Қазақстан ғылымы

Қазақстанда ғылым саласы қалай дамып жатыр

25.04.2022

351

Отандық ғылымның дамуы

Қазақ ғылымы дамуының негізгі күші – ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары. Қазіргі таңда Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 396 ұйым бар. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жетекшілігімен еліміздегі оқу орындары жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылуы да отандық ғылымның ілгерілеуіне өзіндік үлесін қосуда. ҚР Ғылым қоры желісі бойынша 2016 жылдан бастап ғылыми қызмет нәтижелері коммерцияландырылатын 151 жоба қаржыландырылады. Бүгінде 120-ден астам жоба сату кезеңіне шықты. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, ғылым саласында қазіргі таңда 22 665 ғалым мен зерттеуші жұмыс істейді, олардың 35%-ының ғылыми немесе академиялық дәрежесі бар. Сондай-ақ ғылымға қызығушы азаматтарымыздың магистратура мен докторантурада өз білімдерін шыңдауы үшін және шет мемлекеттерде тағылымдамадан өтуі үшін арнайы гранттар да бөлінуде. Соңғы жылдары гранттардың саны өсумен қатар оларға берілетін стипендияның көлемі де айтарлықтай ұлғайып отыр. Мысалы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, 2021-2022 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс бойынша магистратураға – 13 263, докторантураға – 1 890 грант бөлінген.
Магистратура мен докторантураға гранттар бөлудің нәтижесінде елімізде жас ғалымдардың саны артып келеді. Бұл ғылымдағы буындар арасындағы байланыстың нығаюын қамтамасыз етіп, ғылым саласының болашағына салынған инвестицияға айналды деуге болады.

Ғылымды қаржыландыру

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) ішкі шығындар 2017 жылдан бері айтарлықтай өскен. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақпараттық-талдамалық жүйесіне сүйенсек, 2017 жылы осы мақсатта жұмсалған қаражат көлемі 540 373, 6 мың теңге болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 713 553,9 мың теңгені құраған.


Оны жоғарыда берілген кестеден де байқауға болады. Қаражат көлемі 2019 жылы азайғанымен, көрсеткіш 2021 жылы бірнеше есе ұлғайтылып, 172 6360,8 мың теңгеге жеткен. Осыдан-ақ соңғы жылдары ғылым саласын қолдау мәселесі жолға қойылғанын аңғаруға болады. Ал төменде берілген кестеде ҒЗТКЖ-ға қатысты өзге де мәліметтер берілген. Яғни, ҒЗТКЖ-ға ішкі шығындар 2016 жылы 66 600 141,9 мың теңге болса, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық бөлімшелердің саны 2018 жылы 1 523-ті құраған. Ал ҒЗТКЖ-мен айналысқан ұйымдар саны 2021 жылы 438 болса, 2016 жылы есеп тапсырған ұйымдар саны 1 495-ке жеткен. 2021 жылы ҒЗТКЖ-ға бөлінген ішкі және сыртқы шығыстар 134 993 920,7 мың теңгені құраған. Сондай-ақ, 2016 жылы ұйымдардың ҒЗТКЖ-ға жоспарланған шығыстары 492 500 мың теңге болған.

Ғалымдардың орташа жалақысы өсті

Қазақстанда ғалымдардың орташа жалақысы өсті. Білім және ғылым минстрлігінің мәлімдеуінше, бұған дейін ғалымдардың жалақысы 152 мың теңге болса, енді ол 257 мың теңгеге өсіп, 1,5 миллион теңгеге дейін өзгеріп отырады. Қабылданған заңнамалық түзетулердің арқасында жетекші ғалымдардың еңбекақысы (1200 адам) базалық қаржыландыруға қосылды. Бұл ретте ғалымдарға төленетін қосымша авторлық сыйақының жалпы сомасы 338 млн теңге болды. Ал инновациялық жобаларды сатудан түскен кіріс 16,3 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар 2021 жылы министрлік «Үздік зерттеуші» байқауын өткізіп, оның қорытындысы бойынша 50 жеңімпаздың әрқайсысы 6 миллион теңгеден алған. Ал докторанттардың шәкіртақысы 2019 жылғы 82 000 теңгеден биыл 195 000 теңгеге дейін өскен. Соңғы 2 жылда министрлік 130 жобаны жүзеге асырып, оның 120-сы сату кезеңіне жеткен. Ғалымдарымыздың ғылыми жобаларының экспорты 346 млн теңгеден асқан. Отандық ғалымдардың жобалары Қазақстанда ғана сұранысқа ие болып отырған жоқ, сонымен бірге Қытай, Ресей, Түркия, Чехия және басқа да елдердің нарығына шығады. Қазіргі таңда білім және ғылым министрлігі кадрлық әлеуетті нығайтуға, зерттеуші ғалымдарға қажет жағдай жасауға баса назар аударып отыр. Айта кету керек, кейінгі екі жылда жас ғалымдардың саны мың адамға өскен. 2018 жылы олардың саны 8 мыңға жуық болған еді, 2021 жылы ғылым саласында 9200 жас ғалым еңбек етіп жүр.

Ғылымды дамытудың басты бағыттары

Білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру мақсатында Үкімет 2019 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Аталған бес жылдықта бағдарламаны іске асыру үшін 11,5 млрд теңге қаржы бөлу көзделген. Сондай-ақ Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен бекітілген «цифрландыру, ғылым және инновациялар мен ғылым есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының «ғылым» блогы мынадай төрт бағытты қамтиды: Біріншісі – ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту және ғылыми қызметкерлер санын 1,5 есеге ұлғайту. Бұл міндетке ғалымдардың жалақысын ұлғайту, постдокторанттар үшін «Жас ғалым» жобасы бойынша жыл сайын 1000 грант бөлу, жыл сайын 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамаға жіберу жоспарланып отыр. Екіншіден, ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық берілмек. Осы бағытта жабдықтарды жаңғырту және барлық мемлекеттік ҒЗИ қызметінің аудиті жүргізілуде, екі ұлттық университет зерттеу университеттері болып өзгертіледі. Үшіншісі - ҒЗЖ-ны жеке қаржыландыру үлесін ұлғайтуға, бизнес пен өндіріс тарапынан қолданбалы ғылыми зерттеулерді қоса қаржыландыруды кеңейтуге, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды мемлекеттік қолдауға бағытталған. Төртінші бағыт аясында ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру жоспарланып отыр. Ұлттық жобаны іске асыру ғалымдар мен зерттеушілердің санын қазіргі 22 мыңнан 34 мың адамға дейін арттыруға, ҒЗИ жабдықтарын жаңартуға, индекстелетін халықаралық ғылыми журналдарда қазақстандық ғалымдардың жарияланымдарын 2500-ге дейін, Ѕсімадо рейтингінде қазақстандық ҒЗИ мен ЖОО-лардың санын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева Ұлттық жоба бойынша 2025 жылы ғылымды қаржыландыру ЖІӨ-нің (жалпы ішкі өнім) 1%-ға жеткізу жоспарланғанын айтқан еді. «Былтыр Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің 0,13%-ын құрады. Біртіндеп бұл сома артып келеді. Ұлттық жоба бойынша 2025 жылы ғылымды қаржыландыру 1%-ға, 1 трлн теңгеге жуықтайды деп жоспарланған. Ал биыл қаржыландыру бұрынғы көлеммен салыстырғанда 70%-ға өсті. Ғылымға қатысты қаражат БҒМ-ға ғана емес, басқа 9 министрлікке де бөлінеді. Нәтижесінде БҒМ тарапынан 1160 гранттық жоба, оның ішінде 315 жас ғалым жобасы және 59 нақты бағдарлама қаржыландырылып жатыр», - деді Жанна Құрманғалиева.

Отандық вакцина - ғылым жетістігі

Соңғы онжылдықтағы ең үлкен ғылыми жетістік QazVac қазақстандық вакцинасын әзірлеу болды деп айтуға толық негіз бар. Дамыған елдермен терезесін тең тіреген 30 жылдық тарихы бар еліміз коронавирусқа қарсы вакцинаны ойлап табуы отандық ғылымның деңгейін және оның бүгінгі күнгі әлеуетін көрсетеді. Бүгінде Қазақстан өз вакцинасын өндіретін санаулы елдер қатарына кіреді. Аталған вакцинаны әзірлеген ғылым ошағы Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Гвардейский кентінде орналасқан. Ол Қорғаныс министрлігінің Отар әскери базасының аймағына кіреді. Институт 1958 жылы құрылған. Отандық екпені шетел де мойындай бастады. Медицина бойынша әлемдегі ең танымал, тарихы мол, абыройлы басылым – The Lancet журналы QazVac вакцинасы туралы мақала жариялады. Вакцинаның адамдарға дейінгі зерттеу сынақтары жануарларға жүргізілген болатын. QazVac-ты әзірлеген институт – Қазақстан мен Орталық Азияда салынған ең алғашқы зертхана. Қазір қазақстандық вакцинаға 12 мемлекет өтініш беріп, ресми хат жолдаған. Сонымен қатар ең алғашқылардың қатарында QazVac екпесін Қырғыз Республикасы өз елінде тіркеді.

Жас ғалымдарды қолдау шаралары

Ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылды. Жас ғалымдарды қолдау үшін постдокторантураға мың грант бөлінді. Арнайы конкурстар басталды. Соның аясында 2 мыңнан астам жас ғалым 17 миллиард теңгенің грантын алды. Мұның бәрі – «Ғылым туралы» Заңға енгізілген өзгертулердің нәтижесі. Сондай-ақ былтыр Мемлекет басшысы «Жас ғалым» жобасы бойынша 1 мың грант бөлуді тапсырды. Мақсаты - ғалымдар санын арттыру. Грант докторантура бітірген, докторлықты қорғаған ғалымдарға арналған. Жас ғалымдардың екі байқауының нәтижесінде 315 жобада 1,5 мыңнан астам жас ғалым мен зерттеуші өздерінің ғылыми идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алған. Бұл жобаларға жұмсалатын бюджеттік шығындардың жалпы көлемі 17,6 миллиард теңге.

Венера Жоламанқызы

https://www.inform.kz/kz/kazakstanda-gylym-salasy-kalay-damyp-zhatyr_a3926414

«« | »»
Соңғы жаңалықтар