Қазақстан ғылымы

ЭЛЬМИРА УАЙДУЛЛАҚЫЗЫ: «Қазақ тілді, мықты жас ғалымдарымыз көп, алайда олар ұяңдық танытады».

13.04.2021

4245

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Қауымдастырылған профессор м.а., PhD доктор, Анкара университетінің (Түркия) Пост Доктор түлегі.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Жас ғалымдар Кеңесінің төрайымы.
Дүниежүзі қазақ жас ғалымдар Платформасының төрайымы.

Педагогика ғылымы кенже қалып қойды дегенмен мүлдем келіспеймін

Мен 2014 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығын «Бастауыш сынып мұғалімдерінің ақпараттық-кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыбы бойынша PhD докторлық диссертациямды қорғадым. Осы зерттеу тақырыбым өзіндік өзектілігін әлі күнге дейін жоғалтқан жоқ. Сол сияқты, жалпы әлеуметтік ғылымы саласы, оның ішінде педагогика ғылымы ғылым кеңістігінде кенже қалып қойды дегенге мүлдем келіспеймін. Жыл сайын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті тағайындайтын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстарда педагогика саласындағы ғалымдардың ғылыми жобалары қолдау тауып жатады. Сонымен қатар, жыл сайын ұйымдастырылатын «ЖОО-ның үздік оқытушысы» байқауында да педагогика саласының үздік педагог-ғалымдары марапатталуда.
Педагогика бұл - ұрпақты білімге дайындау мен тәрбиелеудің ең басты ғылым саласы, сол себепті қай кезеңде болсын бізге педагогика ғылымы саласынан кенже қалуға болмайды.

Хирша индексі 4-ті құрайды

Жалпы елімізде кез келген ғылым саласы күн санап қарқынды дамып жатыр, қаншама ғалымдарымыздың ғылыми мақалалары «Scopus», «Web of Science» базасына кіретін халықаралық процентилі жоғары журналдарда жарық көруде. Себебі, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш тек қана докторанттардан ғана емес, ЖОО-ның оқытушыларынан да талап етілуде. Мысалы, ЖОО-да магистранттар мен докторанттарға ғылыми жетекші ретінде бекітуіңіз үшін «Scopus», «Web of Science» базасына кіретін халықаралық процентилі жоғары журналдарда жарияланымдарыңыздың болуы міндеттелген. Тіпті, ғылыми жобалардың гранттық конкурстарына қатысу үшін де, ғылыми дәреже алу үшін құжаттарыңызды дайындау үшін де қажет. Сондықтан, «Scopus», «Web of Science» базасына кіретін халықаралық процентилі жоғары журналдарға мақала ұсыну барысы күннен күнге артып жатыр.

Алайда, қазіргі уақытта біз білім берудің жаһандану үдерісіне көп ден қойып кеттік. Жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес инновациялық технологияларды енгізіп, жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдану жағдайы жайлы зерттеумен айналысамыз деп, халықтық педагогикадан алшақтап бара жатқандаймыз.

Айтқым келгені, «Scopus», «Web of Science» базасына кіретін халықаралық процентилі жоғары журналдарға мақала ұсынар кезде, батыстан көшірген жаңаша әдіс-тәсілдердің қолданылуы барысын емес, қазақ халық педагогикасындағы білім беру мен тәрбиелеу үдерісінің маңыздылығын жаңалық ретінде көрсете білсек.

Біз шетелдік теорияларды қалай қолданып жатқандығымызды жаңалық етіп көрсетпеуіміз керек. Керісінше, біз ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, өзіміз қандай жаңалық ұсына аламыз? Әлем ғалымдарының назарын аударатындай, білім беру мен тәрбиелеу үдерісінде ұлттық болмысымызға тән қандай жетістігімізбен мақтана аламыз? Осы жағына баса мән бергеніміз дұрыс сияқты.

Педагогика ғылымы саласында біз үнемі назарымызда ұстанатын «Сухомлинский мектебі», «Макаренко мектебі», «Амонашвили мектебі» сияқты мектептер қазақ халқында өте көп. Атап айтар болсақ, «Абай мектебі», «Алтынсарин мектебі», «Шәкәрім мектебі», «Мағжан мектебі», тіпті Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогокалық университетінде талай жылдар декан болған «Қоянбаев мектебі» бар. Осы жайлы жан-жақты зерттеп, қарастырып, неге білім беру мен тәрбиелеу үдерісінде қолданбасқа? Жаңалық ретінде көрсетіп, нәтижесін халықаралық журналдарда неге жарияламасқа?

Осы бағытта жұмыс жасауымыз қажет деп ойлаймын. Сол кезде ғалымдарымыздың ғылыми мақалалары әлем бойынша жоғары сұранысқа ие болары сөзсіз. Себебі, елімізде өте мықты ғалымдар жетерлік.

Ал, Хирша индексі бойынша гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы көрсеткіш туралы бүгінгі күні жақсы деңгейге көтеріліп келеміз деп айтар едім. Еліміздегі бір бағыттағы, бір саладағы ғалымдар бір-бірінің мақалаларын өздерінің зерттеу жұмыстарында талдап, қосып, қолдау білдіруі керек деп ойлаймын. Әрине, шетелдік ғалымдардың ғылыми мақалаларымызға қызығушылық танытып, дәйексөз келтіруі (цитировать) маңызды. Сонда да, егер біз өз ғылымымыздың дамуына, ғалымдарымыздың танылуына жұмыс жасағымыз келсе, бір-біріміздің ғылыми жұмыстарымызды қызығушылықпен оқып, жанашырлықпен қолдауымыз қажет деп есептеймін. Жеке өзімнің бүгінгі күні Хирша индексім 4-ті құрайды.

Дүниежүзі қазақ жас ғалымдар платформасы қалай құрылды?

Өткен жылдың яғни 2020 жылдың 21 мамыр күні «Дүниежүзі қазақ жас педагог-ғалымдар Платформасы» құрылған болатын. Бүгінгі күні атауы «Дүниежүзі қазақ жас ғалымдар Платформасы» деп өзгертілді.
Құрылу мақсаты: еліміздің ЖОО-дағы жас педагог-ғалымдар мен шетелдегі жас ғалымдардың арасына кәсіби көпір орнату; тәжірибе алмасу мен әріптестік байланыс жасау; ғылыми, оқу-әдістемелік коллаборациялық жұмыстар атқару; қоғамдық жұмыстарда белсенділік таныту болып табылады.

• Бүгінгі күні Платформа құрамындағы жас ғалымдардың жалпы саны – 88.
• Шетелдегі жас ғалымдар саны – 20. Оның ішінде, Англия, Шотландия, Венгрия, Польша, Ресей, Түркия, Қытай елдеріндегі университетте білім алып жатқан жас ғалымдар.
• Отандық ЖОО-дағы жас педагог-ғалымдар саны – 68.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бір сөзінде: «Ғылымсыз, жаңа технологиялар мен білімді енгізбестен экономикада да, әлеуметтік салада да табысқа жету мүмкін емес, сондықтан ғылымның дамуына өз өмірін арнаған және барлық күш-жігерін жұмсайтын адамдарды бағалауымыз маңызды» деген болатын.
Бүгінгі күнгі басты мақтаныштарымыздың бірі – ғылым дейтін болсақ, онда ғылым жолында жүрген әрқайсысымыз бұл жолда тамшыдай болсын үлес қосуға тиіспіз деп есептеймін.

Өткен жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ ДАМУ БОЛАШАҒЫ: ЖАС ПЕДАГОГ-ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЗАМАНАУИ КӨЗҚАРАСЫ» тақырыбындағы жас педагог-ғалымдардың І халықаралық вебинары болып өтті. Осы он бес күндік іс-шараға қазақтың жалындаған жас ғалымдары қатысты. Іс-шараны ұйымдастыру барысында түсінгенім, елімізде өте мықты жас ғалымдар көп және айтар жаңалықтары да баршылық екен. Тек сол ғылыми ізденістерімен бөлісіп, жаңалықтарын, тәжірибелерін ортаға салатын қазақ тіліндегі орта, ұйым жоқтың қасы.

Мен бұрын «Болашақ» халықаралық бағдарламасы иегерлерінің қайтадан шетелге кетіп қалып жатқанын естіп, ойланатынмын. Оларды кінәлайтынымыз тағы бар. Алайда, өзім шетелде бір жыл тұрып келген уақытта түйген ойым – біз олардың шетелден алып келген білімдеріне қызығушылық танытпаймыз, тәжірибелерімен бөлісуге жағдай жасамайды екенбіз. Осының барлығын жан-жақты ойлана келе, жас ғалымдардың қазақ тілінде ғылыми ізденістерімен, жаңалықтарымен бөлісуіне жағдай тудыруға арналған орта құруға шешім қабылдадым. Оның үстіне, он бес күн бойы әріптестік әрі достық қарым-қатынас орнатып үлгерген қазақ жас ғалымдарының тобын өшіруге қимадым. Міне, осындай үлкен қызығушылықпен бүгінгі күні саны 90-ға жуық еліміздегі ЖОО-да қызмет жасап жүрген және шетелде білім алып жүрген жас ғалымдардың тату-тәтті жанұясына айналып үлгердік.

«Ғылым time» жобасы туралы бірер сөз...

«Дүниежүзі қазақ жас ғалымдар Платформасы» құрылған соң, «Осы ұйымдағы жас ғалымдарды қоғамға қалай таныта түссем екен?» деп сұрадым өзімнен және соның нәтижесінде тамаша идеяға қол жеткіздім. Ол – «Ғылым Time» жас ғалымдарға арналған онлай сұхбат жобасы еді.
Сұхбат аптасына 2 рет ZOOM платформасында және Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде өтеді. Сонымен қатар, YOUTUBE каналында жүктеулі. Бүгінгі күні жалпы саны 21 жас ғалыммен сұхбат өтті.
Өзіңіз білесіз, қазақ халқының өзіне тән ұяңдық пен қарапайымдылық қасиеті бар. Елімізде небір мықты қазақ тілді жас ғалымдарымыз бар, алайда олар өздерін қоғамға таныту жағына келгенде көп жағдайда ұяңдық танытады. Сол үшін, қазақ тілді жас ғалымдарымыздың мәртебесін арттырып, олардың ғылыми нәтижелерін қоғамда танытып, дәріптеу мақсатында жұмыс жасап жатырмын. Олармен мақтану мен үшін зор мәртебе. Бұл бастаманы қазақ жас ғалымдары арасынан әйтеуір бір адам бастауы қажет болатын. Оны мен бастап жүргізейін немесе басқа адам, ол маңызды емес. Маңыздысы – бірлікпен жұмылып, нәтижеге бағытталған мақсатты жұмысты бірге жасау. Біз өсеміз деген жастармыз, сондықтан көреалмаушылық, іштарлық, қызғаныш сияқты мінездерден алыс болып, керісінше бір-бірімізге қолдау танытып, ұйымшылдықпен, жанашырлықпен жұмыс жасауымыз қажет деп есептеймін.

Медиа саласындағы мамандарға айтар үлкен ұсынысым бар

Қазір қоғамда тек қана әншілер мен блоггерлердің өмірін ғана түсіреді, мақала етіп жазады, бағдаралама етіп түсіреді. Мысалы, «Қалаулым» сияқты бағдарламалар саны артып кетті. Ол бізге, қоғамға не береді? Жас ұрпақтың дамуына не үлес қосады? Ең болмағанда, отбасы болуға даярлайтын пайдалы мектеп те емес. Ал, ғылыми зерттеумен айналысып жатқан жас ғалымдарымыз жайлы арнайы бағдарламалар неге жоқ? Неге олар туралы жазбасқа? Келешек ұрпаққа ой түзеуге, бой түзеуге нағыз мотивация мен үлгі емес пе? Сондықтан, алдағы уақытта Өздеріңіз сияқты жас ғалымдарға деген сұраныс БАҚ тарапынан көбейе түседі деген үлкен сенімдемін.

Дайындаған Толқын Садырова.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар