Қазақстан ғылымы

Ғалым әже - Әлия Сәрсенқызы Бейсенова. Ғылым саласында жүрген кейуана наурыз айының 25-сінде 89-ға келеді...

05.03.2021

664

Ғылым саласында жүрген кейуана Әлия Сәрсенқызы Бейсенова наурыз айының 25-сінде 89-ға келеді. Әлия әже өмірін Қазақстан табиғатын зерттеуге арнаған. Ол докторлық диссертациясын қорғап, өзі зерттеген ғылым саласында кітап жазумен ғана шектелмей, тың деректерді зерттеумен де айналысқан. «Қазақстандағы географиялық зерттеулердің тарихи негізі» (2001) атты еңбегі соның дәлелі.

Қазақстан табиғатын тереңінен зерттеп, тарихын кеңінен қарастырған ғалым еліміздің табиғи ресурстарын пайдаланудың тиімді жолдарын да іздестіріп, оны қорғаудың маңызды мәселелерін қарастырған.

Қазақстан табиғатының тарихын зерттеу, оның бұрынғы жағдайларын бүгінгі күйімен салыстыра қарау Ә.Бейсенованы Қазақстан экологиясының мәселелерімен шұғылдануға алып келді. Сексенінші жылдардың орта кезінен бастап, экология тақырыбына көптеген мақалалар мен еңбектер жазып, Қазақстанда жастарға экологиялық білім мен тәрбие беру ісін көтерді.

Ә. Бейсенованың ғалымдық, ұстаздық еңбегінің бір саласы – оның орта және жоғарғы мектеп үшін географиялық Атластар жасаудағы еңбегі. Ғалымның «Қазақстанның географиялық Атласы» алғаш рет Мәскеуде 2000 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланды. Атластың толықтырылған нұсқасы Алматыда «Глобус» баспасында қайта басылды (2003). Сонымен бірге Ә.Бейсенова Білім және Ғылым Министрлігінің география институты шығарған (3 том-2006) «Қазақстанның Ұлттық Атласын» жасау ісіне де қатысты.

Әлия Сәрсенқызының Қазақстанның физикалық географиясы мен экологиясын зерттеу саласындағы ғылыми еңбектері алыс және жақын шет елдерде де сұранысқа ие болды. Ғалымның қаламынан 350-ге жуық ғылыми еңбек жарық көрген. Оның 15-і өте толымды монографиялар мен оқулықтардан тұрады.

Ә.Бейсенованың ұзақ жылғы жемісті ғылыми-педагогикалық, қоғамдық еңбегі үкімет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше рет орден, медальдармен марапатталған. Жақында, 2020 жылы 3 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ІІ дәрежелі «Барыс» орденін иеленді.

Марапаттары

1980. ҚазССР оқу министрлігі шешімімен «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы берілді.
1983. «СССР жоғары білім саласындағы үздік табыстары үшін» медалімен марапатталды.
1987. «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
1988. Оқу және педагогтік ғылым саласындағы ерекше еңбегі үшін Қазақ ССР Оқу министрлігінің коллегиясы «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды.
1996. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.
1999. Әлемдік экология проблемаларына арналған халықаралық конференцияда «Қазақстанның экологиялық жағдайы» (Вашингтон.АҚШ) туралы жасаған баяндамасы арнайы мақтау қағазбен атап өтілді.
2000. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталды.
2006. АҚШ Библиография институтының шешімі бойынша «2006 жылғы жыл әйелі» атағымен және медалімен марапатталды;
2007. ҚР Президентінің Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды.
- «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
- Жоғарғы оқу орындары академиясының құрмет белгісімен марапатталды.
2008. «Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетіне 80-жыл» медалімен марапатталды.
- «Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау министрлігіне 20 жыл» медалімен марапатталды.
2010. Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің ғылыми кеңес мүшелерінің шешімімен «Үздік профессор» атағына ие болды.
2011. Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойына арналған медалі табысталды.
- Қазақстан республикасы Президентінің сайлауын өткізу шарасына белсенді қатысқаны үшін «Қазақстан Президентінің Алғысын» алды.
- Президент сайлауындағы азаматтық белсенділігі үшін Алматы қаласы әкімдігінен «Алғыс хат» табысталды.
2012. Еуропа ғылыми-өндірістік палатасының құрметті мүшесі медалімен марапатталды.
2014. Президент жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері атанды.
- «әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне 80-жыл» медалімен марапатталды.
2016. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл медалімен марапатталды.
- Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы «Жаратылыстану» ғылымдарына сіңірген еңбегі үшін Үлкен Алтын медалімен марапатталды.
- Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті оқу орны жұмыстарына белсене атсалысқаны үшін «Лев Гумилев» медалімен марапатталды.
2020. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ІІ дәрежелі «Барыс» орденін иеленді.

Дайындаған Толқын Садырова

«« | »»
Соңғы жаңалықтар
05.07.2021 Елорда тарихы Бозоқ қаласынан басталады
29.06.2021 АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ WEB - ҚОСЫМШАСЫ
04.06.2021 Қазақстандық өнертапқыш жасаған ұшақты америкалық Boeing компаниясы сатып алды