Айтулы шара

14.03.2015 Сенімді бекемдеген шешім

«Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы ұжымы бас қосып, «Нұр Отан» партиясы атынан кезектен тыс Президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидат ретінде тіркелуін қолдайтындықтарын мәлімдеді. Жиын барысында «ҰҒТАО» АҚ-ы президенті Әділ Ыбыраев кезектен тыс президент сайлауын өткізу саяси-экономикалық тұрғыдан қабылданған дұрыс шешім екенін тілге тиек етті.
Жиынды ашып, әріптестері алдында сөз сөйлеген «ҰҒТАО» АҚ-ы президенті Әділ Ыбыраев:
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның өсіп, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс Президент сайлауына үміткер ретінде Нұрсұлтан Әбішұлын ұсынуын толықтай қолдаймыз. Съезд барысында Ұлт Көшбасшысы алдағы уақытта сот жүйесі, құқық қорғау саласында заман талабына сай реформа жүргізу керектігін айта келе, мемлекеттік қызметтің сапасын жақсартудың маңызына тоқталды. Алдағы уақытта «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында елімізде 200 мыңнан астам жұмыс орынын ашу жоспарлануда. Әлемде мұнай бағасы құлдырап, көптеген елдер экономикалық қиыншылықтармен бетпе-бет келгенде Қазақстан әлеуметтік салаға бөлетін қаржысын бір тиынын да қысқартпай алға қадам басып келеді. Мұның ішінде ғылым мен білімге де айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтуға тиіспін. Мұндай игілікті істерге біздер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп отыр. Сондықтан алдағы кезектен тыс Президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаевтың үміткер ретінде тіркелуі барша қазақстандықтардың болашаққа деген сенімін ұштай түсетіні анық, – деп орталық басшысы көкейге түйген ойын ортаға салды. Бұдан кейін мінбеге көтерілген «ҰҒТАО» АҚ-ы вице-президенті Маринат Бапиева ойын былайша сабақтады:
– Күні кеше ғана «Нұр Отан» партиясының съезінде Мемлекет басшысы делегаттарға елімізді өркендету үшін маңызды міндеттер қойып, оны бірлесіп орындауға шақырды. Осылайша Елбасы еліміздің экономикалық дамуын бәсеңдетпей, одан ары алға қарай ілгерілетудің маңызына тоқталды. Съезд барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы атынан кезектен тыс Президент сайлауына түсуге келісімін беруі маңызды шешім болғаны сөзсіз. Өз басым алдағы уақытта Нұрсұлтан Әбішұлының көрегенді саясатының арқасында толағай табыстарға қол жеткізетінімізге сенімдімін, – деді.
Жиын барысында Ғылыми-техникалық ақпартты интеграциялау департаментінің жетекші ғылыми қызметкері Архимед Жанғазиев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас қаламыздың Сарыарқа төріне көшіруі тарихта мәңгі қалатынын алға тартты. Сондай-ақ, ол Ұлт көшбасшысының Қазақстанды әлем танитын мемлекеттердің қатарына қосу жолындағы ерен еңбегін саралай келе, Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс Президент сайлауына «Нұр Отан» партиясының атынан кандидат ретінде тіркелуі халықтың болашаққа деген сенімін оятқанын алға тартты. Басқосуда сөз сөйлеген Юзефа Кульевская Ұлт көшбасшысының ұлтаралық татулықты сақтау жолында атқарған жұмыстары жайында баяндады. Ал орталықтағы жастар атынан пікір білдірген Асқар Тілеубаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы атынан үміткер ретінде тіркелгені жас буынды жігірлендіргенін жеткізді. Жиын соңында «ҰҒТАО» АҚ-ы Қоғаммен байланыс және баспа бөлімінің директоры Иван Войцеховский «ҰҒТАО» АҚ-ы қызметкерлері дайындаған Үндеуді оқып берді. Жиналған қауым Үндеудің мәні мен мазмұнын жете түсініп, оны бір ауыздан қолдағанына куә болдық. Осылайша орталық қызметкерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы атынан кезектен тыс Президент сайлауына үміткер ретінде тіркелуін қолдайтіндарын білдірді.

2355
Қатысушылар
Қатысу