Ғылыми жаңалықтар

Қазақстандық дәрігер – ТМД елдеріндегі ең үздік жас ғалым

30.04.2020

3819

Қазіргі таңда өзіндік бағыты мен ұстанымы бар, өз саласының білікті маманы атанып жүрген Назгүл Омарбаева Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОжР ҒЗИ) дәрігер-маммологы. Ол жас ғалымдар арасында ұйымдастырылған ТМД және Еуразия елдерінің онкологтары мен радиологтарының XI съезінде ең үздік жас ғалым атанды.


Назгүл Омарбаева – маммология орталығының бірінші санатты дәрігері, PhD докторанты. Ол 1987 жылы Талдықорған қаласында туған. 2004 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түсіп, бірінші курстан кейін білімін «Болашақ» бағдарламасы бойынша И.М.Сеченов атындағы Мәскеу мемлекеттік медициналық университетінде жалғастырған. 2011 жылы онкология мамандығын интернатурасымен бірге үздік бітірген. 2012 жылы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының резидентурасында оқыған. Вашингтонда National cancer institute және Сингапурда National institutes hospital тәжірибесінен өткен.

Бұл съезде ТМД-ғы Ресей мен Қазақстан, Өзбекстан мен Беларусь елдерінен бірнеше ғалым өздерінің еңбектерін ұсынған болатын. Олардың арасынан ҚазОжР ҒЗИ базасында жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша дайындалған, Назгүл Айдарбекқызының сүт безінің қатерлі ісігіндегі генетикалық зерттеулердің еліміздегі рөлі, жаңа буынды секвенирлеу нәтижелері бойынша жасаған ғылыми еңбегі үздік деп танылды. Зерттеу жұмыстары ҚазОжР ҒЗИ басқарма төрайымы, ҰҒА академигі, профессор, м.ғ.д. Д.Р.Қайдарованың жетекшілігімен жүргізілді.
Мамандардың айтуынша, Next-Generation Sequencing (NGS) негізіндегі зерттеу сүт безі обыры кезінде генетикалық мутацияларды анықтауға, скринингтік бағдарламаны жетілдіру бойынша бейімділіктің геномдық диагностикасын әзірлеуге, сүт безі обырының алдын алуға және уақтылы диагностикалауға мүмкіндік берді. Жергілікті популяцияда диагностикалық маңызы бар мутацияларды іздестіруді қажет ететін, жекелеген елдер мен этникалық топтар арасында айрықша ерекшеленетін мутацияның спектрі белгілі болған. Елімізде алғаш рет сүт бездері обырының тұқым қуалайтын гендерінің мутациялары анықталып отыр.
Жас ғалым бұған дейінгі БАҚ сұхбаттарының бірінде: «Қазіргі заманда өзекті тақырыптырдың бірі – онкология саласы. Қазақ әйелдерінің сүт безі обырына ұшырауы туралы мәселе менің осы мамандықты таңдауыма сеп болды», деген. Содан бастап, яғни студент кезінен-ақ ісік жасушаларының генетикасы мен молекулалық биологиясымен айналыса бастаған. 5-курста қосылған онкология сабақтары Назгүлге ерекше әсер қалдырған көрінеді. Ол салада жұмыс істейтін мамандардың ісіне шапшаңдығымен, зияткерлігімен, науқастармен араларындағы жылы қарым-қатынастарымен ұнағанын айтады. Сол себепті институт қабырғасындағы түрлі үйірмелерге қатысып, білімді мамандармен бірге жұмыс істей бастаған. Интернатурада жүргенде әртүрлі оталарға көмекші ретінде қатысып, атсалысқан. Сондықтан болар Назгүл Айдарбекқызы Ресейдегі үздік дәрігерлердің де назарына іліккен. Дегенмен, жас ғалым өз білімін өз елінде қолдануды жөн деп тауып, қазіргі таңда Алматы қаласындағы онкологиялық орталықта (ҚазОжР ҒЗИ) қызмет етіп жүр. Ол әрбір науқаспен бірге қобалжып, бірге қуанатын, әр адамның денсаулығына уайым жейтін ақ халатты абзал жанның бірі.
Науқастарының ғұмырын ұзартуды алға тартқан дәрігер біліктілігін арттыру үшін шет елдерге шығып, халықаралық конференцияларға да жиі қатысып отырады. «Біздің мақсатымыз қатерлі ісіктің алдын алу, барынша науқастың дертін І-ІІ сатысынан асырмау болып табылады», – деген ол отандастарына уақытында скринингтен өтіп тұруға кеңес береді.

Қоғаммен байланыс бөлімі

«« | »»
Соңғы жаңалықтар