Әлемдегі ғылым

Отандық ғалымдар энергияны үнемдеу жолдарын қарастыруда

10.02.2023

827



Соңғы 20 жылда әлемде әртүрлі ақаулардың қабаттасуы, соның ішінде электр станцияларының ашық тарату қондырғыларының (АТҚ) істен шығуынан техногендік апаттар орын алғаны белгілі. Мысалы, 2003 жылы АҚШ пен Канадада, 2005 жылы Еуропаның бірнеше елдерінде, 2017 жылы Ресейдің ЕЭС Шығыс Біріккен энергетикалық жүйесінде апаттық жағдайлар тіркелген болатын. 

Сала мамандары сыртқы тарату қондырғыларының тізбектерінің схемасын жетілдіру арқылы апатты жағдайларда электр энергиясының үздіксіз таралуына септесуге болатынын айтады. Өйткені, қуаттылығы 300-800 МВт болатын бір блок қана жұмыс істеп тұрса да энергияны үнемдеуге қосылған қомақты үлес болып саналады. Қазіргі таңда бүкіл әлем сыртқы тарату құрылғыларының схемасының сенімділігін арттыру үшін мұнай және ауа ажыратқыштарын неғұрлым сенімді газ ажыратқыштарымен алмастыруда. Дегенмен, кейбір жағдайларда оның өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Мысалы, 2018 жылы АҚШ-та бірнеше автоматты ажыратқыштардың бір уақытта істен шығуына байланысты 1,2 ГВт атом электр станциясы істен шығып қалған. 

Торайғыров атындағы университеттің ғалымдары электр станцияларының сыртқы тарату құрылғыларының жаңа схемаларын әзірлеу арқылы энергияны үнемдеу жолдарын қарастыруда. Қолға алған ғылыми жобаның идеясы сыртқы тарату құрылғыларының тізбегіне қосымша ажыратқыштарды енгізу болып табылады. Бұл одан зақымдалған элементті ажырату сенімділігін айтарлықтай арттырады және апаттың одан әрі дамуына жол бермейді. Жаңа схемаларды қолданудың орындылығын бағалау үшін жеткілікті қарапайым және жақсы тексерілген кестелік-логикалық әдіс қолданылады. 

Қазірдің өзінде электр станцияларының сыртқы тарату құрылғыларының схемаларын құру теориясы әзірленді. Оның ішінде тізбектердің сенімділігін бағалаудың кестелік-логикалық әдісі жетілдіріліп, оның негізінде электр станцияларының сыртқы тарату құрылғыларының сұлбаларының сенімділігін бағалаудың алгоритмі мен бағдарламалық құралы жасалған.  
Екі жаңа блоктық типті тарату құрылғыларының сұлбасы әзірленді (бір генератор-трансформатор блогы және бір желі; екі генератор-трансформатор блогы және екі желі). 

Белгілі және әзірленген блоктық типті және көпбұрышты сыртқы тарату құрылғыларының схемасына жүргізілген техникалық-экономикалық салыстыру жұмысы 110÷750 кВ ауа және газ сөндіргіштері бар ЖЭО, КЭС, СЭС және АЭС схемаларына қосымша сөндіргіштерді енгізу 100÷1200 МВт блоктарда жылына (2÷125) ГВт/сағ-ға электр энергиясын таратудың апаттық жетіспеушілігін азайтатынын көрсеткен. Бұл ретте келтірілген шығындарды азайту есебінен 4-тен 300 миллион долларға дейін экономикалық жағынан тиімді болмақ. 

Ғылыми жоба: AP09058249 «Электр станцияларының ашық тарату қондырғыларының жаңа схемаларын әзірлеу арқылы энергияны үнемдеу» 

Ғылыми жобаның жетекшісі: Александр Барукин, PhD докторы.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар