Ғылыми жаңалықтар

Досан Байгереев: Бұл жоба мұнай шығаратын өнеркәсіпте қолданбалы маңызы зор сүзу мәселелерін шешудің әдістерін жасауға бағытталған

20.05.2020

3880

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті (ШҚМУ) мұнай шығару саласындағы сүзу мәселелері бойынша ғылыми жобасын ұсынып, тағы бір грантты иеленді. Бұған дейін осы ЖОО жас ғалымы Максим Сутуланың ғылыми жобасы туралы жазған болатынбыз. ШҚМУ Жаратылыстану ғылымдары және технологиялар факультетінің математика кафедрасының доценті, PhD докторы Досан Байгереевтің ғылыми жобасы да сараптамалық және Ұлттық ғылыми кеңестің қорытындысы бойынша 167 жобаның ішінен 2-орынды иеленген. Ғалымның «Сызықты емес көп фазалы фильтрация есептерін шешудің параллельді ақырлы элементті әдістерін құру және зерттеу» тақырыбындағы ғылыми жобасы жоғары бағаланып отыр.

Қазір жаратылыстану ғылымдары және технологиялар факультеті университеттің ірі құрылымдық бөлімшесі. Факультетте біліктілігі жоғары мамандар жұмыс атқарады, оның ішінде 7 ғылым докторы, профессорлар, 40-тан аса ғылым кандидаттары, доценттер, 8 PhD докторлары. Мықты оқу-зертханалары мен ғылыми-техникалық база да бар. Компьютерлік және мультимедиялық сыныптар, робототехника кабинеті жұмыс істейді.

Бұл модель мұнай кен орнын игеру көрсеткіштерін болжамды есептеуге мүмкіндік береді

– Жоба мұнай шығару өнеркәсібінде қолданбалы маңызы зор сүзу мәселелерін шешудің әдістерін жасауға бағытталған. Бұл модельдер мұнай кен орнын игеру көрсеткіштерін болжамды есептеуге мүмкіндік береді. Осы жұмыс аясында сызықтық емес фильтрацияның төрт класына арналған әдістер жасалады, ал алдыңғы зерттеулерге қарағанда бұл модель фильтрация процесін дәл сипаттауға мүмкіндік беретін физикалық факторларды ескереді. Сондықтан сүзгілеу процестерін дәл сипаттауға мүмкіндік береді, – дейді Досан Байгереев.
Сонымен қатар, жоба жетекшісі бір кен орнын игеруді есептеу бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін екенін, сондықтан есептеуді айтарлықтай тездететін тиімді параллельді алгоритмдерді жасау мәселесінің өзекті болып отырғанын жеткізді.
Маманның айтуынша, жоба ақырлы элементтер әдістерінің жинақталу мәселесін зерттейді. Жұмыс барысында тездетудің теориялық бағасы алынып, параллель алгоритмдердің тиімділігіне апостериорлық талдау жасалатын болады.

Әзірленген әдістер, параллель алгоритмдер жаңа коммерциялық гидродинамикалық симуляторға негіз бола алады


– Біздің университеттің (С.Аманжолов атындағы ШҚМУ) жобаны жүзеге асыруда мықты материалдық-техникалық базасы бар. Есептеу эксперименттерін жүргізу үшін бірнеше ондаған жоғары өнімді серверлер жұмыс істейді. Соның өзінде, жоба аясында қосымша есептеу жабдықтарын сатып алу, қажетті бағдарламалармен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен қатар, шығындар халықаралық конференцияларда зерттеу нәтижелерін талқылауға арналған ғылыми іс-сапарларға байланысты болады, – деп отыр Досан Байгереев, – Ең алдымен, бұл жоба бойынша іргелі зерттеулер жүргізілетінін айта кеткен жөн. Алайда алынған нәтижелер көмегімен көп мәселенің шешімін табуға болады. Мысалы, әзірленген әдістер, параллель алгоритмдер жаңа коммерциялық гидродинамикалық симуляторға негіз бола алады немесе оларды мұнай кен орындарын игеруде қолданылатын бағдарламалық жиынтыққа енгізуге болады. Ұсынылған зерттеулер мұнай өндірудің тиімділігін бағалаудың сандық әдістерін жасауға ықпал етеді.



Зерттеу нәтижелерінің еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетінің деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырары сөзсіз

Зерттеу нәтижелері есептеу математикасының әдістерін дамытуға, соның ішінде параллель алгоритмдерді құру саласына да ықпал етеді.
Көрсеткіштерді болжауға және мұнай кен орнын игерудің тиімділігін бағалауға арналған бағдарламалық жасақтаманы жасаушылар ғылыми зерттеу нәтижелерінің мақсатты тұтынушылары болып табылады. Сонымен қатар, мұнай кен орындарын барлаумен және пайдаланумен айналысатын кәсіпорындар мен компаниялар да тұтынушы болуы мүмкін.
Зерттеу нәтижелері есептеу математикасы мен параллельді есептеу саласындағы мамандар үшін де пайдалы болады.
Зерттеу нәтижелерінің Қазақстанның ғылыми-техникалық әлеуетінің деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігіне әсер етері сөзсіз: жобада пайдаланылған міндеттер өзекті, оны халықаралық қауымдастық белсенді түрде зерттеуде, сондықтан осы салада алынатын кез-келген нәтиже Қазақстанның ғылыми-техникалық әлеуетінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Әңгімелескен Толқын Садырова,

Қоғаммен байланыс бөлімі

«« | »»
Соңғы жаңалықтар