Әлемдегі ғылым

Каспий теңізін зерттейтін институт ашылмақшы

21.11.2023

863

 

Ақтауда Каспийдің экологиялық жағдайын зерттейтін институт құрылады. Оған мемлекеттен 1,7 миллард теңге бөлінеді. Сонымен қатар арнайы кемелер сатып алынады. Институт ашылған соң шетелден білікті мамандарды шақыру жоспарланып отыр. 

Ғалымдар мұндай іс-шаралардың су деңгейінің төмендеуін зерттеу үшін, сондай-ақ теңіздегі биоортаны сақтау мақсатында атқарылатынын алға тартып отыр.  
Каспий теңізінің биоортасын қорғау, сақтау және оны қалпына келтіру бойынша Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран және Түркіменстан 2006 жылы 12 тамызда конвенция қабылдаған болатын. Алайда бұл келісімнен әзірге нақты нәтиже байқалмайды. Оған дәлел ретінде 2008 жылы су айдынының жалпы ауданы 113 866 шақырым болғанын, қазіргі таңда 105 мың шаршы шақырымнан сәл ғана асатынын айтуға болады. 

Эколог Орынбасар Тоғжанов Каспий суының таяздануын Еділ мен Жайық суының азаюымен байланыстырады. Теңізге су Еділ өзені арқылы құйылады. Көрші елдерде су қоймалары көп салынған. Сол себепті ол жақта қалып қоятын судың мөлшері де ұлғайған. 
Мысалы, Еділ өзенінде аса қуатты 11 су электр станциясы бар. Оның үстіне жүздеген гидроқұрылыстар жұмыс істеуде. Басқа өзендердің бойында да осы көрініс. Әлемдегі ең үлкен жабық су айдыны жауын-шашынға да тәуелді. Жаһандық климаттың өзгеруімен қатар Каспийге құятын өзендердің ластануы да кері әсерін тигізуде. Сондықтан, экологиялық проблеманы шешуге саясаткерлерден бөлек бес елдің ғалымдары да атсалысуы қажет, деп есептейді Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, профессор Нұрлан Мұңбаев. 
Ғалымның айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі соңғы келісімдерді күтіп отыр. Жыл соңында дейін Әділет министрлігі де Каспий институтын ресми түрде тіркейді. Оған келер жылы мемлекеттен 1,7 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұдан бөлек су айдынын зерттеумен шұғылданатын 2 кеме сатып алуға қосымша қаржы қарастырылып отыр. Институттың бас кеңсесі Ақтауда орналасады. Сондай-ақ зертхана түрінде Атырауда филиал ашылады. Осылайша Жайық-Каспий бассейнін толық қамтуға мүмкіндік бар. 

Бүкілресейлік экология қоғамының төрағасы Рашид Исмаилов алғаш рет ашылғалы отырған институт Каспийдің экологиялық жағдайын, итбалық және балықтардың жаппай қырылу себептерін зерттеумен айналысады дейді. Яғни, теңіз арқылы шектесетін мемлекеттермен әріптестік байланыс арта түспек. Жалпы Ақтау және Атырау университеттерінің оқытушылары да институт ұжымымен бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізбекші.   

Дерек көзі: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/627431-kaspij-te-izin-zerttejtin-institut-ashylady

«« | »»
Соңғы жаңалықтар