Қазақстан ғылымы

Қазақстан ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда

24.05.2023

392



Үстіміздегі жылы 18 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының ИВГ.1М зерттеу реакторы конверсиялау және барлық рұқсат беру құжаттары рәсімделгеннен кейін төмен байытылған уран (ТБУ) отынымен жұмыс істей бастады. Реактор берілген қуат деңгейіне шығарылып,  қондырғысының барлық жүйелері өз жұмысын штаттық режимде бастады, деп хабарлайды Ұлттық ядролық орталығының баспасөз қызметі. 

Бұл Қазақстан Республикасының ядролық қаруды таратпау режимін нығайтудағы кезекті маңызды жетістігі. Осы тұрғыда «ТБУ отынындағы ИВГ.1М реакторын энергетикалық іске қосу: жетістіктері мен келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіліп, оған ҚР Энергетика министрлігінің, Канаданың Қазақстан,  Қырғызстан және Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алан Хэмсон, АҚШ-тың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің конверсия жөніндегі кеңсесінің директоры Кристофер Ландерс, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі өкілдері, Қазақстан мен АҚШ-тың ғылыми ұйымдарының өкілдері қатысты. 

Тараптар реакторларды конверсиялау және Қазақстанда жоғары байытылған уранды қолдануды азайту ісіндегі жетістіктерді, жүргізілген жұмыстардың табыстылығы мен жоғары ғылыми-техникалық маңыздылығын атап көрсетті. Конверсиялау жұмыстары техникалық шығыс параметрлері жақсартылған төмен байытылған отындағы жаңартылған реакторды алуға ғана емес, сонымен қатар ССП-да орналасқан «Байкал-1» кешені инфрақұрылымының, реакторлық және қосалқы жүйелердің техникалық жай-күйін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.   
Жоба Қазақстан мен АҚШ-тың жоғары байытылған уранды (ЖБУ) пайдалануды азайту және жаппай қырып-жоятын қаруды жасауға қолданылуы мүмкін деген ядролық материалдардың заңсыз таралу қаупін азайту бойынша бірлескен күш-жігерінің бір бөлігі болып саналады.   

Анықтама.
2010 жылдан бастап Қазақстан мен АҚШ мамандары үлкен жұмыс көлемін орындады: реактордың жаңа актив аймақпен жұмыс істеу мүмкіндігінің есептік-талдамалық негіздемесі; эксперименттік отынды дайындау және сынау; штаттық НОУ-отынды дайындау, тасымалдау және кіріс бақылау; реакторды физикалық және энергетикалық іске қосу кезеңдері жүзеге асырылды.
ИВГ.1М реакторы жетекші халықаралық ұйымдар қызығушылық білдіріп отырған бейбіт атом саласындағы бюджеттік және коммерциялық бағдарламалар шеңберінде эксперименттерді жалғастыруға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын қайта бастауға дайын.
Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық ядролық орталығы АҚШ-тың Аргонн ұлттық зертханасымен бірлесіп ИГР ректорын төмен байытылған отынға ауыстыру мүмкіндігін зерттеуді жалғастыруда. Қазірдің өзінде Үлбі металлургия зауытында ИГР реакторының жаңа ЖБУ-отынын сұйылту жұмыстары орындалып, осы реактордың сәулеленген ЖБУ-отыны үшін осындай міндетті жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар