Айтулы шара

11.07.2015 Аграрлық саланы дамытатын ғылыми жобалар

Соңғы уақыттары «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы қазақ ғалымдарының ғылыми жобаларына инвестиция тарту мақсатында «Инновациялық көпір: Ғылым және Бизнес» тақырыбында Диалог алаңын ұйымдастырып, ғылым мен бизнестің арасына дәнекер болып жүр. Күні кеше ғана «ҰҒТАО» АҚ-ның ғимаратында бас қосқан ғалымдар мен іскер топ өкілдері маңызды ғылыми жобаларды талқылады.


«ҰҒТАО» АҚ Ғылымды коммерциялау және халықаралық департменті ұйымдастырған «Диалог алаңының» бұған дейінгі басқосуларында ғылымның түрлі салалары бойынша жобалар инвесторлардың назарына ұсынылған еді. Бұл жолы департамент қызметкерлері тек қана ауыл шаруашылығы саласы бойынша еңбек етіп жүрген ғалымдардың басын қосып, олардың маңызды ғылыми жобаларын әлеуетті инвесторлардың назарына ұсынды. Осылайша ғылымның нақты бір саласы бойынша қызығушылық тантқан топтардың басын қосып, олардың көкейінде жүрген мәселелерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік туғызды. Маңызды басқосуға «Агротехнологияны трансфенттеу және коммерциялау орталығының» өкілі Құрманғазы Омаров, «Қазагомаркетинг» компаниясының Алматы қаласындағы бөлімшесінің директоры Жәния Сәрсембаева, «ҚазАгроГрант» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Тажмакин қатысып, ғылыми жобаларға қызғушылық танытты. Жиын барысында сөз алған «ҰҒТАО» АҚ президенті Әділ Ыбыраев отандық ғалымдардың ғылыми жобаларын әлеуетті инвесторларға кеңінен таныстырып, оның өндірісте енуі үшін орталық маңызды жұмыстарды қолға алып отырғанын жеткізді.


– Ғылым мен бизнестің басын қосу мақсатында ұйымдастырған «Диалог алаңы» шарасын қолға алғанымызға көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ қоғамдық орта тарапынан бұл жұмысымыз айрықша қолдауға ие болып отыр. Бұған дейін ұйымдастырылған шаралардың нәтижесінде кәсіпкерлер мен ғалымдар ортақ келісімге келіп, бірнеше ғылыми жобаларды өндіріске енгізуге кірісіп кеткені көңілімізге қуаныш ұялатады. Жалпы, біздің орталық қазақстандық ғалымдардың ғылыми жобаларын іске асыруда сырт елдерден де әлеуетті инвесторлар тартып, «Диалог алаңының» аясын кеңейтуге күш салып жатыр. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «5 реформа, 100 қадам» бағдарламасын жүзеге асыруға қосқан үлесіміз деп білемін. Осылайша қазақ ғалымдары елімізде инновациялық экономика құруға өз үлесін қосуға жол ашып отырмыз, – деп ойын ортаға салды.

Бұдан кейін ғалымдар мінбеге көтеріліп, өздерінің ғылыми жобалары жайында жиналған қауымға таныстырды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновациялық орталығының ғылыми қызметкері Бауыржан Құрманов төрт түлікті түрлі ауырулардан қоғауға бағытталған вакцианалары жайында әңгімелесе, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымы Мұсатила Тоханов түйе сүтін өңдеуге қатысты тың ғылыми жобасы жайында айтып берді. Таза, вируссыз, көп өнім беретін картоптың тұқымын шығарған жас ғалым Дархан Балапанов еліміздегі шаруаларға сапалы тұқым дайындап, өзінің ойлап тапқан маңызды технологиясымен бөлісуге дайын екенін алға тартты. Ал Алматы технология университетінің ғалымы Анна Адмаева қауыннан шырын өндіріп, ішіндегі дәнінен май алудың мәні мен мазмұны жайында баяндады. Ал биология ғылымдарының докторы Мәсімжан Велямов қызылша мен сәбізден адам денсаулығы пайдалы пектин алудың құпиясымен бөлісті. Ғылым жобаларға қызығушылық танытқан әлеуетті инвесторлар шара барысында ғалымдарға түрлі сұрақтар қойып, қызығушылықтарын білдірді.


«ҰҒТАО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі.

2552
Қатысушылар
Қатысу