Қазақстан ғылымы

Мұнайдан ластанған топырақты тазартатын биопрепарат

25.06.2022

249

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары отандық ғылым саласын өз жетістіктерімен толықтыруда. Солардың бірі – «Мико-Ойл» биопрепараты. Оның ерекшелігі сол, мұнай өндіру кезінде ластанған топырақты тазартады.

Бұл жаңалықтың өндіріске енгізілгенін де айта кеткен жөн. Оған өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын «KazEcoSolutions» ЖШС тапсырыс берген. Бұл компаниямен биологиялық өнімді және оны қолданудың арнайы технологиясын жасау бойынша бес жыл жұмыс жасалған. 2013 жылы осы компаниямен бірлесіп, «Өзенмұнайгаз» МГӨБ-3 аумағында тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ жүргізілді. Онда ластанған топырақты тазарту жұмысы бір айдай уақытта 93 пайыздан жоғары нәтиже көрсетті. Осындай зерттеулерді негізге ала отырып, ғалымдар «Мико-Ойл» биопрепараты арқылы тазартудың жеке агро-микробиологиялық технологиясын әзірледі.

«Қазақстанда мұндай микробтық препараттарға деген сұраныс жоғары болғанымен, өндіріс көлемі аз. Сондықтан батыстық әріптестерден кем түспейтін отандық нұсқаны жасау туралы шешім қабылданды», – дейді жоба жетекшісі Биология ғылымының докторы, профессор Тоғжан Мұқашева.

ҚазҰУ ғалымдары мұнай көмірсутектерімен ұзақ уақыт бойы ластанған топырақтан деструктивті микроорганизмдердің белсенді штамдарын бөлу бойынша терең зерттеулер нәтижесінде белсенді штамдарға негізделген препарат жасап шығарды. Арнайы агро-микробиологиялық технологияның арқасында жасалған препарат топырақты тазартудың тиімділігіне кепілдік береді. Оның басты себебі – биопрепараттың құрамындағы микроорганизмдер әртүрлі табиғи өзгерістерге деген төзімділігі. Препараттың өзі, оны алу тәсілі және ол үшін әзірленген қолдану технологиясы өнертабыс ретінде патенттелген. Сондай-ақ ҚР ӘМ «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК «Өнеркәсіптік меншік» ресми бюллетеніне енгізілген, деп жазады https://www.kaznu.kz/.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар
29.07.2022