Қазақстан ғылымы

Мұхит Құлмағанбетов: Медицина, әсіресе ғылыммен айналысатын мамандар тапшы кезде Қазақстанға оралу – жеке басымның тілегі ғана емес, ел мүддесіне де қажет стратегиялық қадам

21.04.2020

2508

Өзінің мамандығын сүйетін адам өз ісінің жанашыры десем, артық айтпаған болар едім. Оған дәлел – дәрігер Мұхит Құлмағанбетовтың қызметі жолындағы жаңашылдыққа деген құлшынысы. Ауылдан шыққан қазақтың қара баласы бүгінде Еуропаның жоғары оқу орындарының бірінде студенттерге лекция оқып жүр. Кез-келген халықаралық конференцияда өз жаңалықтарымен бөлісіп, медицина саласына қандай да бір үлесін қосуды армандайтын жас ғалыммен таныс болыңыздар.


  • Мұхит Құлмағанбетов Қарағанды қаласында туып, кейін Қызылорда облысында өсіп, жетілген. Қалжан Ахун ауылындағы №126 қазақ мектебінен кейін Тереңөзек кентіндегі №36 орыс орта мектебінде білім алған. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жалпы медицина факультетіне оқуға түскен. Бірнеше тілді меңгерген. Спортпен шұғылданады.

Мұхит, біліміңізді Ұлыбританияда жалғастырып жатыр екенсіз, ол елге қалай барып қалдыңыз?
– 2016 жылы жалпы хирургия мамандығын бітіріп, Қазақ көз аурулар ғылыми-зерттеу институтында офтальмолог дәрігер боламын деп шештім. Алайда, Ұлыбританияға ғылыми конференцияға барған сапарымда Кардифф Университетінің профессорлары өздерімен бірге жұмыс істеуге ұсыныс тастады. Әрине, мүмкіншіліктері жоғары және әлем мойындаған, офтальмологияның алдыңғы қатардағы ғалымдарының өздері байланысып тұрса, кім қарсылық білдірсін? Тез арада жобамыздың жоспарын талқылап, қаражат іздей бастадық. 3 айдан кейін тәуекелге бел буып, Кардифф Университеті және Британия кеңесі (British Council) ұйымдастырған жарысқа қатыстық. Дүние жүзінен қатысқан 680 үміткердің арасынан 7 жеңімпаз әртүрлі мамандық бойынша PhD докторантураға оқуға мүмкіндік алдық.
Қазір жоғарыда айтылған оқу орнында 3-ші курста оқып жатырмын. Сол жерде офтальмология, оптика, анатомия және клиникалық диагностика пәндерінен сабақ беремін. Кардифф Университеті көз зерттеулері бойынша Еуропаның алдыңғы қатарында тұрса, Ұлыбританияда мінсіз көшбасшы. Сондықтан, таңдауым осы елге түсті.
– Докторанттарға қандай жағдай жасалады? Олардың ғылымдағы салмағы қаншалықты?
– Үлкен академиялық атағы бар университеттер грант, демеуші немесе қолдаушы іздеп әуреленбейді. Керісінше, сол жерде жұмыс жасайтын мамандарға сұраныс көп болады. Сол себептен, ең алдымен қаражат мәселесі, оның ішінде зерттеу шығындары, тез және түбегейлі шешіледі. Маған ешқашан «ақша жоқ, зерттеуіңді арзан түрде жаса» деп қысым көрсетілген емес.
Жас ғалымдарға үлкен сенім артылады, олардың біліктілігін әрқашан дамытып отырады. Сонымен қатар, әр университеттің 70-80% ғылыми жұмысы осы PhD докторанттардың мойнында болғандықтан, бізге ерекше көңіл бөледі. Тіпті менің ғылыми жетекшім (супервайзер) профессор James Morgan алғашқы күннен бастап-ақ ғылыми жұмыстан басқа клиникалық тәжірибемнің дамуына да мән беріп, арасында жеке өмірлік ақыл-кеңесін айтып отырады.

Зерттеп жатқан тақырыбыңыз қандай? Мақсаты не?
– Қазіргі күні зерттеу тақырыбым – «Көздің торлы қабығының нейродегенеративті ауруларын оптикалық когерентті томографияны және жасанды интеллектті пайдалана отырып ерте анықтау». Аталған ауруларға глаукома, жасқа байланысты макулярлы дегенерация (ЖМД) және Альцгеймер аурулары жатады. Бұл аурулардың ортақ ерекшеліктерінің бірі – радикалды емнің жоқтығы. Сонымен қатар, глаукома және ЖМД қайтарылмас соқырлықтың негізгі себептері, жыл сайын миллиондаған адам ауырады және соқырланады. Ал Альцгеймер ауруының қоғамдық және әлеуметтік әсерін өздеріңіз білесіздер...
Зерттеуім үш сатылы эксперименттен тұрады: химиялық, жануарларға эксперимент жасау және клиникалық жұмыс. Бірінші сатысында мен көздің торлы қабығының жасанды оптикалық фантомдарын органикалық және бейорганикалық химикаттардан жасап, кейін оптикалық когерентті томографиямен (ОКТ) түсірдім. Бұрын химия пәнін жақсы көргеннен кейін осы зерттеу қызық, әрі ойдағыдай шықты.
Екінші бөлікте жануарлар, оның ішінде тышқан мен егеуқұйрықтың көзін зерттедім. Эксперимент барысында кеміргіштердің көзіне ауру моделін жасап, кейін диссекцияладық. Сол әдіс арқылы торлы қабықтың ганглиозды жасушаларының апоптозын зерттедік. Сонымен қатар, 3xTg тышқан моделінің көзін ОКТ-ға түсірдік, бұл тышқандарда Альцгеймер ауруының сипаттары бар. Кейін биологиялық өзгерістердің математикалық есебін шығардық. Осы орайда машинамен оқыту әдісін пайдаландық.
Зерттеудің үшінші, әрі ең маңызды сатысы – клиникалық жұмыс. Бұл кезеңде глаукома және ЖМД бар науқастардың көзін томографияға түсіріп жатырмын. Алайда карантинге байланысты клиника жабылып, барлық пациенттерді көре алмадым. Кейін скандардың барлығын жинап болған соң, жасанды интеллект әдісін пайдаланып, аурулардың ерте диагностикасымен айналысамыз.

Осы зерттеуіңізбен Отанымызда айналысу жоспарда бар ма?
– Дәл осы зерттеумен өз елімізде айналыссам деген идея докторантурға дейін болған және өз елімізде жасауға ынталанғанмын. Алайда, өзіңіз білетіндей, ғылымда ресурстар тапшы. Мысалы, химикаттардың және жануарлардың тез табыла қалуы екіталай. Қазіргі оқу орнында әр тапсырыс 1-2 күн ішінде келеді. Ойға алған зерттеу жұмысыңды уақытында жүргізе аласың.
Осы жерде айтқым келгені, қай салада болмасын басты мәселе – жастарға сенім арту, академиялық бостандық беру керек. Олай дейтінім, кезінде өз тарапымнан ұсынылған идеяларым көп жағдайда ескерілмей қалып жатты. Болашақта мұндай жағдайлар жақсы бағыттарға өзгерер деп сенемін.
Докторлық жұмыс жазу барысында қандай да бір кедергілер бар ма?
– Ұлыбританияда PhD докторанттар 80 000 – 100 000 сөз саны бар тезис жазу керек. Демек, ең үлкен кедергі – көп мөлшерлі диссертация. Одан бөлек, бұл тезис өте жоғары академиялық ағылшын стандарттарына сәйкес болуы тиіс. Қосымша эксперименттер және анализдер жасап, ғылыми конференцияларға қатысып, мақалалар жазу қажет. Жұмыс саны өте көп болғанымен қызықты өтеді. Бұл жерде уақыт және жоба менеджмент әдістері өте жақсы көмектеседі.
Қазақстан ғылымын дамытуға атсалысады деп сенемін. Олай дейтінім, дамыған мемлекетті көрген кейбір жастар еңбегін сол жерде жалғастырғысы келеді ғой?
– Әрине, адам жақсылыққа тез үйреніп қалады ғой. Докторантураны бітіруге жақындағанда қаржыландыру көмегінен басқа, жақсы жайлы орындарды да ұсына бастайды. Жалпы өмір сапасы ғана емес, жұмыс жағдайы да өте жоғары. Алайда, елге қайтып, үйренгенмен бөлісуге де ынта өте көп. Медицина, әсіресе ғылыммен айналысатын мамандар тапшы кезде Қазақстанға оралу – ол жеке басымның тілегі ғана емес, ел мүддесіне де қажет стратегиялық қадам болып табылады. Мүмкін болса, сырт елдерде жүрген жас ғалымдарды шақырып, оларға жайлы жағдай жасаған дұрыс деп ойлаймын. Осы орайда Ұлыбританияда докторантурада оқып жүрген отандастарды атап өтсем деп едім. Осыдан үш жыл бұрын барлық PhD докторанттар бірігіп, Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен ассоциация құрдық. Жиналуымыздың негізгі мақсаты – өзара танысу, таныстығымызды әрі қарай арттырып, елдің қазіргі және болашақ ғылымын дамыту, өзекті мәселелерді талқылау, бірге форум-конференциялар ұйымдастыру.
– Қазіргі пандемия туралы айтпай кетпеске болмас. Еуропадағы осы індетке қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы ойыңыз?
– Ұлыбритания Еуропа елдерінің арасында коронавирус инфекциясынан жетекші орын алуы мүмкін деген пікірлермен бірнеше мақала шықты. Наурыз айының ортасында елге оралуға бел будым. Не болса да, келе жатқан үлкен кризис толқындарын өз елімде, жақындарымның арасында өткізейін деген ой болды.
Жалпы Ұлыбританияда коронавируспен ауыратын науқастар саны күннен күнге өсіп келеді. Сонымен қатар, өлім саны жағынан да алдыңғы қатарда тұр. Себебі, менің ойымша және дәрігерлік бақылауыма сәйкес, пандемия енді басталып жатқан кезде Англия үкіметі және халқы коронавирусқа аса мән бере қоймады. «Жәй ғана тұмау» ретінде қарады. Тіпті университеттерде сабақ жалғасып, басқа да жұмыс орындары жұмыстарын жалғастыра берді. Оның үстіне оларда «herd immunity» немесе «ұжымдық иммунитет» деген дәстүр қалыптасты. Оның мақсаты – қоғамдық жерлерде көп шоғырланып, бір-біріне инфекция тарату арқылы ағзадағы иммунитетті қалыптастыру. Өкінішке орай, бұл «жәй ғана тұмау емес», ал «ұжымдық иммунитет» вакцина емес. Дәл сол уақытта көршілес Еуропа елдерінде, әсіресе Италия және Испанияда күнде мыңдаған адам қаза болып жатты. Тіпті, өздеріңіз білетіндей, Ханзада Чарльз, Премьер-министрі Борис Джонсон, Денсаулық сақтау министрі Надин Доррис осы індетпен ауырып қалды.
Осы жерде таң қалғаным, наурыз айының бірінші аптасында Австрияға офтальмология саласы бойынша семинарға бардым. Барып, қайтқан сапарымда мені еш жерде ешкім тексермеді де тіркемеді. Керісінше, Отанға оралғанда барлық пассажирлердің ұшақта бір, Алматы әуежайында екінші рет дене қызуы тексеріліп, деректері тіркеуге алынды. Қазақстанның пандемияға қарсы күреске жұмсап жатқан күші осындай кішкентай айырмашылықтармен белгіленеді.
– Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Толқын Садырова,

Қоғаммен байланыс бөлімі

«« | »»
Соңғы жаңалықтар
04.06.2021 Қазақстандық өнертапқыш жасаған ұшақты америкалық Boeing компаниясы сатып алды
25.05.2021 Қазақтың көне карталарын зерттеп жүр
25.05.2021 Күнсұлу Закарья: Тірі вакцина әзірлеп жатқан бізден басқа ел жоқ