Қазақстан ғылымы

Алматы қорығына - 90 жыл

26.11.2021

37

Фото авторы: С. Сапарбаев

Бүгін Алматы мемлекеттік табиғи қорығының ұйымдастыруымен «Солтүстік Тянь-Шань биоалуантүрлілігін сақтаудың қазіргі жағдайы мен мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция өтуде. Конференция Алматы қорығының 90 жылдығына арналып отыр.

Ғылыми-практикалық конференцияны Алматы қорығының директоры Дарын Әбілғаниев ашып, қорық қызметкерлері мен ғалымдар қорықтың аумағын кеңейту мәселелері және оны мекендейтін аң-құстар мен жануарлардың қазіргі жағдайына тоқталып, баяндама жасайды деп күтіледі.

Жалпы көлемі 71700 га жерді алып жатқан Алматы мемлекеттік табиғи қорығы Алатаудың орталық бөлігінде орналасқан. Бастапқыда бұл қорық Кіші Алматы өзені аймағындағы 13000 га жерде 1931 жылы құрылған екен. 1935 жылы ақпан айында қорыққа мемлекеттік деген дәреже берілді. Бірақ, 20 жылдан кейін қорық таратылып, 1961 жылы Алматы облысындағы Шелек, Кеген аудандарында қайта құрылады. Жер аумағының көлемі 128 мың гектар болған.

Қазіргі таңда Алматы қорығы Талғар мен Есік аудандарын алып жатыр. Ондағы 160-тан аса мұздықтар өзен, сулардың бастауы болып табылады. Қорықтың орманды жерлері 14369 гектарды, ормансыз жерлер 56612 гектарды құраса, 222 гектарда сулар. Сонымен қатар, құстар мен жан-жануарлар, аңдардың бірнеше түрлері тіршілік етеді. Олар толықтай есепке алынған. Олардың ішінде ілбіс, ақ тырнақты тянь-шань қоңыр аюы, түркістан сілеусіні, тас сусары, құстардан бүркіт, сақалтай, бидайық, орақтұмсық, құмай, үкі, көк құс, қара ләйлек, лашын, бақалтақ бүркіт Қызыл кітапқа енген. Сондай-ақ, өсімдіктің 960 түрі кездеседі.

Табиғаттан берілген осы байлықты сақтап қалу жолында қорық қызметкерлері тарапынан ғылыми жұмыстар да қолға алынған. Олар орман заңдылықтары мен оны мекен етушілердің биологиялық ерекшеліктері мен экологиялық мәселелерін зерттеп жүр. Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкерлері мониторинг жүргізіп, аң-құстарды жіті қадағалауда. Былтыр Алматы қорығы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік резерваттар қорына енген болатын.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар