EXPO-2017

МЕКТЕПКЕ «ЭКСПО» ПӘНІ ЕНГІЗІЛУІ МҮМКІН

25.06.2014

7830

Астанада өтетін Ехро-2017 жаһандық көрмесіне бірін қалдырмай, Қазақстандағы барлық балаларды қатыстыру көзделуде!
Бұл туралы кеше, «Нұр Отан» фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес пен Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бірлескен отырысы кезінде мәлім болды. Осы жиында «Астана ЭКСПО-2017 – Қазақстан балаларына» жобасының тұсауы кесілді.
Қазақстанда алда мектептерде «ЭКСПО» туралы міндетті арнайы пән жүргізілуі мүмкін. Кеше таныстырылған жобада мәселен, «Болашақ энергетика­сының мүмкіндіктері мен перспектива­лары» тақырыбында сыныптағы жұмысқа арналған білім беру бағдарламасы ұсы­нылып отыр. Ол бойынша Ехро-2017 қар­саңын­да мектептерде жас ұрпақ «болашақ қуатының» не екендігін танып біледі. Бұл ретте егер жоба толыққанды жүзеге асса, білім ордаларына осыған қажетті «дайын оқу жинақтары» таратылмақ.

– Біз 2016 жылдан бастап, «жасыл» энергетика, баламалы қуат техноло­гия­лары туралы білімді мектеп бағдарлама­сына енгізуді жоспарлап отырмыз, – дейді жоба авторларының бірі, Халықаралық Адам институтының президенті Әкім Жанұзақ. – Сондай-ақ колледждер мен университеттерге де факультативтік сабақ ретінде ендіріп, 2017 жылға дейін бүкіл жастарымызды оқытып шығуымыз қажет. Көрме аяқталған соң, бұл іс жаңа деңгейге көтеріліп, жалғасын табуға тиіс.

Өйткені, елімізге әлемдегі ғылым мен технологиядағы бар жаңалықтар мен жетістіктер келеді, оны игеріп қалғанымыз жөн. «Біздің жастар бұлар жайында тек біліп қана қоймай, соны жетілдіру, жаңа инновациялар ойлап табу ісіне қатыса алатын жағдайда болуы керек. Мысалы, анау Бетпақ даладағы аудан-ауылдағы мектеп баласы осы іске ертеден араласуға мүмкіндігі болуға тиісті. Ол үшін біз 2015 жылы қашықтықтан оқытуға керекті ЭКСПО туралы электрондық оқулықтар шығарғалы отырмыз. Олар бүкіл мектеп­тер, колледждер мен университеттерге таратылады. Бұл жерде ұстаздар да ЭКСПО бойынша оқу курсынан өтеді» деді Ә.Жанұзақ.

Жобаның ІІ кезеңінде 2017 жылы Қазақстандағы барлық балалар өз сыныптарымен бірге «Астана ЭКСПО» жаһандық көрмесіне келіп, көреді. Осы орайда бұл іске студенттерді де тарту қарастырылуда. Тиісінше, халықаралық маманданған көрме өтетін үш ай ішінде еліміздің барлық өңірінен шәкірттерді елордаға жеткізудің жоспары, кестесі түзілуі, республика тарихында болмаған осындай кең ауқымды науқанның ұйым­дастырушылық мәселелері шешілуі қажет.

Айтқандай, Ехро-2017 жаһандық көрмесінің ашылу салтанатында «Балалар парады» өтуі мүмкін.

Жобада «Ғылым паркін» құру ұсыны­лып отыр. Онда балалар болашақ энер­гети­касы туралы білетін болады. Әу баста жаһандық көрме аясында жұмыс жасай­тын бұл заманауи павильон кейін «әлемдік деңгейдегі ғылым және білім беру ойын-сауық паркіне» айналуға тиіс.

Депутат Алдан Смайыл бұл идеяны қол­дады: «Қазір «Назарбаев Зияткерлік мектептері» кең қанат жаюда. Ондағы жас ұрпақ теориялық білім алуда. Ал енді солар­ды апарып көрсететін Ғылым паркі Қазақстанда жоқ. Сондықтан ЭКСПО-ны пайдаланып, әлемдік деңгейдегі сондай паркті құрайық деген жігіттерге рақмет. Оны қолдап отырған ЭКСПО мен Білім және ғылым министрлігінің басшыларына мен риза болып отырмын. Олар мәселені түсінген. Көрме құрылысы жаңа ғана бас­талған кезде, мамандар енді ғана жоспар­лап жатқанда, бағдарламаға осы бастаманы енгізер болсақ, біз балалардың болаша­ғына, ғылымға қызмет жасайтын үлкен бақ-орталыққа ие боламыз».

Дәл осындай «Ғылым паркі» жаһандық көрме өткізген ірі қалаларда құрылған. Мәселен, Ванкуверде – «Ғылым әлемі», Парижде – «Ғылым мен индустрия қала­шы­ғы», Амстердамда – «Ғылыми парк», сондай-ақ «Нью-Йорктің Ғылым залы» бар.

Осы тұста депутат Мұхтар Тінікеев одан да әрі баруды ұсынды: «ЭКСПО көр­месі өткеннен кейін, бірқатар нысандар біразға дейін бос тұруы мүмкін. Міне, солар­дың бірінде «Балалық Сарайын» ашуға болады. Әйтпесе, Астанадағы жаңа «Оқушылар сарайының» өзі ендігі барлық тілек білдіруші балаларды қабылдай алмай жатыр» деді ол.

– Жоба болашақ қуатының перс­пек­ти­валарына қатысты оқу бағдарлама­сын жасақтауды тұспалдайды, – деді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Әлі­шер Пірметов. – Бұл – БҒМ құзырындағы дүние. Егер министрлік оны қажет десе, біз өз тарапымыздан техникалық, тіпті қаржылық жәрдем бере аламыз. Жобадағы екінші мәселе, барлық оқушыларға Ехро-2017 көрмесі ашылған соң, арнайы экскур­сия-саяхат ұйымдастыру, оған қатысты ешқандай проблема туындамайды. Біздің мақсатымыз – қайта көрмені жастарға кеңінен көрсету.

Жаһандық көрмеге жауапты ұлттық ком­пания басшылығының өкілі ЭКСПО-2017 аясында балалар мен студенттерге арналған ғылыми павильон ашу жайына түсініктеме берді: «Көрме аясында 4 павильон құрылады, мұны Елбасы «бас жобамен» бекіткен, оны өзгерте алмаймыз. Бірақ солардың бірі – «Болашақ қуаты» павильоны ішінен жастарымыз үшін, солардың қолынан шыққан инновациялық өнертабыстарды көрсету үшін орын бере аламыз. Мұнда ешқандай қиындық жоқ. Тұтастай алған­да, жобаны қолдауға болады» деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басшысының орынбасары.

Білім және ғылым вице-министрі Есен­ғазы Иманғалиевтің айтуынша, министрлік те бұл жобаны қарап шығып­ты. «Оны біз өзекті жоба деп қарастыруда­мыз. Шынында, бізде «Балалық сарайы» жетіспейді. Сонымен бірге осы арқылы балаларды ғылымға тартуға болады: жас өскіндер ойнай жүріп, әлемді таниды. Біз өз тарапымыздан қуат тиімділігі мен энер­гия үнемдеу, биотехнологиялар, биосфера мәселелерін де атракцион түрінде қызық­т­ы ұсыну туралы идея қостық. Біз қол­даймыз» деді ол.

«Астана ЭКСПО-2017 Қазақстан балаларына» жобасын әзірлеушілердің бірі – франциялық EGC&ASSOCIES компаниясы балалармен жұмыс істеуде мол тәжірибеге ие көрінеді. Мәселен, Францияда бұл ұйым 3 жастан бастап, балақайларды жол ережелеріне, өрттен сақтануға, дұрыс тамақтануға, құқық негіздерін білуге, үйде және қоғамдық орындарда өзін тәрбиелі ұстауға үйретіп, баулиды. Оқу соңында балаға сертификат тапсырылады екен.

«Астана ЭКСПО-2017 балалар мен жастарға заманның жаңа мүмкіндіктерін көруге, оларға төл болашағын құруға кө­мектесуге, Отанға қызмет етудің перспек­тиваларын ашуға ықпал етуге тиіс. Сонда баласы бар барша қазақстандықтар ЭКСПО арқасында өз елін шын мақтан тұтады» дейді компания жетекшісі Жюльен Савино.
Айхан ШӘРІП

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар