Қазақстан ғылымы

Жеті атаны білу маңызды

28.09.2021

132


Генетикалық зерттеулердің басты мақсаты – қазақ халқының этногенезін, шежіресін, белгілі бір рулардың шығу тегін ғылым тұрғысынан тереңінен зерттеу. Қазіргі таңда тарихшы, антрополог, генетик ғалымдарымыз ата-бабамыздың шығу тегін зерттеп жүр.

Жалпы генетика және цитология институтының бас директоры, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Лейла Жансүгірова жақында осы мәселе бойынша өз ойын отандық теле-арнаның «Тарих айнасы» бағдарламасында жеткізді.

Оның айтуынша, қазіргі Қазақстан жерінде және оның төңірегіндегі, яғни Ресей және Қырғызстан жерлерінде өмір сүрген тұрғындардың біздің этногенезімізге қатысы бар екені анық. Олардан қандай генетикалық іздер қалғанын зерттеу үшін неолит дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі ежелгі материалдарды жинаған. Олар сақ, ғұн үлгілері мен Отырардың көне үлгілері сияқты 300-ден аса материалдарды қамтиды.

Бұған қоса екі мыңнан аса өзінің шежіресін жақсы білетін осы күнгі адамдарды зерттеген. Олардың ішінен географиясы мен рулары да әртүрлі деген 96 адамды іріктеп алып, оларды көне материалдармен салыстыру жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде көне сақ, ғұндар мен басқа да ежелгі тұрғындармен қазіргі тұрғындар арасында қандай да бір байланыстың, яғни гендік байланыстың бар екенін анықтаған.

Ғұндар, сақтардың гендерінде өзіндік ерекшеліктері де байқалған. Мысалы, көне халықтар арасында өзара қыз алысу үрдістері жүрген. Сақтарда жақын адамдарымен құдаласу болғандықтан, генетикалық тұқымның бұзылуына алып келген. Тіпті генетикалық түрлі аурулардың пайда болғаны да анықталып отыр. Осыдан кейін ата-бабамызда жеті атаға толмай қыз алысуға тыйым салынған болуы мүмкін.

Физикалық антропология тұрғысынан келетін болсақ, көне тайпалар көбіне сары шашты, қоңыр көзді болып келген. Көк көзді, жасыл көзділері сирек кездеседі, дейді ғалым.

Материал https://khabar.kz/ru/arkhiv/programmy/item/135923-proiskhozhdenie-kazakhov-tarikh-ajnasy деректері бойынша дайындалды.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар