Қазақстан ғылымы

Отандық жаңа сұрыптар егілді

20.10.2022

998

Ел дамуының негізі әлеуеті аграрлық салаға байланысты болғандықтан, ауыл шаруашылығы бағытында өндіріске жаңа технологиялар мен тәжірибелерді енгізу – бүгінгі күннің басты талабы, деп хабарлайды JAMBYL TV телеарнасы.

Өңірдегі ауыл шаруашылығын, оның ішінде егін шаруашылығын дамыту, сондай-ақ егістік алқаптардың құнарлылығы мен дақылдардың сапасын арттыру мақсатында Жамбыл облысы Меркі ауданында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл ауданда Қазақ егіншілік және зерттеу институтымен бірлесіп, жоғары сұрыптық тұқымдарды тәжірибеге енгізуде. Ғалымдар Жамбыл облысы бойынша егуге күздік бидайдың 14 сұрпын, күздік арпаның 3 сұрпын ұсынған.

Отандық ғалымдар жыл сайын дәнді-дақылдардың үздік деген сұрыптарын алуға тырысуда. Ол еңбектің нәтижелері де жоқ емес. Соңғы он жылда күздік жұмсақ бидайдың алты сұрпын ойлап тапқан. «Вавилов» 2021 жылдан бастап Алматы, Түркістан облыстарында егуге рұқсат етілген. Суғарылатын болса гектарына 60 центнер астық алуға болады. Осы сияқты «Дәулет» «Димаш» «Егемен - 20», «Мамыр» сияқты бидайдың жаңа сұрыптары бар. Олар ыстыққа, құрғақшылыққа, тіпті өсімдіктердің түрлі ауруларына төзімді болып келеді.

Бұл сұрыптар, сұрыптық үлгілер бір-бірімен будандастырыла отырып, болашақ сорттың негізі болып табылатын будан комбинациясын алынады. Алынған комбинация институттың жылыжайында немесе тәлімбақтарында егіліп, бірінші, екінші, үшінші ұрпақтарына қол жеткізіледі. Содан кейін барып, сұрыптау жұмысы басталады. Яғни, еліміздің климаттық жағдайын ескере отырып, сұрыпталады. Байтақ жеріміздің әр өңірінің климаты әртүрлі болғандықтан, ыстыққа, құрғақшылыққа төзімді тұқым алу ғалымдарымыздың алдына қойған басты мақсаты болып табылады.

«Сыпатай батыр» ЖШС директоры Қанат Шайхиевтің айтуынша, Қазақ егіншілік және зерттеу институты ғалымдарының нұсқаулығы бойынша қант қызылшасы егілген алқап аммофос тыңайтқышымен тыңайтылуда. Осы ғылыми мекеменің зертхана меңгерушісі Асқар Баймұратов «әл-Фараби», «Момышұлы», «Матай», «Қара ой - 90», «Несіпхан», «Бақытжан» сияқты жаңадан шыққан сорттарынан тәжірибелік-демонстрациялық егін егілгенін айтады. Олардың нәтижесін келешек көрсетпек.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар