Қазақстан ғылымы

QazVac «Дельта» штаммына төтеп бере алады

07.09.2021

111

Мемлекет басшысының Жолдауы аясында ғылымды дамыту жөніндегі міндеттер туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария QazVac вакцинасы құрамының өзгергенін жеткізді.

Отандық басылымдардың тілшілерінің сұрақтарына жауап берген Күнсұлу Дальтонқызы бүгінгі таңда «СҚ Фармация» ЖШС-не 1 миллион дозаны құрайтын вакцинаны жеткізгенін айтады. Бұл дозаның 60 пайызынан астамы отандастарымызға салынған. Соның ішінде осы вакцинаны алғаннан кейін ауырып қалған 39 науқастың потологиялық материалы олардың вакцинаны короновирусқа шалдыққаннан кейін алғанын көрсеткен. Бұдан бөлек вакцинаның 25 мың дозасы көрші Қырғызстанға жеткізіліп, тіркелген.
Отандық ғалымдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша QazVac вакцинасын жасап, оны үш кезең бойынша клиникалық зерттеуден өткізді. Оған 5 патент, 2 тіркеу куәлігі алынған.
– Қазіргі еліміздегі уақыт күттірмес жағдайға байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының келісімін күтіп отырмастан, QazVac вакцинасындағы «Ухань» штаммына қарсы компоненттің орнын «Дельта» штаммымен ауыстыруға келісімін беріп отыр. Жақын арада ресми түрде шешімін шығарса, вакцинаның келесі партиясы жаңа құраммен жан-жаққа таратылады. Клиникалық зерттеулерге дейін препарат жануарларға салынып, оң нәтижесін көрсетті, – дейді Күнсұлу Закария.
Сондай-ақ, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры халықаралық сертификатын алуға дайындық жүргізіліп жатқанын жеткізді. Тіпті осы айда зауытқа вакцина дайындау технологиясымен танысу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері келетінін, оған дайындықтың жүріп жатқанын айтып өтті.
– Бұл өте күрделі процесс. Себебі, өндіріс жағынан әлдеқайда алда келе жатқан, яғни 6 өндіріс орындарында өндірілетін Ресейдің Спутник-V вакцинасының өзі бір жылдан бері халықаралық сертификатты ала алмай отыр. Десек те, халықаралық сертификатқа қол жеткізуден үмітіміз бар, – дейді ол.
Күнсұлу Дальтонқызының айтуынша, вакцинаны Еуропа елдерінде тіркеу үшін халықаралық талаптарға сай келетін көптеген құжаттардан өту керек. Сондықтан осы жылдың соңына дейін Африка және Латын Америкасының көптеген елдеріне жол ашатын Швейцарияда тіркеуден өтеміз деген сенім бар. Бұдан бөлек 12 елден QazVac-қа сұраныс келіп түскен. Оның ішінде ауқымды аймақ – Азияның оңтүстік-шығыс елдері.

Дайындаған Т.Садырова.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар