Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев (1910-1958) қазақ тіл білімі негізін салушылардың бірі, ғалым,
тілтанушы, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі,
Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Жамбыл облысы Қордай ауданы Шарбақты ауылында дүниеге келген. Қазақ халық ағарту институтын, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтын, РКФСР Оқу-ағарту Комиссариатының жанындағы Ғылыми-зерттеу институты Ленинградтағы бөлімшесінің аспирантурасын бітірген. 1932-1934 жылдары Қазақ КСР Халық-ағарту комиссариатында нұсқаушы болып жұмыс істеді. 1938-1946 жылдары - Қазақ КСР Халық-ағарту комиссариатының мектептер жөніндегі ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1946-1951 жылдары - КСРО Ғылым Академиясының алғаш ұйымдасқан Қазақ филиалы Тіл-әдебиет және тарих институтының тұңғыш директоры, «Қазақ КСР Ғылым Академиясы Хабарлары» журналының алғашқы редакторы. 1947-1956 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясы қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің хатшысы. 1956-1958 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының вице-президенті, Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тіл білімі және әдебиеті институты Қазақ тілі тарихы және диалектология бөлімнің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ тілінің тарихы мен синтаксисіне, әдеби тіл тарихы, түркітану, диалектология, орфография, жазу, емле, сөздік түзу мәселелеріне арналған. Морфология саласында ол қазақ тіліндегі етістік категориясының жасалу тәсілдері мен тарихи даму жолдары, көсемше тұлғалары, олардың мағыналары, синтаксистік қызметі жайында және қазақ тілі грамматикасының, оның ішінде морфологиясы, орфографиясы мен алфавиті жайында ғылыми еңбектер жариялады..
«Құрмалас сөйлем», «Қазақ тілінің грамматикасы», «Синтаксис», «Қазақ тілінің синтаксис мәселелері», «Жай сөйлемдердің байланысу амалдары», «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі», «Жанама толықтауыш пен пысықтауыш мүшелері» деген еңбектерінде құрмалас сөйлемдердің қалыптасу жолдарын басқа да түркі тілдеріндегі құрмалас сөйлемдердің даму жүйесімен, сондай-ақ тарихи жазба ескерткіштер мәтінімен салыстыра зерттеді. «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қазақ әдеби тілінің дамуындағы Абайдың рөлі», «Қа-зақ әдеби тілінің тарихын зерттеу туралы» атты мақалалары әдеби тіл туралы алғашқы ғылыми тұжырымның бастауы болды. Сауранбаев Қазақстанның әр аймақтарына тұңғыш рет диалектологиялық экспедициялар ұйымдастырды, ғылыми еңбектері қазақ диалектологиясы пәнінің қалыптасуына игі ықпал етті.
Ол «Орысша-қазақша» сөздіктің жалпы редакциясын басқарған. Ғалымның «Қазақ тілі: лексика, фонетика, морфология, синтаксис» оқулығы білім беру саласьшда үлкен сұраныска ие болды. 1954 жылы Шығысты зерттеушілердің бүкіл дүниежүзілік XXIII конгресіне Кеңес делегациясының құрамында қатысып баяндама жасаған. Сондай-ақ Иран, Ирак, Англия, Үндістан елдерінде өткен халықаралық конференциялар мен кездесулерге қатысқан.
Нығмет Сауранбаевтың ғылыми жұмыстарын, ұйымдастырушылық қабілетін және қоғамдық еңбектерін жоғары бағаланып, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталған.
Алматы қаласындағы Жібек жолы көшесіндегі қоғам қайраткері, академик Нығмет Сауранбаев тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған. Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Шарбақты ауылындағы 8 жылдық мектепке, Қордай ауылында көшеге ғалымның есімі берілген.
Дерек көзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 7 том.