Өзектi

Қазақстан ғарыш саласында түбегейлі жетістіктерге жету үшін зымыранды-ғарыштық машина жасау өндірісін қалыптастыруы қажет - Ө.Қасымов

26.10.2015

6254

Қазақстан ғарыш саласында түбегейлі жетістіктерге жету үшін зымыранды-ғарыштық машина жасау өндірісін қалыптастыруы қажет. Бұл пікірді ҚазАқпарат тілшісіне Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Аэроғарыштық және арнайы машина жасау» арнайы конструкторлық бюросының жетекшісі Өмірзақ Қасымов білдірді.
«Жаһандық ғарыштанудың заманауи даму кезеңінде ғарыш кеңістігін игеру үшін бірігіп жұмыс жасау үрдістері жылдан-жылға күшейіп келеді. Жүргізіліп жатқан ортақ ғарыштық бағдарламалардың саны көбеюде. Ал сол бағдарламаларға Қазақстан да қатысу үшін барлық әрекетін жасауда. Қазақстанның болашақ жоспарлары ғарыш кеңістігін тек бейбіт түрде ғана игеруге бағытталған. Осының дәлелі ретінде іске қосылған қазақстандық ғарыш кешенін, оның ішінде ғарыштағы аппараттарын басқаруға арналған инфрақұрылымды және жер төңірегіндегі екі телебайланыстық және екі жерді қашықтан бағдарлайтын кеңістіктікті көре алу мүмкіндігі орта және дәл дәрежедегі ғарыштық аппараттарды айтса болады»,- деді ол.

Ғалым өз сөзінде таяуда ғана халықаралық ғарыш стансасына он күндік іссапарға қазақтың үшінші, ал егемен Қазақстанның бірінші ғарышкері Айдын Айымбетов барып келгенін атап өтті.

«Ол іссапар барысында маңыздылығы жоғары ғылыми тәжірибелердің алғашқы қадамдарын атқарды. Болашақта келесі Қазақстандық ғарышкерлердің ғарыштық сапарға ұзақ мерзімге баруы мүмкін болған жағдайда олар ел экономикасына қажетті талай ғылыми жұмыстарды атқаратыны даусыз», - деді Ө.Қасымов.

Оның пайымынша, Қазақстан ғарыш саласында түбегейлі жетістіктерге жету үшін зымыранды-ғарыштық машина жасау өндірісін қалыптастыруы қажет. Бұған қоса, Астанадағы салынып жатқан ғарыштық аппараттарды құрастыру өндірісі заманауи ғарыштық технологияларды игеріп, әлемдік деңгейде дамуы үшін Халықаралық зымыранды технологияны қадағалайтын комитетке мүше болып кіру ауадай қажет. Бұл комитетке мүше болып кіру үшін Қазақстанның өзіндік меншікті қалыптасқан зымырандық технологиясы болуы шарт. Қазіргі кезде осы комитеттің мүшелері өзара технология алмасып, бір-біріне зымыранды-ғарыштық техниканың функционалдық модулдерін бере алады. Ал мүше емес мемлекеттерге бұл модульдерді «екі мақсатта пайдалану» деген сылтаумен беруге тыйым салынған.

«Негізінде Кеңес Одағы кезінде зымырандық технология Қазақстан жерінде, Петропавл ауыр машина жасау зауытында болған және де сол технологиялық құжаттар әлі де сақталған. Ал Үкімет тарапынан тапсырыс болған жағдайда осы технологияны қайтадан игеріп дамытуға Қазақстанда зымырандық технология бойынша конструкторлық және өндірістік тәжірибесі және қабілеті бар мамандар бар», - деді профессор.

Оның сөзіне қарағанда бүгінде Астана қаласында қоғамдық түрде құрылған «Аэро-ғарыштық және арнайы машина жасау» арнайы конструкторлық бюросының жұмысын жүргізуге бірнеше мамандар, оның ішінде таяу және шалғай мемлекеттік аэроғарыштық университеттерінің түлектері де, ат салысуда. Конструкторлық бюроның алғашқы мақсаты - қатты отынды шағын зымыран технологиясын игеру. Ал келесі мақсат - алдыменен бір сатылы, одан кейін екі және үш сатылы, басқару жүйесі жоқ және бар, қатты отынды шағын зымырандардың, оларды ұшыратын старттық шағын платформалардың конструкцияларын жобалап, өндіріске енгізіп, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы зымыранын сәтті ұшыру.

«Осы жоспарлардың маңыздысы - мөлтек, не болмаса, нано ғарыштық жер серіктерін, тұрақты түрде, жерге таяу орбитаға жеткізіп тұратын шағын ғарыш айлағын - мини космодромды іс жүзінде жүзеге асыру. Қазіргі кезде ғарыш саласында әрекет жасап жатырған шет елдік мамандардың басым көпщілігі осы нано ғарыштық аппараттарға аса назар бөлуде. Әлбетте, бұл жоспарлар әжептәуір еңбекті, әрекетті қажет етеді. Бірақ «шешінген судан тайынбас» деген, осы жоспарды іске асыруға қазақтың зымыранды-ғарыш саласындағы маман жастары дайын отыр десе де болады. Тағы да бір айтатын жағдай - осы зымыранды-ғарыш саласында мамандар дайындайтын арнайы кәсіби жабдығы және кәсіби мамандары бар оқу орынын ашу қажет», - деді Ө.Қасымов.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар