып көрінуді құп көрмейді. Аталған жайт Фараби бабамыздың жан-дүниесін жарып шыққан жазба болып табылады. Өйткені табиғаттың жасандылыққа жаны қас екенін былайғы жұрт жақсы біледі.
Табиғат жайлы сөз қозғағанда, ғұламаның музыка ілімі жайлы жазбаларына тоқталмай кете алмаймыз. Әрі оның педагогикадағы рөлі де ерекше. Сылдырлап аққан бұлақ, ысқырып ескен самал даусының өзін музыка тілімен, ғылымымен әспеттей отырып, екі ілім сабақтастығы негізінде музыкатанудың негізін қалаған. Бұл жайында тұңғыш фарабитанушы Ақшан әл-Машанидің біршама еңбегі бар. Соның біріндегі: «Бұл кісіден бұрын да, дейін де даналар болды. Бірақ олардың ішінде дәл Фарабидей геометрия, музыка, астраномия сияқты үш ғылым саласына бірдей үлес қосқан, аса ірі жаңалық ашқан ғалымдарды табу қиын. Платон, Аристотель, Птолемей сияқты ғұламалар музыканы жөнді меңгере алмағанын өздері жазып кеткен» деген пікір осы тұста алдымыздан шықты. Сонымен қатар, «Китаб әл-мусики әл-кабир» («Музыканың ұлы кітабы») деп аталатын еңбегіне ерекше тоқталған жөн. Ойшыл: «Соғыстар мен шайқастарда пайдаланатын; би, үйлену тойы, сауық-сайран үшін қолданылатын және махаббат жырларын сүйемелдейтін аспаптар болады» деп жазады. Аталған жазба педагогикаға ғана емес, сонымен бірге осы күнгі музыка өнерінің қарыштап дамуына да айрықша рөл атқарды. Сол арқылы музыка ілімі жетіліп, ол педагогикаға әсер етті. Оның негізі Фарабидің музыка өнеріне деген ерекше құрметінде тұрғандай. Ғұламаның математика және физиканы жетік білгені жайлы аңызға бергісіз әңгіме көп. Олардың музыка іліміндегі мүлт кеткен жерлерін дәл тауып түзетуі, дамытуы, ең бастысы бағалауы неге татиды?! «Мен тек музыка ғылымын бағалаушы ғана емеспін, музыка өнерін де бағалаушымын, сондықтан да ертедегі гректерге қарағанда, көбірек еңбектенуіме мүмкіндігім болды» деп жазады ойшыл. Бұл айтылған сөз педагогиканың алғышартына айналуы тиіс. Батыстық мәдениеттің, өнеркәсіптің алға шығып, өркендеуінің арғы жағында ғылымның өнер түріне айналуы тұрған іспетті. Әл-Фарабидің соқырға таяқ ұстатқандай, айтып отырғаны да осыған саяды. Яғни кез-келген дүниеге ілім деп қарамай, өнер түрінде үйрету керек. Бұл қазіргі педагогикаға еніп келе жатқан үдеріс. Оның ілімді өнерге айналдырғанын өзі ән жазғандығынан, аспап ойлап тапқандығынан аңғарамыз. Сөйте тұра музыка теориясы шетте қалмады. «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка жайлы талдау», «Ырғақтардың классификациясы», бұдан басқа «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдардың энциклопедиясы» атты туындыларында музыка ғылымын талдауға арналған жеке тарауларын жазды. Яғни, әл-Фараби екі асылды ұштастыра білді. Әл-Фарабиге музыкатанушылардың ықыласы тегін ауған жоқ. Оны бұл саладағы ең ұлы практик-теоретик деп атайды көбі. Бізге жеткен дала аңыздарының көбінде Фараби шебер орындаушы деп айтылған. Шығыс патшаларының бірі сарайда той-думан өткізіп, оған жиналған бек-патша, бай-манап ғұламаны назардан тыс қалдырса керек. Әбу насыр бір шетке шығып, домбырасын қолына алып, аса мұңды күйді тарттты дейді аңызда. Оның мұңдылыгы сонша жұрттың бәрі ойын-сауықты тастай салып уайымға беріліп, егіліп жылапты. Енді бір сәтте аса бір қуанышты, көңілді күйді ойнай жөнелгенде әлгі жұрт еңселерін бірден көтеріп, балаша билеп, жын қаққандай сақылдап күліп ойнап кеткен екен. Мұнан соң Фараби біртүрлі жаймашуақ, бір сарынды қоңыр ырғақты күйді ойнағанда, отырғандар музыка әуеніне елітіп, ұйықтап қалыпты деген аңыз әлі де ел аузында жүр. Қай тұрғыдан алып қарағанда да әл-Фараби ілімі педагогиканың бастау бұлағы болып отыр.




Педагогика ілім десек, оның бір бағыты – философия. Ойлай білген адам педагогика ғылымымен айналысса, жетістікке жетпек керек. Ойшыл замандастары бұдан әбден хабардар болғаны анық. Осы үшін де шығар әл-Фараби еңбектерінде түрлі сауалға жауап ретінде пайымын жазып қалдырған. Мәселен, оқу, білім алу, ғылым адамы болу, адамгершілік және тәрбие мәселелерімен тығыз байланысты «Философияны үйрену үшін алдын-ала не қажет» деген еңбегі әр кезеңде өзекті. Бірінші алғышарт ретінде жан тазалығын, ар тазалығын алға шығарған Фараби бабамыз тереңнен ойлап, алысты көретінін осы сұрақ арқылы жеткізген. Яғни, ары таза, жаны таза азамат қойған мақсатын бағындырмай тынбайтыны аян. Ал, енді ұстаздарға, педагог мамандарға қарата айтқанда, оның салмағы тым ауырлай түседі. Ұстаздың негізгі мақсаты – өз шәкіртіне білім беріп, ізгілікті мінез-кұлыққа тәрбиелеу, адамдықтың абзал әліппесін бойына сіңіріп, ілім дәріптеу деп білсек, сол тиянақты білім, ізгілік ұстаздың өз бойында болуы шарт. Ол тек қана ар мен жан тазалығы үйлесім тапқан жандарға даритын қасиет деген тұжырымды байқауға болады. Жалпы алғанда әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі тазалықтан бастау алады.
Әл-Фараби «Интеллект (сөзінің) мағынасы жайында» деп атаған еңбегінде адамның ақыл-парасат мүмкіндігіне жан-жақты талдау жасайды. Және оны «потенциалды интеллект», «актуалды интеллект», «жүре келе дарыған интеллект», «әрекетшіл интеллект» сияқты философиялық категорияларға бөліп-бөліп талдайды. Осы ілімдер педагогикаға әсер етуші баспалдаққа ұқсап сипатталған. Соның ішінде ойшыл «жүре келе дарыған интеллект» туралы тереңнен қаузап, адам туғаннан ақылды, білімді болып тумайтынын, интеллектің өзі жүре келе, естіп, көріп барып дамитынын ескертеді. Яғни, бұл жерде педагог маман мен талапкерге бағдаршамның дәлдігіндей аңғаруға, қорытуға болатын ой жатыр. Демек, адам баласына талант пен еңбек тартысындағы безбеннің қалай құлайтыны енді анық болды. Бұны педагогика тіліне салсақ, кез келген оқушы не ізденуші «менде туа қалыптаспаған» деген ойдан аулақ болсын. Бәрі де еңбек пен қажыр-қайраттың арқасында болуы мүмкін. Қазақтың «көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген тәмсілін Фараби бабамыз жоғарыдағыдай жеткізген. Ендігі жерде педагогиканың туын тіккен Ұлы ұстаздың пайымы, жалауды желбіреткен талай мұғалімнің жадына сақталып, уақыт сынына сынбай, жаңғыра түсуі керек.
Күнделікті өмірде бізге синоним болып естілетін педагогикалық терминдерге терең бойлаған әл-Фарабидің келесі пайымы осы мақаланың толық жүгін арқалап, сырын ашатын сыңайлы. «Оқыту дегеніміз – үйрету, дағдыландыру, әрекеттендіру, ал, білім беру – ғылым теорияларын іске асыру, тәрбиелеу – жеке адамның кісілігін қалыптастыру» деп жеткізеді ойшыл. Яғни 3 сөздің негізі ұқсас болғанымен, қызметі әртүрлі. Сондықтан, педагог өзінің түпкі мақсатын алдын-ала аңғарып алған жөн. Осы орайда оқыту әдістеріне тоқталсақ дейміз. Әл-Фараби оқытудың негізгі әдісі – көрнекілік деп көрсетеді. Біз бұл жерде оның жоғарыда айтылған жаттау емес, есте сақтау үшін кәдеге жарайтынын аңғардық. Оқыту мен білім берудің атасы ретінде тәрбиелеу ұғымын биіктеткен ойшыл «тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойында білімге негізделген этикалық игіліктер мен өнерлерді дарыту» депті. Осылайша, сан саланы жиып әкеліп этикалық игілік пен өнерді дарытуға тоқталғаны көкейге түрлі ой салып қояды. Қай жағынан келгенде де Әбу-Насыл әл-Фараби ілімі педагогика үшін ауадай қажет екені белгілі болды.
«Дүниежүзінің оқымыстылары Фараби мұраларын 1000 жыл бойы тынбастан зерттеп келді. Олардың ішінде араб-парсы тілдерінде жазған Ибн әл-Надим (995ж), әл-Байхаки (1169), Ибн әл-Кифти (1248), Хаджи Халифа (1657), латын тілінде жазған Венике (1484ж), Камерариус (1638), француз тілінде жазған Генрих Зутер (1902) және т.б. бар» деген Жақыпбек Алтаев дерегі біздің әуелгі ойды қуаттап отыр. Әл-Фараби мұрасын негізге алып, әлі талай сүбелі еңбектер шығары сөзсіз. Ең бастысы оның бәрі педагогиканың маңайында өрбіп, осы ілім саласының игілігіне жұмсалатыны бізді һәм оқырман қауымын қуантса керек! Қорыта айтқанда, педагогиканы Әбу-Насыр әл-Фарабиден, Отырар оғланын педагогикадан бөліп айту, жазу, жеткізу мүмкін емес!

Айсұлу Данилова
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
№ 74 жалпы білім беретін мектеп

13465

Италия ғалымы әл-Фарабидің еңбектері туралы айтты

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман» атты онлайн конференциясында Италияның Милан қаласындағы Амброзиана академиясының профессоры Эдуардо Канетта шығыстың ғұлама ойшылы әл-Фарабидің еңбектері туралы айтты.
«Құрметті достар, бүгін сіздермен бірге бола алмағаным өкінішті. Сіздер Италиядағы, әсіресе Миландағы жағдайды өте жақсы білесіздер. Менің сіздерге әл-Фараби туралы өте ескі қолжазбаны алып барғым келген еді. Осы пандемия біткен соң, әл-Фарабидің қолжазбасын сіздерге алып баруға уәде беремін», – деді профессор.
Сонымен бірге, профессор орта ғасырдағы мұсылман медицинасы тақырыбын зерттеп жатқанын жеткізді. «Әл-Фарабидің саясат, философия және тағы басқа салаларда ұлы ғалым болғаны бәрімізге белгілі. Бүкіл әлемді коронавирус жайлаған кезде әл-Фарабидің және басқа да ғалымдардың медицина саласы үшін жасаған еңбектерін айтқым келеді. Біз Авиценна деп танитын Ибн Сина әл-Фарабиді өзінің ұстазы деп санаған. Осындай ұлы адамдар халық арасындағы татулық пен достықтың жақсы саясаттан туындайтынын, ал жақсы саясаттың ең алдымен, халықтың денсаулығымен айналысуы керектігін де түсінген. Сіздер білетіндей, медицина – Құранның басты 5 нысанының бірі. Ол байыпты ғылыми түсіндірме жұмыстарын талап етеді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) «Ғылымды Қытайдан да іздеу керек» деп айтқаны тегін емес. Ғылым, әсіресе қазір өте қажет. Сіздердің бір жақсы мақалдарыңызда айтылғандай «Тәрбиесіз ғылымның зияны тиуі де мүмкін. Әл-Фарабидің елді басқаруда басты қағида – ол денсаулық пен физикалық саулыққа қамқорлық деп санауы бекер емес», – деді Э. Канетта.
Ғалымның айтуынша, әл-Фараби грек мифтерінің аудармасынан және несториандық ұстаздарынан көптеген құнды дүниелерді үйренген. «Ұстаздары әл-Фарабиге тек Аристотельді білуге ғана емес, Гален мен Гиппократтың шығармаларымен танысуға мүмкіндік берді. Бұл кез христиан мен мұсылмандар арасындағы диалог пен тығыз қарым-қатынас кезі еді. Сіздер Фарабидің Отырардан, ал Авиценнаның - Өзбекстаннан екенін білесіздер. Бұл ғалымдар жазық дала өсімдіктерінен хабардар болғандықтан, түрлі жаңа шөп дәрі ойлап тапқан. Көп мөлшерде дәрілерді қабылдау кері әсер беретінін де білген. Шешек пен қызылша секілді белгілері ұқсас ауруларды ажырата білген. Орта Азия медицинасы туралы ақпарат беру бүгінде өте маңызды.
Амброзианеде көптеген араб құжаттары мен қолжазбалары, соның ішінде әл-Фарабидің қолжазбасы бар. Әлемдегі жайт орныққан соң, бізге келіп әл-Фарабидің «Китап Аль Музик» қолжазбасын түпнұсқада көрулеріңізге болады», - деді ғалым.

Айта кетейік, биыл әйгілі ойшыл, философ, музыка зерттеушісі, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, ғалым, Орта ғасыр кезіндегі шығыс философия өкілдерінің бірі Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл. Шығыстың ұлы ойшылының мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енген.

Дереккөзі: inform.kz

13119

Әл-Фараби-1150 жыл: Таразда халықаралық онлайн конференция өтті

Жамбыл облыстық білім басқармасының қолдауымен шығыс ғалымы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған «Әлем өркениетіндегі Фараби феномені» тақырыбында халықаралық онлайн конференция өтті.
Адамзаттың екінші ұстазы, энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани, ғылыми мұрасын насихаттау және оның шығармашылық, ғылыми мұрасына халықтың және жұртшылықтың назарын аудару мақсатына негізделген шара Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінде ұйымдастырылды. Онлайн конференцияға облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков және Шымкент, Алматы, Атырау қалаларының және Ресей, Эфиопия, Өзбекстан елдерінің жоғарғы оқу орындарының өкілдері қатысты. Ғылыми-практикалық конференция барысында Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми трактаттарының негізгі принциптері талқыланып, оның шығармаларын кеңінен насихаттау барысы сараланды. Айта кету керек, 2019 жылдың тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына дайындалу және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы қаулыға қол қойған болатын.

Дереккөзі: inform.kz

12960

Әл-Фараби тәрбиенің барлық бағытын қамтыды – ғалым

Оқу-тәрбие мәселесі қашанда өзінің өзектілігін жоймақ емес, алайда әр кезеңнің баланы оқыту мен тәрбиелеуде өзіндік ерекшеліктері бар. Барлық уақытта өзгермейтін нәрсе ол – бала бойына ізгі құнды қасиеттерді сіңіру. Барша қауым aлдындa, өзiнiң iciн, өмipiн жaлғacтыpaтын caлaуaтты, caнaлы ұpпaқ тәpбиeлeу мақсаты тұр. Осы тұрғыдан алғанда, педагогика ғылымдарының докторы Нұрсұлу Әлқожаева әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби бабамыздың еңбектерін терең талдап, ондағы құнды ой-пікірлерді оқулық, оқу құралдары, яғни оқу материалдарының мазмұнына енгізу керек деп есептейді.
Нұрсұлу Әлқожаеваның айтуынша, әл-Фарабидің ғылыми ой-толғаныстарына толы трактаттары («Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолында», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» ) тәлім-тәрбиелік көзқарастары таптырмайтын рухани мұра. «Ол, жанды дамыту керек, ол үшін тән саулығы қажет және жан мен тәннің иесі – жүрек деген пікірдің де авторы.
Ғұлама - ғалымның, қайырымды, ізгі қала тұрғындары бақытқа ғылым, білім бір-біріне көмектесу, қайырымды әрекеттері негізінде жетуді көздеген болса, надан қала тұрғындары алдап-арбау, қулық арқылы жетуді көздейді, деген ойын анық байқауға болады. Жастарды, яғни болашақ ел иелерін тәрбиелеуде ата-ана, ұстаз, қоғам алдында саналы, әділ, шыншыл ұрпақты тәрбиелеу қажеттігі басты мақсат болып табылады. Әл-Фараби, ата-анамен қатар, шәкірт тәрбиесінде ұстаздың рөлі зор екендігін айта отырып, шәкірттерден шыншылдықты, сыпайылықты, әділдікті талап ету үшін, бұл қасиеттердің алдымен ұстаздың өз бойында болуын атап көрсетеді»,– дейді Нұрсұлу Әлқожаева.
Оның айтуынша, қазіргі кезде мұғалім статусы мәселесінде де ғұламаның пікірін басшылыққа алған жөн, яғни мұғалім беделі оның өзінің бойындағы ізгі қасиеттер мен білімділігінде. «Ол адамның белгілі бір мінез-құлыққа ие болуына себепті нәрсе әдептілік деп біледі, оны тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен әсерлерді дарыту деген анықтамасынан көреміз және де бұл пікірден бір ұлтқа қатысты емес, барлық халыққа әдептілікті үйрету керек екенін түсінуге болады»,– деді ол.
Сонымен қатар, ол әл-Фарабидің тәрбие, этика (әдеп) тұрғысындағы тұжырымдамаларында жақсылық, мейірбандық, қайырымылық категориясы басты орын алатынын атап өтті. «Бұл бірлестік әл-Фарабидің ізгілік идеяларының негізін құрайды, ақыл-ой, білімнің биік мәні оның адам ретіндегі қалыптасуы, деп дәріптеген. әл-Фараби көркемдік, сұлулық туралы: өмір шандығының өзіне тән қасиетті, болмыстың, нақты құбылыстардың әлеуметтік өмірдің көкейдегі елесі, деген. Педагогикада тәрбиелеуде бірнеше ұстанымдар бар екені белгілі, көптеген ұстанымдардың негізін қалаған әл-Фараби деп, толық айта аламыз. Жоғарыдағы ұстаздың өзінің бойында ізгі-қасиеттердің болуын талап ету - тәрбиенің үлгі көрсету ұстанымы»,– дейді доцент.
Негізінен алғанда, әлeмдeгi бiлiм бepудiң дaму тeндeнцияcы нeгiзгi төpт жaғдaйды: бipiншiдeн бiлiм бepудiң қaзipгi жaғдaйын capaлaу; екінші, бiлiм бepу дaмудың aлғы шapтынa aйнaлуы; үшінші, oқу-тәpбиe iciнe қoлдaу көpceту; төртінші, иннoвaциялық әдicтi кeңiнeн қoлдaнуды басшылыққа алып дамиды. Бұл мәселенің қай-қайсысы болмасын әл-Фараби еңбектерінен орын алған, айтып отырған жүйелілік ұстанымына сәйкес келеді. «Әл-Фараби өзінің философиялық трактатында менің мақсатым, адамды іс-әрекетке тарту ал, ол үшін оның сезімін ояту қажет деген екен. Ол оқыту, тәрбиелеу барысында шәкірттің білім деңгейін, ойлау қарқынын, еске сақтау мүмкіндігін және дербестігін ескеруді басты парыз санаған, бұл педагогикадағы оқыту, тәрбиелеу ұстанымдарының өзегі десек те болады. Оқыту теориясында «нені оқыту», «қалай оқыту» керек деген сұрақтар шешімін табады. Осы тұрғыда да біз әл-Фарабидің нақты шындықты, ізгілікті үйрету керек, оны қоғам талабын ескере отырып оқыту қажет, деген тұжырымдарына сүйенеміз», – дейді ол.
Нұрсұлу Әлқожаеваның пікірінше, қазіргі педагогика, кешегіден көп өзгеріске ие, алайда әл-Фарабидің тұжырымдары жаңа педагогиканың туындауына себепші бола алады, сол себептен де «Әл-Фараби педагогикасы» жазылып, білім саласына енгізілуі керек. «Әл– Фараби тәрбиенің барлық бағытын қамтыды, атап айтсақ ақыл-ой, адамгершілік, патриоттық, дене, эстетика, құқықтық, экономикалық, еңбек т.б. Мысалы еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда еркін еңбек адамның жан-жақты дамуына ықпал етеді, адамзат баласы ақыл-ойымен қатар физикалық тұрғыдан да дамуы тиіс деп санаған және оған еңбек тәрбиесінің ықпалы зор, деген тұжырымдар жасаған. Әл-Фараби «еңбек ету, сапалы болу, адамгершілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет», – деген ғылыми тұжырым жасады. Оның бұл пікірі тәрбиедегі табиғатпен байланыс ұстанымының негізі, деуге дәлел болады.Сонымен біз оқу-тәрбиедегі кеңінен қолданып жүрген ұстанымдардың үлгі көрсету, жүйелілік, әр баланың білім деңгейін ескеру, ойлау қарқынын, еске сақтау мүмкіндігін, дербестікті ескеру, табиғатпен байланыс ұстанымдарының негізін қалаған әл-Фараби деп айтуымызға толық мүмкіндік бар»,– деп қортындылады Нұрсұлу Әлқожаева.

Дереккөзі: inform.kz

12709

Әл-Фараби мен Абайдың түсінік ұстанымындағы сабақтастық

«Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әл-Фарабиден мың жыл кейін өмір сүрген данышпан Абайдың еңбектері мен Фарабидің түсінік, ұстанымдарының ұқсастығы, сабақтастығы қайран қалдырады. Алыптардың арасындағы ақыл-ой байланысы мен сабақтастығы ғасырлар көшін көктей өтіп, үндестік тапқаны ұлылық адамға берілетін Жаратқанның үлкен сыйы екенін дәлелдей түскендей, – деп жазады Ақмола облыстық “АРҚА АЖАРЫ” газетінің сайты.


Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес», – дейді. Әл-Фарабидің «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жөніндегі философиялық тұжырымы Абайдың «Он жетінші сөзінде» өзінің логикалық жалғасын тапқан сияқты. Абайдың осы сөзінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «ғылымға» келіп жүгінеді.


Сонда «ғылым» бұл үшеуіңнің де айтқандарың рас, үшеуің де қажетсің: «Ей, Қайрат, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаталдығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман», – депті. Бұдан кейін «ғылым» өз шешімін «Ақылға» айтыпты: «Жаратқан тәңіріні де сен танытасың. Жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ, сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның – екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүресің, соның жаман», – депті. Бұдан кейін Абай осы үш категория жайында түйін жасап, Әл-Фарабидің жоғарыда айтылған пікірін өз оқырманының ұғымына лайықтап жеткізеді. Абай осы үшеуінің басын қосып, бәрін де «Жүрекке» билет, – деп ұқтырып айтушының аты «ғылым» екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табыссаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы» – депті деген қорытындыға келеді.


Әл-Фарабидің «қайрат», «ақыл» және «жүрек» жайындағы философиялық ой-пікірлерін Абай өзінің «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңінде де әрі ойшыл-кемеңгер, әрі аса дарынды сөз зергері ретінде оқырманға зор шеберлікпен жеткізген. Абай ақыл мен қайраттың иесі болған адамды «жарты адам» дейді. Өйткені, ондай адам тек «суық ақыл» мен «жүгенсіз қайраттың» ғана өкілі. Ал, бо-йына осы екі қасиетпен қоса-қабат әділет-шапқат (жүрек) біткен адам ғана «толық адам», яғни, ол енді «нұрлы ақылдың өкілі» деп танылады. Сөйтіп, Абайдың «нұрлы ақыл» жайындағы тұжырымының қайнар-бастаулары Әл-Фарабидің интеллект туралы ілімінде жатқанын аңғарасың. Ғылым мен білімді дамытып, ерекше көңіл бөлгенде ғана – еліміз көркейіп, қарыштап алға басатынын ғұламалар қалай көрегендікпен айтқан десеңізші.


Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастарын білдіретін зерттеулері де баршылық. Оған «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жолында» деп аталатын ғылыми еңбектері жатады. Әл-Фараби өз зерттеулерінде этика, мораль мәселелеріне ерекше назар аударған. Этиканың зерттеу объектісі – мораль, мінез-құлық, әдептілік нормалары екенін жан-жақты дәлелдеген. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, этиканың ең жоғары категориясы – бақыт. Сонымен қатар, ол адам бойындағы ақыл-парасатты этикалық-адамгершілік қасиеттерден бөліп қарауға болмайды деген пікір айтады.


Ақыл мен адамгершілік, қайырымдылық өзара табиғи түрде байланысып жатқан құбылыстар екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, Абайдың қара сөздерінде де, Әл-Фараби айтып кеткен ойлар сабақтасады. «Абайдың қара сөздері тұнып тұрған философиялық ой. Сол себепті де «философиялық трактаттар» деп айтуға әбден болады», – дейді абайтанушы ғалым Ә.Дастанұлы.




12593

Израильде әл-Фарабидің есімі мәңгі есте сақталды

Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіш тақтайшасы Хайфа қаласындағы оның есімімен аталған көшеде орнатылды. Іс-шара Израильдегі ҚР Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.


Салтанатты рәсімге Израильдегі ҚР Елшісі Сатыбалды Бұршақов, Қазақстанның Израильдегі құрметті консулы Дэвид Люксембург, Хайфа қаласы әкімінің орынбасары Лазар Каплан, Израильдің дипломатиялық корпусы мен ғылыми топтарының өкілдері қатысты.
Айта кету керек, онлайн режимдегі іс-шараға әлемнің түрлі елдерінің академиялық қоғамдастық өкілдері, соның ішінде қазақстандық жетекші жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов қатысты.

Салтанатты рәсімде Қазақстанның Израильдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Сатыбалды Бұршақов сөз сөйлеп, Қазақстанның Әл-Фараби мұрасын сақтау мен ілгерілетудегі маңызды рөлін атап өтті. Бұған халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыта отырып, академиялық қоғамдастық үлкен үлес қосуда. «Біздің көрнекті жерлесіміз адамдарды бақытқа жету жолында бір-біріне көмектесуге, әрі қайырымдылыққа шақырды. Израильдің ірі қалаларының біріндегі Әл-Фараби атындағы көше оның ұлы шығармашылық мұрасының мойындалуының және біздің елдеріміз арасындағы достық қатынастардың жоғары деңгейінің дәлелі», – деді Қазақстан Елшісі.


Өз сөзінде ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов іс-шараны ұйымдастырушыларға жылы лебізін білдіріп, әл-Фарабидің 1150-жылдығы ЮНЕСКО қолдауымен әлемдік деңгейде аталып жатқандығын тілге тиек етті. «Әлемдегі ең әдемі тарихи қалалардың бірі, Израильдің басты теңіз қақпасы Хайфа қаласында әл-Фараби көшесі бар екендігін мақтап тұтамыз. Өркениеттің ұлы ойшылының есімін Израильде мәңгі қалдыру әл-Фарабидің тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың мәдени және рухани игілігі екендігінің айқын дәлелі және мойындалуы болды. Сондай-ақ, әл-Фарабидің еңбектерін аударып, олардың Еуропада таралуына ықпал еткен еврей ойшылдарының зор еңбегін атап өткім келеді» – деді ҚазҰУ ректоры.
Еуропалық ойшылдардың әл-Фараби трактаттары арқылы ежелгі антикалық идеяларға оралуы Еуропада Ренессанс – Қайта өрлеу дәуірінің пайда болуына әсер етті. Сондықтан әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы мәдениеттердің жақындасуы мен өзара түсіністігінің символын білдіретін Шығыс пен Батыс арасын байланыстырушы рухани көпірге айналды.

Дереккөзі: www.inform.kz/kz/izrail-de-al-farabidin-esimi-mangi-este-saktaldy_a3694975

11678