Қазақстан ғылымы

Референдум өткізу туралы

03.05.2022

332

Президент Қ.Тоқаевтың Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізу туралы ұсынысы Қазақстан азаматтарына арналған және Жаңа Қазақстанды құру, ел тағдыры үшін әрбір адамның азамат ретінде қатысуын, белсенділігін және жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұндай өзгерістер Қазақстанда қалыптасқан бүкіл саяси жүйені түбегейлі қайта құруды қамтиды.

Бұл ең алдымен мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасқа қатысты. Конституцияның 33 бабына өзгертулер енгізу ұсынылып отыр. Яғни, мемлекеттің негізгі құжатының үштен бір бөлігі өзгереді деген сөз. Сондықтан Қ.Тоқаев маңызды шешім қабылдады – жаңа жобаны заңда көзделгендей Парламентте емес, жалпыхалықтық референдумда қарау керек. Бұл қадам Президенттің қоғам үні мен ұстанымына деген сенімі және құрметінің көрсеткіші деп білемін. Өйткені, Қазақстанда соңғы рет референдум сонау 1995 жылы өткен болатын.

Референдумның не екенін және бұл демократиялық құралдың қалай жұмыс істейтінін де білмейтін қазақстандықтардың ұрпағы өсіп келеді.
«Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға және жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтуға мүмкіндік береді», деген Мемлекет басшысы халықтың қолдауына үміт артып, әрқайсымызға азаматтық ұстанымымызды білдіруге мүмкіндік беріп отыр.

Қоғаммен бірлесе отырып, әрбір қазақстандықтың белсене атсалысуымен біз Жаңа Қазақстанды құруымыз керек, ол «әділеттілік аумағына» айналуы тиіс. Бұл тамырын тереңге жайған сыбайлас жемқорлықтың, непотизм мен патернализмнің кез келген көріністеріне қатаң заңнамалық тосқауыл қойылған жағдайда ғана мүмкін болмақ.
Біз экономикалық, зияткерлік және рухани салалардағы түбегейлі оң өзгерістерге алып келетін дәуірлік тарихи процестердің қатысушыларымыз деп ойлаймын.

Түбегейлі өзгерістер барлық салаларға, соның ішінде экономиканың ғылым сияқты маңызды және өзекті саласына әсер ететініне сенімдімін. Ғылыми қауымдастық ғылымды басқару жүйесін өзгертуді, басқарудың барлық үдерістерінде барынша ашықтықты талап етіп, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды елдің стратегиялық даму жоспарына енгізуді ұсынуда. Жаңа Қазақстанға белсенді азаматтық ұстанымы бар дарынды ғалымдар қажет екенін түсінеміз. Ал бүгінде өзімізді дәлелдеп, Қазақстандағы мемлекеттің жаңа моделі мен ғылымды басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға атсалысуға мүмкіндік бар.
Президент Қ.Тоқаевтың бастамасы табысты болатынына сенімдімін, себебі ол негізгі қоғамдық талаптарды көздейді және әрбір қазақстандықтың мүддесіне жауап береді.

Әділ Ибраев,
«Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ президенті.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар