EXPO-2017

«ЭКСПО» бойтұмарын бірге таңдайық!

14.08.2014

11400

Елімізде 4 тамыздан бастап ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің нышанына жаппай халықтық дауыс беру кезеңі басталды. Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын «ЭКСПО-2017» көрмесінің үздік маскот дизайны бойынша халықаралық байқау жарияланған болатын. Оған Бразилия, Мексика, Венесуэла, Португалия, АҚШ, Германия, Швейцария, Ұлыбритания, Испания, Босния және Герцеговина, Бельгия, Литва, Румыния, Польша, Украина, Израиль, Үндістан, Ресей, Қазақстан және басқа да елдерден 80-нен астам жоба келіп түс­ті. Нәтижесінде Байқау комиссиясы көр­ме талисманы құқына таласатын 7 қаты­су­шы­ның жұмысын іріктеп алды.
Баламалы энергия көздерін пайдалануды және энергетикалық ресурстарды тиімді тұты­нуды мақсат еткен көрменің тақырыбы «Болашақ энергиясы» екені белгілі. Осыған байланысты аталмыш байқау жобаларына қойылған басты талап – «Болашақ энергиясы» тақырыбын қамтып қана қоймай, еліміздің мәдени құндылықтарын айғақтауы тиіс.
Қазақстан ЭКСПО қабылдау мәртебесіне ие болған Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі алғашқы мемлекет болғандықтан, сәттілік пен бақыт әкелетін көрме бойтұмары көпшіліктің есінде қалатындай танымал болғаны абзал. Сондықтан да ЭКСПО-2017 көрмесінің үздік маскот дизайны бойынша халықаралық байқаудың іріктеу кезеңінде үздік деп танылған 7 жоба ғана іріктеп алынды.

Болашақтың бойтұмары

Сонымен конкурсқа түскен жобалардың қатарында «Жарық», «Энерджик», «Тәңірі және Бөрі», «Күнсұлу, Бөбек және Ұлан», «Күнсұлу, Дауылхан және Толқынай», «Данара», «Азат, Бекей және Дәрмен» атты бойтұмарлар бар. Олардың әрқайсысы өзіндік дизайнымен ерекшеленеді.
Мәселен, «Green Penguin» агенттігі ұсын­ған жобада үш бірдей кейіпкер бар. «Қазақ қыздарының байсалдылығы мен қайсарлығын білдіретін Күнсұлу – Қазақстанның басты сим­волдарының бірі күнді бейнелейді. Ол күн энергиясын жылу ошақтарын құрып, оны басқару үшін қолданады. Ал Бөбек – су мен қазақстандық суаттардың бейнесі. Ал кішіпейіл Ұлан – елдің бұрынғы көш­пелі халқы үшін маңызды жер символы болып табылады», – дейді агенттіктің арт-дирек­торы Юлия Курова.
Байқауға LIME жарнама агенттігі үш бір­дей жоба ұсынған. Оның біріншісі «Жарық» деп аталады. Кейіпкерін Күн ретінде бей­нелеуі, әрине, кездейсоқ емес. Өйткені күн­нің жылуы тіршілік атаулыға өмір мен жарық сыйлайтын ғажап күш. Этникалық өрнек­термен шуақ шашатын логотип көрме талис­ма­нына лайық бірден-бір жоба екені сөзсіз.
Жарнама агенттігі ұсынған екінші жоба «Энерджик» – ойдан шығарылған кейіпкер. Ол жер стихиясының бірігуі нәтижесінде пайда болған таза тіршілік иесін білдіріп, бастапқы энергиямен таныстырады. «Оның шығу тегін басындағы «энергенттер» білдіреді. Олар ЭКСПО-2017 логотипіндегідей – От (күн энергиясы), Су (су ағысы энергиясы), Жер (геотермалды энергия) энергияларын білдіреді», – дейді авторлар. Ал үшінші жоба – «Данара». Данара – ойдан шығарылған антропоморфтық кейіпкер. Сыртқы түріне қарасақ, бойжеткен қыз. Ол – жастық шақ. Энергияның балама көздері бойынша әлемдік жоба қалыптасатын кез. Бұл танымдық ой мен әрекетке жұмылдырылған – Келешек энергиясы!
«GOOD!» агенттігінің арт-директоры Ерік Ерғали өздері ұсынған жобаны «Тәңірі және Бөрі» деп атағанды жөн көріпті. Оның айтуынша, Тәңірі – ЭКСПО-2017 көр­месіне келген қонақтарды қолдау үшін Тәңірдің өзі жіберген күн шуақты бала­қай. Ол халқымыздың қонақжайлығын, ел­дің жылулығын, яғни күн энергиясын білдіреді. «Ал Бөрi – көк қасқыр күшігі, жел белгісін білдіреді, Тәңірінің қуатты және шар­шамайтын, адал досы. Олар аспан мен дала­ның шексіз кеңістігін бірге саяхаттайды» , –дейді Е.Ерғали.
Графика дизайнері Мира Қанатова ұсын­ған жобада да үш кейіпкер берілген. Күн ханшайымы – Күнсұлу, шексіз желдің күшіне ие – Дауылхан және әлемнің бар­лық құрлықтарын шайып отыратын су хан­шайымы – Толқынай.
– Мен байқау жайында аяқталуына бір апта қалғанда білдім. Содан бастап ЭКСПО-2017 нышанын ойлауға кірістім. Ұсын­ған жобамдағы үш балақай ЭКСПО-ның негізгі нышанында белгіленген жер, су және күн энергиясын бейнелейді, – дейді жас дизайнер Мира Қанатова.
Үдеден шыққан үздік жобаның бірі – «Азат, Бекей және Дәрмен». Авторы дизайнер Ильнора Хакимжанова. Мұндағы Азат Бүркіт алысты көретін, күн астында қалықтайтын символ. Ол жел күшін және энергиясын пайдаланады. Барыс Бекей болса биік тауларды паналайды және Қазақстан табиғатының тазалығы мен нәзік­тігін білдіреді. Ал Құлын Дәрмен қазақ мәде­ние­тін­дегі басты жануар.
Міне, Байқау комиссиясы іріктеген жеті жо­баның негізгі мақсаты мен көркемдік ерек­шелігі осындай. Әлемнің түкпір-түкпірінен кел­ген жобалар қазақ мәдениетінен бейхабар әрі көрме тақырыбына сай келмегендіктен көбі байқаудан шеттетілді. Іріктеп алынған жобалардың қатарында Қазақстан мен Украинаның түрлі жарнама агенттіктері мен дизайнерлер жолдаған талисмандар ғана бар.

Жүлде қоры – 7000 доллар

Байқау шарттарына сай, жеңімпаздар 2014 жылдың тамыз айының 4-і мен 18-і ара­лығында http://www.expo2017mascot.kz сайтында онлайн дауыс беру арқылы анықталады.
Әрине, көп дауыс жинаған үш жобаның ішінен біреуі жеңімпаз атанады. Байқау нәтижесі 19 қыркүйекте жарияланбақ. Жеңімпаз атанған автор лайықты марапатпен қа­тар, көрменің Маскот брендбугын жа­сау туралы келісімшартқа қол қояды. Шын­дығында, біз ұсынылған жобалардың креа­тив­тілігіне таң қалдық. Маскот барша әлем­ге танымал болатын көрменің бейнесіне ай­налып, халық таңдаған тұмар баршаға ұнайды деп сенемін, – дейді «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Маркетинг және жұртшылықпен байланыс жөніндегі департамент директоры Әсел Қожақова.
Айта кеткен жөн, дауыс беруге қатысу үшін «Facebook», «Vkontakte», «Твиттер» немесе «Мой Мир» әлеуметтік желілерінде тіркелу қажет немесе электронды пошта арқылы арнайы код алып қана дауыс беруге болады. Тіркелген пайдаланушыға жеті дизайнның біреуіне ғана дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Ал жеңім­паз­дарды анықтайтын дауыс берушілер ара­сында да ұтыс ойыны өткізілмек. Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғаға қаты­сып, үздік бойтұмарды бірге анықтаған қатысушыларды «ЭКСПО» эмблемасы бейнеленген саптыаяқ, жеңіл жейде, су сағаты, жолға арналған жиынтық, сөмкеге арналған тұтқыш, USB-тасымалдағыш секілді түрлі естелік сыйлықтар күтіп тұр.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Дереккөзі: baq.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар