Айтулы шара

08.09.2014 Ғылым – ғылыми ақпаратсыз алға баспайды

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-да болып, орталықтың жұмысымен танысты. Кездесуге вице-министр Такир Балықбаев, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасы Саят Нүсіпов және «ҰҒТАО» АҚ-ы президенті Әділ Ыбыраев қатысты.
Басқосуда сөз алған «ҰҒТАО» АҚ-ы президенті Әділ Ыбыраев орталықтың отандық ғылымды дамытуда атқарып жатқан жұмыстары жайында қысқаша баяндап берді.


– Қазіргі таңда «ҰҒТАО» АҚ-ы отандық ғылымды ғылыми-техникалық ақпаратпен тиісті деңгейде қамтамасыз етуде. Осылайша біздер еліміздің әлемдік ғылыми-инновациялық үрдіске ілесіп, өзінің әлеуетін танытуға жола ашып отырмыз. Бұл ретте ҚР Білім және ғылым министрлігі барынша қолдау көрсетіп келеді. Қазір орталық қызметкерлері мемлекет қаржысы есебінен ҒЗТКЖ, диссертациялар мен ғылыми-техникалық жобалардың есебін жүргізіп, еліміздің ғылыми дамуын қалыптастыруда. Бұдан басқа инновациялық жобалар мен патенттердің мәліметтер қорын қалыптастыру ісі де маңызды жұмыстарымыздың біріне айналған. Халықаралық ғылыми-техникалық мәлімет қорларына қол жеткізу бағытында да көптеген жұмыстар атқарып, ғылыми ынтымақтастықтың өрісі кеңейіп келеді. Соңғы уақыттары орталық қызметкерлері дайындаған сараптамалық материалдарға салалық ведмоствалар зор қызығушылық таныта бастаған. Жан-жақты зерделеуден өткен сараптамалық материалдар еліміздің экономикалық тұрғыдан дамуына септігін тигізе бастағанын мақтанышпен айта аламын. Алдағы уақытта мемлекеттік органдармен байланыс тереңдетуге барынша күш салатын боламыз, – деді «ҰҒТАО» АҚ-ы президенті Әділ Ыбыраев.
«Ғылым туралы» заңға өзгеріс енгелі бері Қазақстан ғылымы әлемдік ғылыми-техникалық үрдіске кіріге бастады. Бір ғана гранттық қаржыландыру жүйесі ғалымдардың ғылыммен шындап айналысуына жол ашты. Ғылыми-техникалық жобалар бойынша мемлекеттің арнайы грантына қол жеткізген ғалымдар жобасын іске асыру барысында қажетті құрал-жабдықтарға да қол жеткізетіні белгілі. Осы ретте «ҰҒТАО» АҚ қызметкерлері құрал-жабдықтарды ғылымды дамытуға барынша пайдалану үшін өзінің жобасын ұсынып отыр. Жаңа ұсыныс бойынша орталық ғылыми мекемелермен тығыз әріптестік байланыс орнатып, еліміз бойынша қандай құрал-жабдықтардың бар екенін жүйелеп, маңызды ақпаратты ғалымдардың назарына ұсынбақшы. Осылайша бір оқпен екі қоян атып, мемлекет қаржысын үнемдеуге баса көңіл бөліп отыр. Басқосуда Әділ Ыбыраев еліміз бойынша жинақталған ғылыми жұмыстардың негізінде «Антипалагиат» жүйесін қалыптастырып, ғылымдағы жиендік жасауға барынша тосқауыл қоюға үлес қосып отырғандарын айтты.
– Соңғы уақыттары бірқатар ЖОО-лар ғылыми жұмыстарды плагиаттық тексеруден өткізе жүргені көпшілікке мәлім. Олардың ғылыми жұмысқа плагиат бойынша тексереу жүргізетіндей ғылыми мәліметтер базасы ауқымды емес. Ал біздің орталық еліміз бойынша ғылыми жұмыстарға тіркеу жүргізіп, ғылыми-техникалық мәліметтер базасын қалыптастырып отырған бірден-бір мекеме. Сондықтан еліміздегі ғылыми жұмыстарда орталықтың «Антиплагиат» жүйесінен өткізудің мәні зор деп есептеймін, – деді орталық президенті.


Өз кезегінде сөз алған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов орталықтың жұмысын ұдайы бақылап, назарда ұстайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, сала басшысы қазіргі дамыған заманда ғылымды дамытуда ғылыми ақпараттың орыны ерекше екенін жиналған жұрттың назарына салып өтті. Ол бұл бағытта «ҰҒТАО» АҚ-ы қызметкерлері көп еңбектенуі керек екенін де алға тартты. Кездесуден кейін министр ғылыми ақпаратты жүйелеп отырған білікті мамандардың жұмысымен жекелей танысып, олардың ісіне табыс тіледі.

2551
Қатысушылар
Қатысу