Қазақстан ғылымы

Әйгерім Өмірхан: Электрохимия, материалтану мен химиялық инженерияның тоғысқаны ұнайды

20.04.2020

2072

Ғылым жолы үлкен еңбекті талап етеді. Ол үшін қызықтырған салаға басы бүтін беріліп, барынша қызмет ету керек. Өзінің білімін әрі қарай тереңдетіп, осы бір баға жетпес құндылықтың қыр-сырымен жақынырақ танысуды алдына мақсат етіп қойған жастарымыздың бірі – Лондонда білім алып жатқан Әйгерім Өмірхан.


  • Әйгерім Өмірхан Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының тумасы. Сол қалада №13 гимназияда 8-сыныпқа дейін білім алып, 2006 жылы жанұясымен Ақтөбе қаласына көшіп келіп, 2010 жылы №51 мектеп-гимназиясын «Алтын белгіге» тәмамдаған. Назарбаев Университетінің (НУ) алғашқы түлектерінің бірі болып, 2015 жылы «Химиялық инженерия» мамандығын алып шықты.

Қазір Ұлыбританияда білім алып жатырмын

Назарбаев Университетін бітіріп, білімімді әрі қарай «Материалтану» саласындағы магистратурамен Ұлыбританияның астанасындағы Imperial College London ЖОО-да жалғастырдым. Imperial College London жыл сайын әлемнің үздік деген 10 оқу орындарының қатарына кіретін, инженерия, ғылым, медицина және бизнес салаларына бағытталған университет. Ғылыми зерттеу саласы өте жақсы дамығандықтан, осы университетке көз тіктім. Магистратура кезіндегі ғылыми жетекшіме менің жасаған жұмысым ұнаған соң, маған докторантураға түсуді ұсынды. Магистратураны үздік аяқтап, докторантураға - Royal Dutch Shell компаниясымен қаражаттандырылған 3.5 жылдық оқуға қабылдандым.

Жас ғалымға мүмкіндік мол

Мұнда ғылыммен айналысамын деген адамға шектеу жоқ. Айта кетсек, біріншіден, ғылыми зерттеу жұмысын жасау үшін барлық мүмкіндік жасалған. Мысалы, мен білімімді жетілдіріп жатқан Материалтану департаментінде 5-6 заманауи сканерлеуші электронды микроскоп, 3 трансмиссиялық электронды микроскоп бар. Ол құрылғыларды кез-келген докторант студент тренингтен өткен соң, емін-еркін зерттеу мақсатында қолдана алады. Екіншіден, өзін-өзі дамытуға арналған ресурстар жетерлік. Әсіресе, кодтауды үйрену, оқытушылық қабілетті арттыру, деректерді талдау және кәсіби бағдар беру курстарын атап өтуге болады. Үшіншіден, ғылым саласы жақсы қаржыландырылған. Нәтижесінде, жас ғалым өзінің зерттеу қорытындыларын халықаралық ғылыми конференцияларында қорғай алады. Осының барлығы белгілі бір гранттың арқасында қаражаттандырылған.

Зерттеп жатқан тақырыбым несімен қызықтырды?

Зерттеп жатқан тақырыбым болат құбырларының эрозия-коррозия феноменін микро- және нано-деңгейінде түсінуге арналған. Коррозия инженерлерінің ұлттық қауымдастығы (National Association of Corrosion Engineers, NACE) жыл сайын коррозияның экономикалық құнын 2.5 трлн. АҚШ долларына бағалайды. Біріншіден, зерттеу тақырыбымды қолданбалы ғылым қатарына қосуға болады. Яғни, қорытындыларым өнеркәсіпке тікелей пайдасын әкеле алады. Ғылыми жұмысымның өзектілігі мен қоғамға деген пайдасын сезінгенде зерттеуім ерекше шабыт береді. Екіншіден, зерттеу тақырыбым пәнаралық зерттеу қатарына жатады: электрохимия, материалтану мен химиялық инженерияның тоғысқаны ұнайды.
Өкінішке қарай, елімізде әлі күнге дейін өнеркәсіп тарапынан қаржыландырылған зерттеу жұмыстары тапшы. Өзімнің альма-матер Назарбаев Университетінде өзекті тақырыптарды зерттеуге арналған барлық жағдай жасалған десем, қателеспейтін болармын. Өнеркәсіп тарапынан ғылымға деген қызығушылық көбірек болса екен деп тілеймін.

Жұмысыма кедергі жоқ

Дәл қазір пандемия ортасында дипломдық жұмысымды жазып жатырмын. Туған-туыс, достардан алшақтық басты кедергі десем де болады. Ғылыми жұмыспен айналысқан, қай елде болмасын, оқшауланумен ерекшеленеді. Осы тараптан ғылыми коллаборацияға үйреніп, жұмыстан тыс істермен айналысқан да абзал. Спортпен шұғылдану да өз пайдасын тигізеді: ұзақ жұмыс жасағаннан соң, үлкен дистанцияға жүгірген мен үшін керемет әсер береді.

Ғылым, инженерия, инновация саласына өз үлесімді қоссам деймін

Болашақта ғылыми жолымды материалдардың электрохимиясы саласында жалғастырамын деген ойдамын. Докторантура кезінде бакалавриат және магистратура студенттеріне зертханалық сабақтарды өткізген ұнаған. Сол себептен ЖОО-дағы оқытушылық та қызықтырады. Университетпен ғана шектелмей, өнеркәсіптік ғылыми орталықтардағы мансапты да қарастырғым келеді. Ғылым, инженерия, инновация саласына өз үлесімді қоссам деймін.
Әрине, туған елге оралу ойда жоқ емес. Постдокторлық тәжірибе жинаған соң, үздік оқу орнында профессор болу ұзақ мерзімдік мақсаттарымның бірі.

Ұлыбритания індетпен қалай күресуде?

Өкінішке орай, осы сұрақтарға жауап беріп жатқан сәтте (13 сәуір) COVID-19 індетіне Ұлыбританияда 85 мыңнан астам адамның осы жаман ауруға шалдыққанын хабарлап жатты. 23-наурыздан бастап карантин шаралары енгізілді, жалпы халық ғылыми дәлелдерге негізделген үкіметтік кеңеске құлақ шалуда. Көпшілік мүмкіндігінше үйден жұмыс жасап, көшеге тек азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу немесе күніне бір рет жаттығу жасау үшін шығады. Көшеде, дүкендерде басқа адамдармен екі метрлік қашықтықты ұстанады. Дегенмен, адам баласы сақтық шараларын жасауда. Әлемді шулатқан коронавирусты бәріміз бірге жеңіп шығамыз деп сенемін.

Толқын Садырова,

Қоғаммен байланыс бөлімі

«« | »»
Соңғы жаңалықтар
04.06.2021 Қазақстандық өнертапқыш жасаған ұшақты америкалық Boeing компаниясы сатып алды
25.05.2021 Қазақтың көне карталарын зерттеп жүр
25.05.2021 Күнсұлу Закарья: Тірі вакцина әзірлеп жатқан бізден басқа ел жоқ