Өзектi

Д.Назарбаева: Білім беру жүйесін толық ақпараттандырсақ, министрліктің мың тонна құжаты жойылар еді

09.02.2016

5513

Егер білім беру жүйесін толық ақпараттандырып алсақ, Білім жəне ғылым министрлігінің таусылып бітпейтін есептері жойылар еді, бітпейтін тексерулері тоқтап, мың тонна құжатты ары-бері тасымайтын едік, - дейді Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң кеңейтiлген алқа отырысына қатысқан ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары Дариға Назарбаева.
«Біз төртінші - индустриялық революция, жедел ақпараттандыру туралы айтып жүрміз. Бұларсыз қазір ешбір ел аяқ аттап баса алмайды. Өкінішке қарай, Қазақстан бүкіл жүйені, денсаулық сақтау жүйесін де, білім беру жүйесін де, мемлекеттік басқару жүйесін де ақпараттандыруда тым артта келе жатыр. Сондықтан, қарқынды дамып, ақпараттандыру көшіне ілесуіміз керек. Қазір бізге мықты IT-мамандар керек. Жуырда ғана, осы аптаның басында мен Мəскеуге барған едім. Мəскеу - білім саласында көп жаңалық ашып отырған қала. Сонда мен робот құрастыра алатын, ғаламторда программаны модельдей алатын бірінші сынып оқушыларын көрдім. Тіпті фантастика дерсіз. Бірақ, баланың бəрі бірдей емес пе!?», - деген Д.Назарбаева кінарат біздің білім беру жүйесіндегі олқылықтарда деп атап өтті.

«Яғни, айырмашылық - білім беру жүйесінде, оқытудың əдіс-тəсілінде жатыр. Өздеріңіз елестетіп көріңіздерші, егер білім жүйесін толық ақпараттандырып алсақ, Білім жəне ғылым министрлігінің таусылып бітпейтін есептері жойылар еді, аяқталмайтын тексерулері тоқтап, мың тонна құжатты ары-бері тасымалдамайтын едік. Қазір сол мың тонна құжатты біреу керек қылып оқиды дегенге күмəнім бар. Яғни, бүкіл ақпаратымыз желіде болады, бір жүйеде болады. Осылай жұмыс істеу əлдеқайда жеңіл емес пе!?»,-деді Д.Назарбаева.

Автор: Кенжекей Тоқтамұратқызы


Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар