EXPO-2017

ЭКСПО көрмесінің бас жоспары таныстырылды

22.10.2014

8041

Бүгін, қазанның 22-сі күні «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандырылған көрмесіне қатысушылардың бірінші жиналысы барысында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ сәулет және құрылыс департаментінің бас менеджері Айдар Марат ЭКСПО көрмесінің бас жоспарын таныстырды.
Департамент басшысының айтуынша, көрменің инфрақұрылымын жасау арқылы бүгінгі Астананың тұрақты даму барысын көрсету керек. «ЭКСПО-кешеннің өзі қала аумағына кіреді. Астананың бас жоспары бойынша оған 175 гектар жер бөлінді. ЭКСПО-қалашығы Назарбаев университеті мен медициналық кластердің маңайында орналасады. Бұдан бөлек, 150 гектар жер көрменің қосымша нысандары мен көлік инфрақұрылымына бөлінген. Онда қоғамдық көлік пен тұрақтар болады», - дейді А.Марат. Оның сөзіне қарағанда, көрме кешені орналасатын аумақтың 42 пайызы павильондарға беріледі. Ал қалған территорияда мәдени шараларды өткізуге арналған ашық және жабық алаңдар болады. ЭКСПО-қалашықта Қазақстанның ұлттық павильоны (7855 шаршы метр), 4 тақырыптық павильон (8800 шаршы метр), көрмеге қатысушы мемлекеттердің павильондары (47160 шаршы метр), үкіметтік емес ұйымдар мен корпоративтік қатысушылар (9560 шаршы метр), сондай-ақ Үздік тәжірибелер аймағы (3350 шаршы метр) орналаспақ. Жалпы, ЭКСПО-қалашығының құрылысына 8 мердігер компания қатысуда. Олар 38 нысанды салып береді. Кешен құрылысы 2016 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Айта кетейік, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандырылған көрмесіне қатысушылардың бірінші кездесуі - Париждегі Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 155 сессиясында «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін Қазақстанда өткізу туралы ресми шешім қабылданғаннан кейінгі алғашқы шара. Форумға Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) басшылығы, ЭКСПО Комиссары хатшылығының қызметкерлері, сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесіне ресми шақыру алған 86 елдің 200-ден астам өкілі қатысуда.

Дереккөзі: baq.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар