Өзектi

Қазақ өсімдікті қорғау және карантин ҒЗИ-дің биофабрикасында зиянкестермен күресетін 12 түрлі биопрепарат өсірілуде

02.03.2017

5960

Қазақ ғылымның көшін өрге сүйреп келе жатқан ғылыми-зерттеу институттарының арасында Ж.Жиенбаев атындағы Қазақ өсімдікті қорғау және карантин ҒЗИ орыны ерекше. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынында «Байсерке-Агро» көп салалы агрохолдингінің ғылыми-зерттеу жұмыстарды басшылыққа алып аграрлық саланы дамытып жатқанын атап өткен еді. Президенттің назарын аударған агрохолдингтің жұмысын жандандыруға Өсімдікті қорғау және карантин ҒЗИ тікелей ықпал етуде. Таяуда инстиуттың Бас директоры Абай Сағитов мырзаны әңгімеге тартып, институт ғалымдарының еліміздің ауыл шаруашылығы саласын өркендету жолында атқарып жатқан жұмыстары жайында сұхбаттасудың сәті түсті.

– Абай Оразұлы, бүгінде өзіңіз басқарып отырған ғылыми мекеме өзге ұйымдарға қарағанда табысты жұмыс істеп жатқанын білеміз. Мұның қандайда бір сыры бар ма?
– Біздің елден жасыратындай ешқандай құпия, сырымыз жоқ. Тынымсыз еңбектің арқасында жұрттың назарына ілігіп жүрген жайымыз бар. Институтымыз Кеңес заманында да ең таңдаулы ғылыми мекемелердің бірі болды. 1958 жылдары еліміздің солтүстігіндегі егіс алқаптарында зиянкестер пайда болып, екен өнімнің 60 пайыздан астамын жеп, жұрттың еңбегін еш қылған соң, бұл мәселемен күресу үшін Қазақ өсімдікті қорғау және карантин ҒЗИ құрылды.
Ал еліміз тәуелсіздігін алып, нарықтық қоғамға қадам басқанда институт қиын жағдайды бастан кешті. Мен институтқа 2001 жылы директор болып тағайындалдым. Ол кезде жағдаймыз мәз емес еді. Кеңес заманында 270 ғылыми қызметкер жұмыс істейтін институтта бар болғаны 14 қызметкер қалған екен. Көпшілігі тіршіліктің қамымен базар жағалап кетіпті. Жылдық бюджетіміз 7 млн. теңгенің ар жақ, бер жағында. Содан білікті ғалымдарды қайта шақырып, оларға уақтылы айлықтарын тауып беруге уәде бердім. Уәде берген соң, оны орындау керек.
Бір күні Алматы қаласын сумен қамтамасыз ететін мекеме институттың суға 1,5 млн. теңге қарыз екенін айтып үшбу хат жолдапты. Діттеген мерзімде төлемесек, инстиутқа су беруді тоқтатындарын ескертіпті. Содан салып ұрып, коммуналдық мекемеге бардым. Басшысы қабылдаған соң, жағдай бәрін жасырмай айттым. Жағдайымызды түсінген соң, «біздің 5 гектар жерде бағымыз, қала сыртында 33 гектар жерге картоп еккенбіз, соны өсіріп, бабын келтіріп берсеңіздер, институтқа қолдан келген көмегімізді көрсетейік» деді. Содан ғалымдарымызды бастап барып, бір ай солардың бақтарын өңдеп, картоптарына тиісті күтімдерін жасап, түрлі тыңайтқыштар бердік. Сол жылы алма мен картоптың түсімі өте мол болды. Су шаруашылығы мекемесінің басшысы институт ғалымдарының жұмысына риза болып, қарызымызды толықтай өтеп, қызметіміз үшін 1,5 млн. теңге үстіне тағы төлеп берді. Осыдан кейін өзге мекемелер жұмыс істеп, ғалымдарымыз түрлі гранттар ұтып, жағдаймыз бір жылдың ішінде оңала бастады.


Сол жылы мемлекет тарапынан бөлінетін 7 млн. теңгеге қарап отырған институттың жыл аяғына дейін тапқан табысы 33 млн. теңгені құрағаны есімде. Міне, сол қарқынды жоғалтпай жұмыс істеп келеміз. Қазір инстиуттың жылдық бюджеті 700 млн. теңгеден асады. Материалдық жағдаймыз жақсарғаннан кейін жастарды қатарымызға тартып, оларды сырт елдерде оқытып, біліктілігін көтеруге күш салып жатқан жайымыз бар. Бір сөзбен айтсақ, біздің инстиутта жұмыс істейтін қызметкерлердің бос уақыты жоқ. Қар кетіп, күн жылынған бетте шаруашылықтардығ алқаптарында жұмыс істейміз, қыста зертханаларда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысамыз.
– Институт өзге елдермен байланысы қандай?
– О баста біздің өсімдікті қорғау, карантин саласы бойынша мамандар тапшы болды. Ғылыми дәрежесі бар қызметкерлердің саны мен сапасын арттыру үшін Ресей, Украина және Өзбекстандағы әріптестеріміз тізе қосып, ғылыми кеңес құрып, мамандарды көптеп дайындадық. Бүгінде атқарған жұмыстарымыз нәтижесін беруде. Қазіргі таңда инстиутымызға дүниежүзінің 12 елінен ғалымдар келіп жұмыс істеп жатыр. Айталық, Польша, Германия, АҚШ, Жапония, Изариль, Чили, Голландиядан келіп жұмыс істеп жатқан ғаламдар бар. «Болашақ» бағдарламасы бойынша дамыған елдерді оқыған жастарымызда біздің инстиутта еңбек етуде. Олар елімізге заманауи технологияларды, ғылыми үрдісті елімізге әкеліп, қазақ ғылымның көкжиегін кеңейтуде.


– Абай мырза, бүгінде дүниежүзі органикалық азық-түлік өнімдерін өндіруге бет бұрып жатыр ғой. Елбасы биылғы Жолдауында бұл бағыттағы жұмыстардың жеделдетіп қолға алу керектігін қадап тұрып айтты. Осы бағыттағы ойыңызбен бөліссеңіз?
– Иә, қазір әлем халқы органикалық азық-түлік өнімдерін өндіруге бет бұруда. Инстиут осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Өткен ғасырдың 80 жылдарында Еуропа елдері мол өнім алу үшін 1 гектар жерге 120 келіге дейін түрлі улы химикаттарды сіңірген болатын. Ал дәл сол жылдары Қазақстанда жерге берілетін химикаттардың көлемі 2 келіге жетпейтін. Осыдан-ақ, кең байтақ қазақ жерінде органикалық азық-түлік өнімдерін өндірудің қаншалықты мүмкіндігі бар екенін бағамдауға болады.
Қазіргі таңда біздер сырт елдерден түрлі дақылдардың жақсы сорттарын әкеліп, оларға сапалы тыңайтқыштар, гербидциттер, антистрестік препарттар, биологиялық белсенді заттар, антиадсорбенттерді тиісті мөлшерде беріп органикалық таза өнім алып жатқан жайымыз бар.
Бүгінде дамыған елдерде ауылшаруашылығы саласы роботизацияланып, толықтай бағдарламалық жүйеге көшкен. Жоғарда айтқан заттарды қажетті мөлшерде беріп, мол, таза өнім алуға толықтай мүмкіндік бар. Біздің инстиуттың ғалымдары осы бағытта жұмыс істеп, еліміздегі шаруалардың мол өнім алуына мүкіндік туғызды.
– Сонда елімізде сіздермен тізе қосып, органикалық азық-түлік өнім өндіруге бет бұрған шаруашылықтар бар болды ғой?
– Дәл солай. Ғылымнан сырт жүрген адамдар Қазақстанда органикалық өнімдер енді ғана қолға алынып жатыр деп ойлауы мүмкін. Шындығында біздердің бұл бағытта жұмыстарды бастап кеткенімізге біраз жылдың жүзі болды. Айталық, «Байсерке-агро» агрохолдингімен жан-жақты жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Әңгіме арасында ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алудың бағдарламалық жүйесі қалыптасып келе жатқанын айттық қой. Бүгінде біздер көптеген дақылға қанша мөлшерде тыңайтқыш, гербидцит, биологиялық белсенді зат беріп, мол өнім алудың бағдарламасын дайындап қойғанбыз. Осының арқасында 1 гектар жерден 100-140 тонна жүгері сүрлемін алуға қол жеткіздік. Бұрындары бұл көрсеткіш 40 тоннадан аспаушы еді. Ал жүгерінің таза дәні әр гектарға 20-27 тоннаға дейін айналды. Сол сияқты сояның әр гектарынан 40-70 центнерге дейін өнім алдық. Ал бұған дейін бұл көрсеткіш 12-18 центнердің маңайында болатын. Франциядан әкелген арпаның әр гектарынан 14 тоннаға дейін өніп алдық. Мұның бәрі таза ғылыми жұмыстардың арқасында қол жеткізген табыстар. Инстиут «Байсерке-агро» холдингімен 4 жыл жұмыс істеп, жүгері, соя, арпа, жоңышқа, сұлы алудан реккордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Аладағы уақытта осы іс-тәжірибемізді еліміздің барлық өңірінде таратып, Қазақстанның ауыл шаруашылық саласын көтеруге баса мән беріп отырған жайымыз бар?


– Қазақстанда шаруалардың мол өнім алуына не кедергі?
– Бүгінде көптеген шаруалар өсімдік қорғау мәселесіне тиісті деңгейде мән бермейді. Жерді жыртып, қолға түскен тұқымын сеуіп, қаржысы болса, аздап тыңайтқыш берген болады. Бұдан кейін қалай мол өнім алуға болады? Жиын-терін кезінде барға қанағат қылып отырғаны. Бір ғана арам шөптің өзі алатын өніміңізді 90 пайызға дейін жоқ қылады. Онымен уақытында жүйелі түрде күресу керек. Бұдан басқа топырақта түрлі вирустар мен зиянкестер бар. Мол өнім алғысы келген шаруалар онымен күресуі тиіс. Өкінішке орай, көптеген шаруаларымыз осы атап көрсеткен мәселелермен тиісті деңгейде мән бермейді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласының оң бағытта дамуына кесірін тигізуде.
– Сонда егін егудегі әрібір кезеңдік жұмысқа ғылымдар араласып отыруы керек қой.
– Әрине. Бірінші кезекте егетін тұқымнан бастау керек. Бүгінде Қазақстандағы түрлі дақылдар тұқымының 50 пайызының ішінде индесферма, көптеген вирустар, саңырауқұлақтар және зиянкестердің жұмыртқалары бар. Бұлар тұқымды өсірмейді. Осыдан кейін шаруа 100 гектар жерге еккен алқаптың тек 50 гектарынан ғана өнім жинайды. Қалған 50 гектарға сіңірген тыңайтқышыңыз, күтіп-баптаудағы еңбегіңіз далаға кеткен болып шығады. Сондықтан мол, сапалы өнім алуды көздеген шаруа бірінші кезекте тұқымға баса мән беруі қажет. Таза тұқымға қол жеткізу үшін біздер Еуропа елдерінде сертификатталған фитосанитарлық зертхана құрдық. Зертханамызда көптеген дақылдардың тұқымын зерттеп, олардың бойында қандай вирус, бактерия, саңаруқұлақтар бар екенін асқан дәлдікпен анықтайтын мүмкіндікке иеміз. Сөз арасында айта кетейін, қазір біздің институт 500-ден астам ғылыми патентке иелік етеді. Солардың арасында тұқымды жетілдіретін арнайы патенттаріміз бар. Соның бірі тұқымды термиялық өңдеуден өткізетін патент. Термиялық өңдеу барысында ғалымдарымыз 62 градустық температурада үш күн бойы тұқымды өңдеуден өткізіп, оның бойындағы вирус, бакетерия мен саңырауқұлақтардың көзін жояды. Мұндай өңдеуден кейін тұқым антистрестік жағдайға түсіп қалатыны белгілі. Тұқымды қалыпқа келтіру үшін қажетті биологиялық белсенді заттарды 10 күн бойына сіңіріледі. Осыдан кейін ғана тұқымға қажетті микроэлементтер беріледі. Әбден өңдеуден өткен тұқымға диагностика жасалынады. Мұндай өңдеуден өткен тұқым 100 пайызға дейін сапалы, мол өнім беретіне кепілдік береміз.


– Тұқымды жоғары деңгейде өңдеуден өткіздіңіздер. Ал бұдан кейін жерді қалай өңдеу керек? Мол өнім алу үшін жерге де күтіп жасалуы керек қой?
– Бірден айтайын, жерді қатты жыртудың қажеті жоқ. Біздер арнайы соқалармен егіс алқаптарын 15-20 сантиметр шамасында қопсытып шығамыз. Бұдан кейін қопсытылған жерге келілеп тұқым шашапаймыз. Аранайы техниканың көмегімен тұқымдардың ара қашықтығын сақтап тұқымды сепуіп шығада. «Байсерке-Агро» холдингімен жұмыс бастағанда ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын сырт елдің зауыттарына барып, техникалардың біздің ғылыми жұмыстарға ыңғайлап қайтадан жөндеуден өткіздік. Көп жағдайда өзге елдің ауыл шаруашылығы техникаларын біздің жер жағдайымызға, климаттық ерекшеліктеріне мән бермей әкелеміз. Бір ғана Алматы облысында 44 микроаймақ бар. Бір құнарлы болса, келесі жерлер тастақты, құмдауыт, тұзданған болып кездеседі. Сондықтан шаруалар ауыл шаруашылығы техникаларын алғанда осы жайттарды басшылыққа алуы керек.
Тағы бір айта кететін мәселе, топыраққа сіңірген тыңайтқыштардың бәрі бірдей мәдени дақылдардың өсіп жетілуіне ықпал етпейді. Дамыған ауыл шаруашылығы саласында өсімдіктің бойына түрлі тыңайтқыштарды сіңірудың жолдары қалыптасқан. Бірақ ең алдымен өсімдікке қандай тыңайтқыш берудің анықтап алу керек қой. Біз бұл үшін Швейцариядан өсімдіктің сабағына немесе жапырағына тигізсеңіз заматта оған қандай тыңайтқыштар беру керек екенін анықтап беретін электронды флюрометр алып келдік. Осы құрылғы арқылы өсімдікке қандай микроэлементтер жетіспей жатқанын бірден білеміз. Ал қажетті тыңайтқышты тамшылатып су, бүрку арқылы беруге болады. Ғалымдарымыз мұның бәрін есептеп қойған.
– Абай Оразұлы, тұқым мәселесіне қайта оралсақ, бүгінде институт ғалымдары қандай дақылдардың тұқымын термиялық өңдеуден өткізіп, шаруаларға таратып отыр?
– Сапалы тұқым мол өнім алудың кепілі екенін бәріміз білеміз. Сол себепті біздер соя, арпа, жүгері тұқымдары сырт елдерден әкелеміз. Оларды өзімізбен тізе қосып жұмыс істейтін шаруаларға берместен бұрын Қазақстанның табиғи жағдайында бейімдеп өңдеуден өткіземіз. Жалпы, инстиутта тұқымды өңдеуден өткізіп, сапалы өнім алуға мүмкіндік туғызатын ғылыми-зерттеу жұмыстары бар. Оларды өндірістік деңгейге жеткізіп көптеген шаруаларды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдау қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды бір инстиут шешеп тастай алмайды. Шағын ғана зертханамыздың жүздеген тонна тұқымды өңдейтін мүмкіншілігі жоқ. Сондықтан біздер көк-өніс тұқымдарын өңдейміз. Ірі көлемде бидай, арпа, соя сынды дақылдардың тұқымын өңдейтін мүмкіндігіміз жоқ.
– Органикалық азық-түлік өндіру үшін егіс алақаптарына биопрепараттарды пайдаланудың маңызы зор. Сіздердің институт бұл бағытта да еңбектеніп жатқанын естідік. Сол жайында аз-кем айта кетсеңіз?
– Түрлі егіс алқаптарында зиянкестерді құрту үшін улы химиялық заттар қолданылатыны жасырын емес. Улы заттар зиянкестерді өлтіріп қоймай, сонымен қатар жерді де зақымдайды. Зиянкестерге қарсы себілген кейбір химикаттар 100 жылға дейін жердің беткі қабатына жата береді. Улы заттар малдың жеген шөбі мен түрлі дақылдар арқылы адам организмне түсіп, түрлі кемістік ауруларына шалдыққан сәбилердің дүниеге келуіне себепші болуда. Осы қасіреттің алдын алу үшін қазір дамыған елдер зиянкестерге қарсы күресте биопрепараттарды қолдануға баса мән беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды біздер де іске асырып жатырмыз. Осыған дейін улы химикаттарды белсенді пайдаланған АҚШ-тың өзі ағаш пен түрлі өсімдіктердің негізінде зиянкестерге қарсы күресетін биопрепараттар жасап жатыр. Менің біліуімше, АҚШ билігі егіс алқаптарына қолданылатын 18 гербедциттің түрін ғана қалдырды. Қалғандарының бәрін шектеген. Органикалық азық-түлік өнімдерін өндіруді басшылыққа алған Қазақстан да егіс алқаптарына түрлі улы химикаттарды қолдануды шектейтін арнайы заң шығаруы керек деп есептеймін.
– Жақсы, сіздерде зиянкестерге қолданылатын биопрепараттар бар ма?
– Бар. Қазір біздер сырт елдерден көптеген биопрепарттарды әкеліп, еліміздің жер жағдайына бейімдеп жатырмыз. Білмейтін адамадар биопрепараттарды қандай да бір дәрі деп ойлауы мүмкін. Ол ешқандай дәрі емес. Олар бунақты денелер, тірі организмдер. Егер зиянкес өсімдікті зақымдаса, біздің өсіріп отырған биопрепарттарды жіберсеңіз, биопрепараттар зиянкестерді жеп, көзін жояды. Өсімдікке тиіспейді. Тек қана зиянкестерді тауып, жейді. Ешқандай химиялық улы зат жоқ. Бүгінде институт жанындағы шағын биофабрикамызда 12 түрлі биопрепаратты өсірудеміз. Биопрепарттарымызды еліміздегі жылыжай ісімен айналысатын шаруалар сатып алып жатыр. Бұған дейін шаруалар сырт елдердің биопрепараттарын сатып алып келді. Біздің биопрепараттарымыз сырт елдердікіне қарағанда шаруаларға әлдеқайда арзанға түседі. Баға тұрғысынан алып қарасақ, біздің өнімдер 30 пайызға дейін арзан. Оның үстіне сырт елдерден келген биопрепарттардың 70 пайзы аталық болып келеді. Оларды жылыжайға жібергеннен кейін өсіп-өнбейді. Ал біздің препарттарымыз өсімтал. Бір аптаның ішінде өз нәтижесін береді. Биопрепарттар органикалық азық-түлік өнімдерін өндірудің қайнар көзі. Сондықтан біздер бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, болашақта ірі шаруашылықтарда биппрепарттар өндіретін шағын зертханалар салып беруді де көздеп отырмыз.
Әңгімеңізге рахмет!

Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ,
«ҰМҒТСО» Қоғаммен байланыс бөлімі

«« | »»
Соңғы жаңалықтар