Ғылыми жаңалықтар

Жүргенов академиясы түлектеріне диплом табыс етті

27.06.2018

4813

Жыл сайынғы дәстүр бойынша Академия түлектеріне диплом табыстау шарасына білім ордасының оқытушылары мен бітіруші түлектердің ата-аналары мен туыстары да қатысты. Қалай десек те, бұл күн биылғы университет бітіріп, үлкен өмірге қанат қаққан түлектердің есінде ұзақ сақталмақ.
Салтанатты рәсімде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ректорының міндетін атқарушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Шәріпбек Әмірбеков құттықтау сөз сөйлеп, бакалавриат пен магисратураны бітіруші түлектергі өз қолымен дипломдарын табыс етті. Жекелеген түлектерге оқу орнының оқу, біліммен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқаны үшін арнайы алғыс хаттар берілді.
Шәріпбек Әмірбеков, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ректорының міндетін атқарушы, профессор:
– Құрметті түлектер! Сіздерді PhD доктор, магистрлік және бакалаврдәрежесінің дипломын алуларыңызбен құттықтаймын!Бүгін барлықтарыңыз да жоғары білім алған киелі қара шаңырақ, алтын ұяларыңыздан қанат қаққалы тұрсыздар.Қазіргі уақытта Академия еліміздегі ең алғашқы өнер оқу орнының бірі – киелі шаңырақ ретінде түлектері әлемдік және ұлттық мәдениет пен өнердің алтын қорын құрайтын шығармашылықтың зиялы қауымын дайындайтын, өзін мойындатқан орталық. Сіздер болашақта ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ халқының өнерін дүние жүзіне паш етіп ұлықтайды деген сенімдемін. Еліміздің мәдени өмірі мен ұлттық өнеріміздің мәртебесін арттыру жолында атқарып жатқан еңбектеріңіз жана берсін!
Осы шара аясында академияның ең дарынды студенттері өз өнерлерін көпшілікке ұсынады. Қазақстан Халық әртісі Асанәлі Әшімовтың және тағы басқа танымал өнер иелерінің классын тәмамдаушы түлектер өнер ұясынан түлеп ұшуда. Сондай-ақ, «Музыкалық өнер» факультетінің танымал түлектері «Новая волна» халықаралық конкурсының лауреаты, «Музарт-life» тобының орындаушысы Сегізбай Нұрхат, «Новая волна» халықаралық конкурсының лауреаты және «Славянский базар» халықаралық конкурсының лауреаты Ернар Садырбаев, Халықаралық конкурстардың лауреаттары Гүлнар Көшенова, Толғанай Пазылақын және т.б. өнерлерін ортаға салады.
Шараны түйіндеген Шәріпбек Ағабайұлы, Академия қазақстандық өнер саласында мәртебесі жоғары, ұлттық өнердің қалыптасуы мен дамуы жолында бұқара халықтың рухани өміріне елеулі қызмет етіп жатқанын айта кетті.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар