Өзектi

Балжан Сәбденбекова: Бүгінгі жастарды тек ақшамен ынталандыра аласыз

04.04.2019

4854

Балжан Ғылыми зерттеу жұмысы аясында Американың Коннектикут штатында орналасқан Коннектикут зерттеу университетінде тәжірибеден өткен. Зерттеп жүрген тақырыбы – имплантат тістерге наноөлшемді мультиқабаттар жасау. Жас ғалымның ғылым туралы қызықты ойлары мен зерттеу жобасы жайындағы сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

- Бүгінде тісі түгел немесе тісінде ақауы жоқ жанды кездестіру қиын. Имплантат орнатушылар саны күн санап артып келеді. Тіс ауруларының көбеюінің сыры неде?

- Археологтардың қазба жұмыстарынан, мұражайдағы адамдардың бас сүйектерін байқап қарасақ өткен ғасырлардағы адамдардың тістерінің бүтін болғанын көреміз. Отыз екі тістің 2-3-еуі мүжілген не құрт түскен. Бұрын адамдарға тістің орнына тіс қою деген соншалықты маңызды емес еді. Ал бүгінде адамдардың 80 пайызының тістері әлсіз. Бұрын адамдардың тістері қырық жастан асқанда сыр беретін болса, бүгінде мектеп жасына дейінгі балалар тістерін емдетіп жатыр. Оның себебі – күнделікті жейтін заттарымыздың құрамында канцерогендердің, қышқылдардың болуы. Жастар жақсы көріп ішетін Cola-ның құрамында ортофосфор қышқылы бар. Ортофосфор қышқылы бірте-бірте тістегі эмальді алып тастайды, тіпті сүйектің өзін мүжіп жібереді. Жейтін тағамдарымыздың құрамындағы зиянды заттар осылайша тістің тез сынуына, шіруіне, құрттауына, тіс арасының ажырауына, қисаюына алып келіп отыр. Бүгінде тістеріне уақытылы күтім жасамағандарға протез немесе имплантат тіс орнатады. Имплантат тіс шамамен екі аптада адамның денесіне кірігеді. Алайда адам денесін өз денем деп қабылдап болам дегенше ол жерде бактериялар дамып кетеді. Имплантатты көбінесе титаннан жасайды, титанның жеке өзі бактерияға қарсы қасиетке ие емес, тек титанның оксидтік қосылысы бактериялық қасиетке ие. Қазіргі кезде көптеген бактериялар мутацияланып кетеді. Тарихқа шегініс жасасақ, сонау пенициллин пайда болған 1928 жылдан бастап оны барлық ауруға пайдаланды. Бала кезімізде бір жеріміз жарақаттап алсақ, пенициллинді кремге былғап жаға салушы еді. Қазіргі жараға пенициллин жақсаң, тіпті екі аптаның көлемінде де жазылмайды. Осыдан байқайтынымыздай, бактериялар «өлмейтін» жаратылыс, ол пенициллинде өлуші еді, бірақ ол пинициллинді мутациялап ол жерде де өлмейді.

- Имплантат тістердің беріктігін қалай арттыруға болатын ғылыми зерттеуіңіздің жаңалығы қандай?

- Табиғатта титан өте қатты, қымбат әрі сирек кездесетін металл. Десе де екі апта ішінде титаннан салынған тіс имплантаты бактериялардың көптеп шоғырлануының нәтижесінде биокаррозияға ұшырайды. Мысалы, темірден жасалған дуалдарды сырлап қоймасақ, уақыт өте келе коррозияға ұшырап, қап-қатты теміріміз борпылдап, үгітіліп кетеді. Сол сияқты биокоррозияға ұшырап титан да өзінің қасиетін жоғалтып алады. Мен зерттеуімде осы титанның бетіне жабын жасаудың жолдарын зерттедім. Қазіргі таңда әртүрлі заттарға жабын жасау өзекті болып отыр. Өйткені әртүрлі жағдайлардың әсерінен адамдардың сынған сүйегіне немесе тіс орнына имплантат орнатады. Мысалы аяқ сынса екі сүйекті бір-бірімен байланыстыру үшін құны кем дегенде 50-60 мың теңге шамасындағы әртүрлі имплантаттар қойылады. Егер адамның иммунитеті төмен болатын болса, титан тез коррозияға ұшырайды. Мұндай жағдайда имплантатты 20-30 жыл емес, 2-3 жылдың көлемінде қайтадан ауыстыруға тура келеді. Бірақ қайтадан имплантант жасау басында қойған бағасына қарағанда 2-3 есе қымбатқа түседі. Өйткені сүйекке жабысып өсіп кеткен имплантантты қайтадан ажырату және қайтадан қою өте қиын жұмыс. Осындай ерекшеліктерді ескере отырып, жұмысымыздың мақсаты ретінде болат, титан негізіндегі әртүрлі имплантант, катеторларға жабын жасауды зерттей бастадық. Жабын дегеніміз – полиэлектролид. Полиэлектролид деп отырғанымыз – суда еритін макромолекулалық қосылыстар. Зерттеу жұмысы барысында біреуі плюс, екіншісі минус зарядқа ие полиэлектролидтерді бір-біріне жабыстыра отыра көптеген сэндвич қабаттар жасаймыз. Ол дегеніміз, титан имплантатының бетінде 40-50 немесе 100 нанометрге дейін өлшемдегі биқабаттар, сэндвич-қабаттар. Оны ағзаға салған кезде, бактерия келіп бірінші қабатын босатып жібереді. Жабынның өзі 40-50 қабат болған соң ұзақмерзімді әсер береді. Егер бір-ақ қабат болатын болса, ол ұзақ уақытқа шыдамайтын еді. Осылайша бактерияға қарсы имплантаттарды дұрыс пайдалану емделушілерді емдеу мен бақылауда инновациялық шешім болып отыр. Имплантат салған емделуші әрі қарай қосымша емдеу курстарын алмайды, бұл өз кезегінде адам өмірінің сапасын жоғарылатады.

- АҚШ-тың Коннектикут зерттеу университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп келдіңіз. Бұл тәжірибеден нендей ой түйдіңіз?

- Америкаға барған жандардың көпшілігінің мәдени шок (culture shock) алатыны анық. Мен тәжірибеден өткен Коннектикут университетінде студенттерге, жас ғалымдарға барлық жағдай жасалған. Мысалы, университеттің химия факультеті бес қабаттан тұрса, соның әрбір қабатында өзінің хромотографиясы, сканерлі электрондық микроскобы бар, яғни материалдық-техникалық базасы мықты. Алғаш барғанымызда атын естігеніміз болмаса, түрін көрмеген небір жабдықтарды көріп сасқалақтап қалғанымыздың несін жасырайын. Бізбен бірге Қытайдан келген 2-курс студенті жабдықтармен жұмыс істеуді бізден жақсы біліп тұрды. Бірақ теориялық тұрғыдан біздің біліміміз одан әлдеқайда жоғары болды. Қазақстан білім беру саласында ешбір елден кем еместігін, тек университеттер мен ғылыми институттарын жабдықтау бойынша ақсап тұрғанына көзім жетті. Біз барған зерттеу университетінде магистранттар мен докторанттарға бір жыл бойы жабдықтармен қалай жұмыс істеу қажеттігін үйретеді екен. Жұмыс барысында ешкім саған кедергі келтірмейді, артыңда ұзын-сонар кезек күтіп тұрғандар жоқ, өзіңе керекті зерттеуді кез келген уақытта жасап, нәтижесін сол күні көре аласың. Ең қарапайымы, бір реттік қолғаптар мен шыны түтіктерді қолданып болып қоқысқа тастай бересіз, университеттің өзі әрі қарай утилизация жасап, кәдеге жаратады. Ал біздің елде шыны түтіктерді жуып бірнеше зерттеулерге қолданамыз. Елімізде зерттеу нәтижеміз дұрыс шығуы үшін жас ғалымдар жоқтан бар жасаймыз десек болады. Университтер мен ҒЗИ-дың материалдық-техникалық базасы толықтай жетілдірілсе, қазақтың талай жас ғалымдары ғылыми жаңалық ашып, әлемге паш етер еді. Химия саласына қатысты айтар болсам, өкінішке орай, Қазақстанда реактив өндіретін өндіріс орындары жоқ. Тапсырысты көбіне Германияға береміз, Ресейден де алып жатамыз, бірақ олардың химиялық тұрғыдан тазалығы төмен. Германияға беретін тапсырысымыз 2-3 айда әрең жетеді. Бір реактивті бірнеше ай күтіп жүргенімізде басқа елдің ғалымдары біз жасап жүрген жұмыстың нәтижесін халықаралық журналдарда мақала етіп шығарып үлгереді. Осылайша біздің сонша айлық еңбегіміздің күлі көкке ұшады. Тіпті кейде зерттеу нәтижеміз дұрыс болып тұрса да, халықаралық журналдар мақаламызды жарыққа шығармайды. Өйткені біз жұмыс істейтін жабдықтардың дені КСРО кезеңінен қалған. Ал мұндай жабдықтарда жасалған жұмыс нәтижесі туралы ғылыми мақала ол журналдың беделін төмендететін болғандықтан жарияланбай қалады.

- Жас ғалым ретінде Қазақстан ғылымын қандай жолдармен дамытуға болады деп ойлайсыз?

- Егер ғылым саласына қыруар қаржы бөлінсе, ғылымға қызығатын жастардың саны артар еді. Қай салаға қаржы көп құйылса, сол саланың дамитыны ақиқат. Бүгінгі жастарды тек ақшамен ынталандыра аласыз, құр жалаң сөзбен қолдай алмайсыз. Өйткені бізде бәрі қымбат, бәрі ақылы. Ендеге болмашы жылтырақпен әуестенгенше, неге адамзат игілігіне жұмыс жасап жүрген жастарды қаржылайқолдамасқа?! Оқытушы болған төрт жылда қаншама студенттермен бірге жұмыс істедім. Қазақстанда талантты, дарынды, қабілетті жастар өте көп. Сабақтан бөлек ғылыми жобалармен айналысуға құлшынып тұрады. Бірақ жобаға қажетті нәрселердің бірі болса, бірі жоқ екенін көріп, қызығушылықтары басылып қалады, әрі қарай оны ынталандыра алмайсың. Осының әсерінен олар өздерін «жоғалтып» алып жатады. Ғылымға бөлінетін қаржы көлемі артса, біраз мәселе шешілетін еді. Гранттық жобалар бойынша мемлекеттен бөлінетін қаржы сомасы жылдың басында қолымызға түссе, оған қажетті жабдығымызды сатып алып жыл бойы жұмыс істер едік. Бізде осы қаржы бірнеше рет бөлініп беріледі, бұл ғылыми жұмыстың алға жылжуына көп кедергі келтіреді. Жыл соңында грант бойынша жобамызға есеп береміз, бұл да өте көп уақытты, әрі-бері жүгірісті талап етеді. Кейде қағаз толтыру, есеп беру сынды толып жатқан бітпейтін жұмыстарға байланып ғылыммен толықтай айналысуға уақыт таппай қалатын сәттеріміз көп болады. Жастардың ғылымға қызығушылығын арттырудың бір жолы – университеттердің ғылыми-техникалық базасын қалыптастыру, қажетті жабдықтарды сатып алу дер едім. Бүгінде білімді, зиялы жастар шетелге кетіп жатыр. Өйткені шетелде сен жұмысты қалай жасасаң, сені солай бағалайды. Ғылыми атағыңа, жасыңа, жынысыңа, ұлтыңа қарап бөлмейді. Оларға басты қажетті нәрсе – ғылыми нәтиже. Өзім сабақ берген студенттер Кореяда жұмыс істеп жатыр. Осындай біліміңізбен неге мұнда жүрсіз деп сұрайды. Ал мен елімді қиып кете алмайтын сияқтымын. Ғылымға деген көзқарас өзгеріп, қаржыландыру көлемі артса қазақ ғылымы басқа елдің ғылымымен иық тірестіре алады деп ойлаймын.

Арайлым Бимендиева

Дереккөзі: qazaqtimes.com

«« | »»
Соңғы жаңалықтар