Ғылым саласының алдында ауқымды міндет тұр

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі халыққа Жолдауында еліміздегі ғылым саласына баса назар аударып, «Ғылым туралы» Заңға жылдың соңына дейін өзгерістер енгізу қажеттігін тапсырды.

Бұған қоса ғылым саласында жүрген ғалымдарымыздың еңбегін бағалау бойынша бірқатар тапсырмалар берілді:
1) Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға өз еңбегіне лайықты тұраты жалақы төлеу мәселесін шешу.
Мемлекет басшысы бұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн деп отыр.
2) Іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізу.
Қасым-Жомарт Кемелұлы құзырлы министрлікке осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің және қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі керектігін айтты.
3) Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту.
«Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзіміне қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн», – деді Президент.
4) Аппеляция институтын енгізу.
Қ.Тоқаев Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдерінің әділдігі туралы мәселелер күн тәртібінен түспей тұрғанын алға тартып, аппеляция институтын енгізу қажеттігін айтып өтті. Жалпы еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндеттің тұрғанын және бұл уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан алда жүрумен бірге тың жаңалықтар ұсына білу екенін жеткізді.

ҰМҒТСО АҚ-ның қоғаммен байланыс бөлімі