Айтулы шара

26.09.2014 Қазақстанда медициналық туризм дамып келеді

Бүгін Астанада ФЕМТЕК Сумен емдеу және климатпен емдеудің Дүниежүзілік Федерациясының 67-ші Конгрессі өз жұмысын бастады. Әлемдегі жетекші дауажай және емдеу-сауықтыру орталықтарының өкілдерінен құралған жиынға қатысушылар алдында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С.З.Қайырбекова сөз сөйледі.

Ол медициналық туризм орталығы ретінде дамыту үшін Қазақстанның әлеуеті жеткілікті екенін атап көрсетті. Халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи медициналық орталықтар тек Астанада емес, облыс орталықтарында ашылып, жұмыс істеуде. Халықаралық аккредитациядан өткен Ұлттық медициналық холдинг клиникалары да шетелдік емделушілерді Қазақстанға тартып, медициналық туризмді дамытуға ықпал етіп келеді.

Салидат Қайырбекова сондай-ақ, дауажай-шипажай саласы да мемлекеттік саясаттың және ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бағыты екенін атап өтті. Бұл саланы дамыту аурулардың алдын алу және науқастарды қалпына келтіру емін, оңалту шараларын тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда республикада 35 оңалту орталығы халыққа қызмет көрсетуде. Ағымдағы жылғы мамырда ҚР Үкіметінің қаулысымен 2020 жылға дейінгі мерзімге арналған туристік саланы дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Сол бойынша елімізде медицналық туризмді дамыту, сонымен қатар медициналық қызмет саласы мамандарын оқыту және даярлау қарастырылған.

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғындарға медициналық оңалту қызметін көрсету стандарттары әзірленді. Балалар неврологиялық қызметін жетілдіру, сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту бойынша жол картасы бекітілді. 2016-2020 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамытудың жаңа бағдарламасы жобасын әзірлеуде халықаралық стандартарға негізделген оңалту көмегін жетілдіру шаралары қарастырылатын болады. Сондай-ақ, науқастарды оңалтудың заманауи кешенді шараларын енгізу, тиімді қаржымен қамтамасыз етілген оңалту ұйымдарының желісін кеңейту көзделген. С.З.Қайырбекова бүгінгі іс-шара Қазақстанда дауажай-шипажай қызметін және оңалту көмегін әрі дамытуға және жетілдіруге ықпал етіп, өз үлесін қосарына сенім білдірді.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік

даму министрлігінің баспасөз қызметі

2647
Қатысушылар
Қатысу