Әлемдегі ғылым

Балқаш маңындағы жайылымдарды қалпына келтіру технологиясы әзірленбекші

12.01.2023

411


Сурет авторы: LRBurdak. CC BY-SA 3.0, https://commons.wikimedia.org/w/index.php?curid=6728087

Ата-бабамыз ертеден бері мал шаруашылығымен айналысып, жердің шұрайлы, малға жайлы жерлерін мекендеген. Ғалымдардың мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде шалғын 188 млн гектар жердің 124 миллион гектары шөл және шөлейт аймақтарға тиесілі. Яғни, отарлы мал шаруашылығының бір бөлігі осы аумақта орналасқан.  

Жайылымды жүйесіз пайдалану бүгінде жердің күйреуіне әкелуде. Жалпы, бұл біздегі ғана емес жаһандық проблемаға айналған. Дүниежүзілік ресурстар институтының мәліметтері бойынша, Қазақстан Республикасы аумағының 99,2%-ы шөлейттенуге бейім жерлерді алып жатыр. Сондықтан, жерді қайта қалпына келтіру мәселесі Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті ғалымдарының қолға алған жобасында көрсетіледі.  Олар алыстағы жайылымдарды игеру арқылы күйреу үстінде тұрған жерлерді бұрынғы қалпына келтіруге болады деп отыр. Осыған байланысты деградацияланған жерлердің өсімдіктері мен топырақ қабатын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Деградациялану құмды немесе құмды топырақты жайылымдарда ерекше байқалады. Қазақстанда ондай жерлер 25 млн. га-дан асады екен. Соның ішінде Балқаш аймағында 7,3 миллион гектар жерде мәңгі су мен орман жетіспейді. 

Топырақ пен өсімдіктерді қайта қалпына келтіру үшін сол жерге сіңіп кететін өсімдік түрлерін отырғызу қажет. Бұл жағдайда сексеуіл, жүзгін сияқты құрғақ өсімдіктердің көптеген түрлерін қолдануға болады. Олар жайылымдардың өнімділігін арттырып қана қоймай, құмды шөл топырағының тозуы нәтижесінде пайда болған жылжымалы құмдардың бекітілуіне ықпал етеді. Бірақ, отырғызылған өсімдіктер жетіліп кетуі үшін ол жерлерді қолдан суғару керек. Іс жүзінде қолдан суғару мүмкін болмағандықтан, ғалымдарымыз құмды жерлерді жауын-шашын мөлшерінде автономды жақсартуды қамтамасыз ететін заттардың барлық түрін пайдаланбақшы. Яғни,  жаңа материалдарды – синтетикалық полимер гидрогельдерін (СПГ) қолданады. Бұл құмды топырақтың ылғал сыйымдылығын едәуір арттырады. Оларды өсімдік шаруашылығы өндірісінде қолдану тәжірибесі көрсеткендей, СПГ құмды және құмайтты жерлердің ылғалдылығын және су өткізгіштігін едәуір арттырады. Осылайша, жоба бағдарламасы Оңтүстік Балқаш аймағының құмды жайылымдарының антропогендік деградациясы нәтижесінде пайда болған жылжымалы құмдардың ошақтарының өсімдіктері мен топырақ жамылғысын қалпына келтіру мәселесін шешуге бағытталған. Жобалық бағдарламаны жүзеге асыру барысында орманды нығайтатын орманбұталардың (сексеуіл, жүзгін, тораңғы және т.б.) көшеттерін отырғызу кезінде әртүрлі ауа ағымының жылдамдығы мен синтетикалық материалдардан жасалған полимерлі гидрогельдер көмегімен желден қорғайтын торларды қолдана отырып, жылжымалы құмдарды бекітудің механикалық және фитомелиоративті әдістерінің жетілдірілген әдістері қолданылады. Далалық жағдайда шөлді құмды топырақтардың және олардың антропогендік тұрғыдан нашарлаған аналогтарының - жылжымалы құмдардың гидротермиялық құбылымдары және су-физикалық қасиеттері (су сыйымдылығы, солу ылғалдылығы) зерттелетін болады. Жылжымалы құмдардың қозғалмалылығын төмендету үшін жел қалқандарын орнату түрлері мен әдістерінің тиімділігі сыналмақшы. Зертханалық жағдайда физикалық модельдеу әдісінің көмегімен түрлі типте қолданылатын СПГ-нің эквивалентті мөлшерінің құмның су сыйымдылығына және солу ылғалдылығына әсері зерттеледі. 

Оңтүстік Балқаш аймағының климаттық жағдай элементтерінің көпжылдық және маусымдық ерекшеліктерінің жылжымалы құмдардың жер бедері мүсіндерінің динамикасына және олардың гидротермиялық құбылымдарына әсері зерттелді. Соның негізінде алдын ала жергілікті табиғи (қамыс) және синтетикалық материалдардан жасалған желге қарсы қалқандарды орнатудың орындары мен тәсілдері анықталды.  
Бұл жұмыста гидрогельдер алғаш рет акрил қышқылы (АА) мен метилакрилат (МА) және акрил қышқылының гомополимері негізінде радикалды сополимерлеу әдісімен алынды. Температураның гидрогельдің ісінуіне және тор бетінің морфологиясына әсері зерттелді. Температураның жоғарылауымен гидрогельдердің салыстырмалы көлеміне ортаның рН-ы да, сополимердегі мономердің пайызы да үлкен әсер ететіні анықталды. 

Жоба тақырыбы: «Оңтүстік Балқаш маңы шөлді жайылымдарының антропогенді-деградацияланған жылжымалы құмдарын қалпына келтіру технологиясын әзірлеу». 

Жобаның ғылыми жетекшісі: Асхат Наушабаев, PhD доктор. 

Материал https://www.kaznaru.edu.kz/ деректері бойынша дайындалды.   

«« | »»
Соңғы жаңалықтар