«Scientific Reports» басылымында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Генетика және физиология институтының ғалымдары жүргізген «Төбет тұқымды қазақ иттерінің генетикалық әртүрлілігі және шығу тегі» атты зерттеу жарияланды.
Қазақтың төбеті – қазақтың байырғы заманнан бері мал баққан ит тұқымы. Қазақ төбеті тұқымының басқа бақташы және күзетші ит тұқымдарымен генетикалық құрылымы мен филогенетикалық байланысын түсіну үшін Қазақстанның және Моңғолияның әртүрлі аймақтарындағы 107 қазақ төбетінен алынған қысқа тандемдік қайталау деректері, сондай-ақ екі қазақтан төбетінен және 24 жұмыс тұқымынан 43 иттен алынған тұтас геномдық секвенирлеу деректері талданды.
Нәтижелер төбет тұқымының көп қырлы генетикалық пазл сияқты жеті түрлі генетикалық кластерден тұратынын көрсетті. Кластерлердің бұл бірегей саны ғасырлар бойы ұсақ малдардың отарларымен бірге жүрген тұқымның бай және күрделі мұрасын көрсетеді. Тұрақты көші-қон процесі тұқымның біртектілігі мен оқшаулануын қиындатты. Бұл әртүрлілік көптеген жылдар бойы басқа тұқымдармен үздіксіз қан алмасу процесінің болғанын көрсетеді.
Қазақстандық ғалымдар осы уақытқа дейін келе жатқан төбет тұқымының тибет мастифтерімен байланысы бар деген болжамды жоққа шығарды. Филогенетикалық талдау төбет тұқымы түрік ақбашына, ортаазиялық шопан итіне жақын және ежелгі тибет мастифінен кем емес екенін көрсетті. Мұны ғалымдар толық геномның тізбегінен оқшаулай алған митохондриялық ДНҚ тізбегін талдау арқылы да растады. Төбет иттерінің екеуінде де А18 гаплотипі анықталды, ол ең көне жеті гаплотиптің бірі болып табылады.
Зерттеу нәтижелері қазақтың төбет тұқымын жетілдіру, оның тәуелсіз генетикалық тегі ретінде сақталуын қамтамасыз ету және тұқымды халықаралық деңгейде мойындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға маңызды генетикалық негіз болып табылады.