Қазақстан ғылымы

ҚҰБЫЛМАЛЫ ӘЛЕМДЕГІ ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫ

30.03.2021

340

Әділ Ибраев,
Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық
сараптама орталығының президенті,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

Әлемдік саясат, экономика, мәдениет пен ғылымдағы өзгерістер күрделі мәселелер шешімін әлемдік қауымдастықпен бірге іздеген Қазақстан алдына да жаңа міндеттер қойып отыр.

COVID-19 пандемиясынан туындаған тәуекелдер ғылыми-зерттеулер мен зерттемелердің тек экономикалық саланың ғана емес, сонымен қатар адамзаттың қауіпсіздігі мен болашағын қамтамасыз етудің шарты екенін түсіндірді. Болашаққа алыстан көз тастауға қабілетті, жаңа мүмкіндіктерді, ерекше шешімдерді үнемі іздеуге бейім тұратын ғалымдар бұл сынақты алғашқылардың бірі болып қабылдады.
Осы атап кеткен мәселелер қазақстандық ғылымға да жат болған жоқ. Ел Президентінің ғылымды дамытуда алға қойған міндеттері іргелі және қолданбалы зерттеулердегі сапалы өзгерістерді, тәжірибелік-конструкторлық зерттемелерді, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуды және экономиканың перспективалы салаларына инновацияларды енгізуді көздейді.

Осы тұрғыда мемлекет тарапынан осы бағытта атқарылып жатқан істердің алғашқы нәтижелері де жоқ емес.

  •  Ғылыми ұйымдарды жаңа жабдықтармен жарақтандыруға арналған жаңа бюджеттік бағдарлама іске қосылды;
  • гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстардың да саны артып, жас ғалымдарды ынталандыру туралы шешімдер қабылданды;
  • ҒЗТКЖ-ны баламалы қаржыландырудың ашық механизмдерін енгізу бойынша жұмыстар аяқталуда, оның ішінде шикізат өндіруде жер қойнауын пайдаланушылардың салымдарының 1%-ын бөлу де бар. Бұл шаралар Қазақстанға ғылыми кеңістіктің перифериясынан шығуға мүмкіндік береді.
    Президенттің алға қойған міндеттерін шешу жолында Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығында бірқатар нақты өзгерістер болды.
  • Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы (МҒТС) ұйымдастыру және өткізу ережелеріне өзгерістер енгізілді.
  • МҒТС технологиялық тізбегіне жаңа бөлім – сұралатын қаржыландыру көлемінің негізділігін бағалау қосылды.
    Еліміздің ғылыми-техникалық басымдықтарына түзету енгізіліп, оның шеңберінде ғылыми зерттеулер жүргізілуде.
  • «Су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін ұтымды пайдалану, экология»;
  • «Геология, минералды және көмірсутек шикізатын өндіру және қайта өңдеу, жаңа материалдар, технологиялар, қауіпсіз бұйымдар мен конструкциялар»;
  • «Жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер»;
  • «Білім және ғылым саласындағы зерттеулер»;
  • «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер»;
  • «Ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар» сияқты ғылымның жаңа басым бағыттары осы салалардағы жобаларды нысаналы қаржыландыруға мүмкіндік бермек.

2020 жылы ғылыми және ғылыми-техникалық жобалардың конкурстық құжаттамасының шарттары, оның ішінде ғылыми жетекшілерге қойылатын талаптар, әсіресе ғылыми-метрикалық көрсеткіштер бойынша талаптар өзгерді.

Гранттардың жаңа түрлері пайда болды – коллаборацияға, қысқа мерзімді және гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың саны да едәуір артты. Мысалы, 2020 жылы бір ғана ҚР Білім және ғылым министрлігі арқылы 5 конкурс өткізілді. БҒМ-нен бөлек 5 салалық министрлік бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға (БНҚ) конкурс жариялады. БНҚ-ға тағы 5 өтінім өзектілігіне байланысты конкурстан тыс қабылданды.
Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2019 жылы жас ғалымдардың гранттық қаржыландыруға арналған бір ғана конкурсы өткен болатын.
Осылайша сарапшылардың, ұлттық ғылыми кеңестердің жүктемесі бес есе артты. Тиісті министрліктерден бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстарын, жобалар мен бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы есептерді, ғалымдардың үндеулерін ескерсек, ҰМҒТСО ұжымы иығына түскен салмақ та жеңіл емес. Бұл ішкі басқару жүйесін қайта құруды ғана емес, сонымен бірге командалық рухты және жалпы жұмыс нәтижесі үшін әр қызметкердің жеке жауапкершілігін күшейтуді талап етті.

Сонымен бірге, басты мақсат – ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды қаржыландыруға арналған конкурстардың барлық кезеңдерінің барынша ашықтығы мен қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін қамтамасыз етуге қол жеткіздік.
Әрине, бұл жерде адами факторлар да кездесіп тұрады. Ұсынылған өтінімдердің конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестігін тексеруге байланысты белгілі бір кемшіліктер де болды, бірақ біз оларды барлық байланыс құралдарын қолдана отырып, мүмкіндігінше тезірек шешуге тырыстық.

Дер кезінде жіберілген қателіктер ескеріліп, сараптама жүргізудің қағидаларына өзгертулер енгізілді. Соның нәтижесінде жоба жетекшілерінің өтінімді рәсімдеу барысында назардан тыс қалып қойған кемшіліктерін үш күн ішінде түзетіп, конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндіктері пайда болды.

Ғылыми қауымдастықтың, ҰМҒТСО мен Ғылым комитетінің арасындағы тығыз байланыстың арқасында ғалымдар тарапынан келіп түскен ұсыныстар мен ескертулер мезгілінде назарға алынып, жұмыс қарқыны мен сапасы тиісті деңгейде сақталғанын атап өткім келеді. Пандемияға байланысты шектеулерге қарамастан, қаржыландыру, есеп беру және конкурстық құжаттамаға қатысты құқықтық нормаларға жедел өзгерістер енгізілді. Бұл шаралар ғылыми процесті ұйымдастырудағы бюрократиялық кедергілерді азайтып, ғылыми жобалардың бюджетіне кейбір өзгертулерді енгізу бойынша ҰҒК-ті біраз артық жұмыстан босады. Осылай тіпті бюджет қаржысы да үнемделді.

Мысалы, жылдық ішкі бюджетті үнемдеп жұмсау құқын ғылыми жетекшінің өзіне беру – құжат айналымы жұмысын азайтып, ғалымдардың, жұмыс органының және бағдалама әкімшілерінің жүгін едәуір жеңілдетті. Осы тұрғыда жұмыстар әлі де жалғасуда.
Бұл кезең ҰМҒТСО-ның соңғы жылдары жетілдіріліп келген, автоматтандырылған ақпараттық жүйесі үшін өзінше бір сынақ болды. Бізді мазалаған сауалдың бірі – онлайн режимінде өтінімдерді қабылдау, ҰҒК, есеп беру жұмыстарын ұйымдастыру сияқты процестерді жүйе көтере ала ма? Дегенмен, ақпараттық жүйеміз оны жетілдіру мен қолдауға бөлінген ресурстардың шектеулі болуына қарамастан, бұл сыннан сүрінбей өтіп, қазіргі таңда «қара күшіне» мықтап мінді.

Салмақты ғылыми ақпаратты цифрландырудың артықшылығы бәрімізге белгілі. Адамдар қағаз түріндегі есеп беруден босатылды. Бір қарағанда аса бір үлкен өзгеріс болып көрінбегенімен, ғылыми қауымдастық үшін бұның маңызы зор. Еліміздің түкпір түкпірінен қағаз түріндегі бума-бума құжаттарды тасу артта қалды.

Сонымен қатар, ғылыми ортаның белсенділігі де өскенін айта кеткім келеді. Сараптама жүргізу, есеп беру рәсімдеріндегі ұсыныстар мен өзгертулер әлеуметтік желіде жиі талқыланып, ғалымдар өз ойларын ортаға салып, сыни пікірлерін де жазып жүр. ҰМҒТСО-ның әлеуметтік желідегі жазылушылар саны үстіміздегі жылы екі есеге көбейді. Демек, ғылым мен мемлекет арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтеруге септесетін коммуникация ағыны артып отыр.

Қазақстандық ғылыми қоғамдастық еліміздің болашағын белгілеп жатқан жоғары деңгейлі, мәдениетті де білікті адамдарды біріктіреді. Осындай сын сағатында жасалған түйін – басты орын ғылымға берілуі тиіс. Дәл осы ғылымды, білімді дамыту, біліктілігі жоғары мамандарды даярлау мәселесі жаңаша дамудағы алғышарттардың біріне айналды.

Мемлекет қазақстандық ғылымға қатысты қадамын өзгертті. Ғылымды басқарудағы іс-шаралар стратегиялық көзқарасты басшылыққа алады. Үміт артып отырған жаңа «Ғылым туралы» Заң біздің қоғамдағы ғалымның мәртебесін нығайтуға, ғылыми зерттеулерді қолдаудың нақты шараларын қарастыруға тиіс.

https://aikyn.kz/125028

«« | »»
Соңғы жаңалықтар
22.04.2021 Ұлы дала өркениеті бастау алған байырғы мекен
16.04.2021 Адамға туған жерінде өсетін дәрі өсімдіктің шипасы мол - Алтай ботаникалық бағының директоры
13.04.2021 ЭЛЬМИРА УАЙДУЛЛАҚЫЗЫ: «Қазақ тілді, мықты жас ғалымдарымыз көп, алайда олар ұяңдық танытады».