Қазақстан ғылымы

Жапон ғалымы генетика саласының қыр-сырымен бөлісті

17.10.2022

291

Академиялық тәжірибе алмасулар ғылыми өмірдің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Тәжірибе алмасу, білім, әдістеме, жеке танысу әртүрлі ғылыми бағыттардың, мектептердің дамуына ықпал етеді.

Генетика және физиология институтының шақыруымен Жапониядан Ұлттық генетика институтының (Жапония) жанындағы Asia Genome Tao Center (AGTC) директоры, профессор Сайтоу Наруя Қазақстанға келді.

Профессордың зерттеулері негізінен компьютерлік талдау және геномды реттілік арқылы геномдық деңгейде организмдердің эволюциясын зерттеуге бағытталған. Ғалымның 50-ден астам ғылыми мақалалары жетекші халықаралық журналдарда жарияланған. Scopus бойынша Хирш индексі – 47.

Сайтоу Наруяның көрнекті жетістіктерінің бірі – Пенсильвания штаты университетінің профессоры және Молекулярлық эволюциялық генетика институтының директоры Матасоши Неймен бірлесіп жасаған филогенетикалық ағаштарды құрудың биоинформатикалық кластерлеу әдісі – «Neighborjoining». Қазіргі уақытта бұл жұмысқа (Google Scholar деректері бойынша) 66895 сілтеме бар.

«Estimation of humanpopulation history» («Адам популяциясының тарихын бағалау») атты бірінші лекция Оңтүстік-Шығыс Азияның әртүрлі халықтарын, сондай-ақ ұйғырларды, қытайларды, якуттарды геномдық тұрғыдан зерттеуге арналған. Профессор Сайтоу Наруя және оның әріптестері континенттік және континенттік емес халықтарға салыстырмалы талдаулар жүргізді. Атап айтқанда, жұмыс популяцияларды филогенетикалық және антропологиялық зерттеуге бағытталды, миграция мен эволюциялық процеске ерекше назар аударылды.

Профессор Сайтоудың тегі жапондық екенін ескерсек, оның ғылыми қызығушылығының басым бөлігі Жапонияның географиялық аймағын мекендейтін халықтарды зерттеуге арналды. Егер Қазақстанда қазақтардың популяциясы жүздерге, одан кейін көптеген тектерге бөлінсе, Жапонияда халықтар географиялық жағынан солтүстік (Айну халқы), орталық (профессордың өзі жататын Ямато халқы) және Оңтүстік (Окинава халқы) топтарынан тұрады екен.

Бұл халықтардың пайда болуы белгілі бір уақыт кезеңдерінде болған үш түрлі миграциялық толқындармен түсіндіріледі. Соңғы екеуінің таралуы ауыл шаруашылығы төңкерісімен тығыз байланысты, ал бұрынғылары аңшы-терушілер (балықшылар) болды. Айну Дзёмон халқымен тығыз байланысты, олар аңшы-терушілер де болған. Зерттеудің тағы бір қызықты қорытындысы тілдік топтар мен олардың миграциялық процестермен байланысын зерттеуге негізделген деректер болды. Қорытындылай келе, профессор Сайтоу негізгі редакторлардың бірі болып табылатын «iDarwin» жаңа ғылыми журналы туралы айтты.

Профессор Генетика және физиология институтының ежелгі және қазіргі қазақтардың генетикасы саласындағы зерттеулеріне қайран қалды. Біздің ғалымдардың жұмысы және әдістемелер, генетикалық материалдар банкіне қызығушылығын білдірді.
Профессор Сайтоудың екінші дәрісі «Phylogenetic reconstruction» («Филогенетикалық реконструкция») тақырыбында өрбіді. Нуклеотидтер немесе аминқышқылдарының реттілігі деректерінен филогенетикалық ағаштарды құру эволюциялық геномиканың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Профессор өзінің, сондай-ақ бұрынғы және қазіргі студенттерінің осы салаға қатысты қазіргі жұмыстарымен бөлісті. Филогенетикалық ағаштарды құру әдістерін талқылай отырып, профессор үлкен филогенетикалық ағаштарды жылдам құруға арналған жаңа қашықтық матрицалық әдісімен бөліті. Бұл жаңа әдіс «External Edge Elimination» – «Сыртқы жиекті жою» немесе оның аббревиатурасы ретінде 3E әдісі деп аталады. Бұл әдістің артықшылықтарынан филогенетикалық ағаштарды салудың басқа дәстүрлі құралдарымен салыстырғандағы оның жылдамдығын атап өткен жөн.

Профессор Сайтоудың үшінші дәрісі: «Analyses of CNS Evolution» (Консервативтік кодталмаған ДНҚ тізбегінің эволюциясын талдау) тақырыбында болды. Институт қонағы ғылыми-зерттеу саласының ең маңызды кезеңдері мен жаңалықтарын атап өтті, сонымен қатар тыңдаушыларды студенттері мен зертханаларының ғылыми-зерттеу жұмыстарымен таныстырды.

Жапон ғалымының айтуынша, бұл ДНҚ аймақтары белоктарды кодтамайды, олар геномның құрылымдық және реттеуші элементтері болып табылады. Бұл аймақтар эволюция барысында мутациялы өзгерістерге көп ұшырамаған және тек жақын туысқан организмдер түрлерінде, соның ішінде адамдарда ғана емес, сонымен қатар жануарлар мен өсімдіктердің мүлдем басқа түрлерінде де бірдей жақсы сақталған. Табиғат геномның бұл бөліктерін әртүрлі түрлердің ең кең ауқымында сақтайтын болғандықтан, оның өзіндік маңызды рөлі бар, дейді ғалым.

Материал Генетика және физиология институтының деректері бойынша дайындалды.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар