Қазақстан ғылымы

АУЫЛ ИНЖЕНЕРІ «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН АҚШ-ТЫҢ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНА ТҮСТІ

12.10.2022

1128

Атырау облысы Таңдай ауылының инженері Дулат Бекмұхамбет «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орнының магистратурасына түсті. Ол Чикагодағы Иллинойс университетінде құрылыс инженериясын зерттейтін болады.

«Мен ауыл мектебін бітірдім. Қазір де туған ауылымда Атырау облысы Исатай ауданының жер қатынастары бөлімінде жұмыс істеймін. «Болашақ» бағдарламасы қазақстандықтар үшін керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Құжатты еліміздің кез келген өңірінен онлайн тапсыруға болады, конкурстық іріктеу ашық өтеді. Елге оралған соң шетелде алған білімімді туған өлкемді дамытуға қолданғым келеді», – деп әңгімеледі «Болашақ» стипендиаты Дулат Бекмұхамбет.

Айта кетейік, ауылда тұратын қазақстандықтар үшін «Болашақ» бағдарламасы бойынша жеңілдік қарастырылған. Ауыл тұрғындары құжат тапсырған кезде шетелдік жоғары оқу орнына өз еркімен түсуге міндетті емес. Олар тілдік дайындықтан өтіп, стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама аясында оқуға ұсынылатын ЖОО тізімінен оқу орнын таңдай алады.

Ауылдық квота бойынша түскен стипендиаттың кепіл мүлкі болмаған жағдайда, міндеттемелерді орындау үшін екі гарант ұсыну ғана жеткілікті. Соңғы 12 айда тұрақты табысы бар, жасы 50-ге толмаған ҚР азаматы үміткерге гарант бола алады.

Естеріңізге сала кетейік, «Болашақ» стипендиясының конкурсына ауылдық елді мекендерден үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік ЖОО-дан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады.

https://www.facebook.com/gylym.jogarybilim/photos/a.105373878913483/136021935848677/

«« | »»
Соңғы жаңалықтар